24 мау, 2020 сағат 12:37

ҰБТ-ның үшінші күні 38 талапкердің қызуы көтерілді

23 маусымда республика бойынша 11 247 талапкер ҰБТ-ға қатысып, оның 251-і аудиториядан шығарылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ұлттық тестілеу орталығына сілтеме жасап.

23 маусым күні республика мектептерінде ҰБТ-ға 11 247 талапкер қатысқан. Оның 2,2 пайызы немесе 251-і ереже бұзып, аудиториядан шығарылды. 38 талапкердің немесе 0,3 пайызының дене қызуы көтерілген. Нәтижесінде 11 мыңнан астам баланың 7 643-і немесе 68 пайызы шекті балды жинай алды. Ал 12 талапкер (0,1%) – 130 баллдан жоғары көрсеткішке қол жеткізді. 

Айта кетейік, ҰБТ ережесін бұзып, биыл тест тапсыру мүмкіндігінен айырылған түлектер қаңтар айындағы тест сертификатын пайдалана алады. 

«Достар, егер сіз ҰБТ-ны 2020 жылдың қаңтарында тапсырып, шекті балл жинаған болсаңыз, сол сертификатпен ЖОО-ға ақылы негізде түсе аласыз. Өйткені заңның кері күші болмайды, тіпті маусым айындағы тестілеуге кірмесеңіз немесе маусымдағы ҰБТ нәтижеңіз жойылған болса да, қаңтар айының ҰБТ сертификаты жарамды болып қала береді», - дейді тестілеу орталығы Facebook парашасы арқылы.