07 шіл, 2021 сағат 14:13

ҰБТ-ның соңғы нәтижесі тамызда жарияланады


Ұлттық бірыңғай тестілеудің бейнежазбалары 25 тамызға дейін талдаудан өтеді. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеудің соңғы нәтижесі тамыз айында белгілі болады. Қолданыстағы қағидаларға сәйкес, барлық бейнежазбалар осы жылғы 25 тамызға дейін талдаудан өтеді. Түсуші тыйым салынған заттарды пайдаланғаны анықталған жағдайда тестілеу нәтижелері жойылатын болады және білім беру грантын тағайындау шешімінің де күші жойылады», - деді ол министрліктің аппарат жиналысында.

Вице-министрдің айтуынша, мұндай тәжірибе өткен жылдан бері бар. Былтыр 152 тест тапсырушының нәтижесі жойылған болатын.

«Тіпті, 100 білім беру гранты иегері де жоғары оқу орындарынан дәріс алу мүмкіндігінен айырылған еді. Сонымен қатар 20 және одан жоғары балл айырмашылығы бар тестілеушілердің бейнежазбалары мұқият талданады. Бұл бейнежазбалардың барлығы бізде сақтаулы», - деді Қуаныш Ерғалиев.

Тестілеу барысында бірқатар академиялық адалдықты бұзу фактілері орын алған. Атап өтер болсақ, талапкерлердің жасырын камералармен келуі, шағын құлаққаптарды қолдануы, 45 өлшемді крассовка киіп, ұлтарақтың орнына смартфон салу, медициналық маскалардың ішкі жағына қажетті жазбалар жазу және тағы басқа да әділетсіздіктерге бару орын алды», - деп атап өтті Қуаныш Ерғалиев.