Елімізде өтіп жатқан Ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы легінде 3400-ден астам түлек ең төменгі балды еңсере алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін елордадағы Орталық коммуникациялар қызметінде ҰБТ-ның бірінші күніндегі нәтижелер қорытындыланды.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру департаментінің директоры Әділет Тойбаевтың айтуынша, ҰБТ-ның алғашқы күнінде республика бойынша 12 772 түлек бақтарын сынаған.
«Жалпы бірінші лекте тест тапсыруға 13068 түлек өтініш берді. Соның 97 пайызы сынаққа қатысты. Оның ішінде 11 361 түлек - қазақ тілінде, 1411 түлек - орыс тілінде. ҰБТ еліміздің 6 өңірінде өтті. Атап айтқанда, Нұр-Сұлтан қаласы және Алматы, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау және Түркістан облыстарында барлығы 39 тест тапсыру бекеті жұмыс істеді», - деді министрлік өкілі.
Әділет Тойбаевтың сөзінше, биылғы тестілеудің қорытындысы бойынша мектептер мен өңірлердің орташа көрсеткіші есептелмейді және рейтингі құрылмайды.
«Министрдің Үкімет отырысында ҰБТ нәтижелерін рейтингтерге қоспау ұсынылғанын білесіздер. Жергілікті әкімдіктер арасында негізсіз бәсеке болмау үшін осындай қадамға барып отырмыз. Өйткені, ҰБТ нәтижесі қандай да бір рейтинг түзу үшін өткізілмейді. ҰБТ-ның шектік деңгейінен сүрінбей өткен түлектер саны - 9338. Бұл - 76,5 пайыз деген сөз. Ал шектік балды жинай алмаған түлектер саны - 3434», - деді департамент басшысы.
БҒМ өкілінің айтуынша, ҰБТ енгізілген 16 жылдың ішінде 1,7 млн түлек сынақ тапсырған.
«Жалпы ҰБТ-ның бірінші легі шататтық жағдайда, қалыпты өтті деуге болады. Әзірге ең жоғары көрсеткіш - 137 балл. Ерекше білім беру қажеттігі бар 5 оқушы да бағын сынады. Оларға барлық тиісті жағдай жасалды. ҰБТ-ның тәртіпке сай өтуін 500-ге жуық байқаушы қадағалады. Сол сияқты барлық тест тапсыратын 339 аудиторияда бейнебақылау орнатылған. Кеше тестілеу өткен пункттердің барлығынан министрліктің ресми сайты мен YouTube каналында тікелей көрсетілім жүрді. Тестілеу өткен орындардың барлығында ұялы байланыс бұғатталды», - дейді Әділет Тойбаев.
Министрлік таратқан қосымша ақпаратқа сүйенсек, түлектер арасында әзірше техникалық мамандықтарды қамтитын оқу бағдарламаларына сұраныс жоғары.
«Математика-физика бағдарламалық комбинациясын 3963 бала, химия-биология комбинациясын 2683 оқушы таңдаған. Бірінші лектің түлектері арасында химия-физика комбинациясына ең аз сұраныс тіркелді», - делінген ресми мәліметте.