01 шіл, 2020 сағат 15:51

ҰБТ: Батыс Қазақстанда 5 мыңға жуық талапкер сынақтан өтті

Батыс Қазақстан облысында ҰБТ сынағы мәреге жетті, деп хабарлайды БҚО білім басқармасының баспасөз қызметі.

Аталған өңірде 22 маусым – 1 шілде аралығында 9 тестілеу пунктінде ҰБТ тапсыру ұйымдастырылды.

Атап айтқанда, Ақжайық, Бөрлі, Жаңақала, Жәнібек, Қазталов, Қаратөбе, Сырым аудандары орталықтары мен Оралда М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде және Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде талапкерлер тестілеуден өтті.

Барлық тестілеу пункттерінде санитарлық-эпидемиологиялық талаптар орындалды: тосқауыл үшін қажетті жылжымалы ленталар, дезинфекциялау тоннелі, санитайзерлер, аяқкиімге арналған дезинфекциялау кілемшелері, тепловизор, маска, қолғаппен қамтамасыз етілді. Жергілікті полиция бөлімдерімен бірге қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында кезекшілік ұйымдастырылды. Тестілеу орындарында медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем де болды.