17 мам, 2017 сағат 14:35

Тұрсын Жұртбай. Салмақты туынды

 

Кез-келген ғылым атаулының, оның ішінде қоғамтану саласындағы танымдық ілімдердің ұлттық идея мен мүдде, таным аясы тұрғысынан тұжырымдалып, тұғырлы ілімге айналуы өте күрделі үрдіс. Өйткені іргелі ілім - сол қоғамның барлық болмысын қамтиды және сол ұлттың рухани тарихаты дүние жүзілік мәдениет мағрифаитында мойындалуы тиіс. Бұл - нақты заттай және көркем ойлау қабілеті арқылы шешім қабылдауға жетелейтін тәуелсіз сана, тәуелсіз ойлау жүйесі, тәуелсіз таным, тәуелсіз идея, тәуелсіз тарихат, тәуелсіз руханият, тәуелсіз пікір, тәуелсіз қорытынды, тәуелсіз тұжырым сияқты алғышарттарды талап ететін, жалпыұлттық өркениетті анықтайтын парасат деңгейі.

Көшпелілер әлемімен, түркі дүниесімен тікелей тамыр тартып жатқан қазақ елі үшін сондай түбірлі ілімннің бірі - түркология. Біздің тәуелсіздігіміздің тұғыры мен тарихының өзі осы түркі руханиятымен қатпарласып, астасып, араласып жатыр. Қазақ елінің тектік, танымдық, ұлттық тарихын суыртпақтағымыз келсе ең алдымен жүгінетін жөргегіміз, жатқызатын тігісіміз, сөгетін көбеміз осы. Онсыз әдебиеттану, тілтану, мәдениеттану, дінтану, тарихтану, қоғамтану, пәлсафа, аймақтану, жағырафиятану, саясаттану, заңтану сияқты іргелі ғылымдардың іргетасын қалай алмаймыз. Бүгінгі таңдағы аталған ғылымдардың жаттанды, яғни, сақ, скиф тайпалары ирантілдес, ғұн тайпасы - монғол-шүршіт тілдес деген пікірлері Қазақстан тарихында сондай бір сенімділікпен баса айтылмас еді. Мұның себеп-салдары неде, неге осынша өзімізді өзіміз тексіздендіруге жол бердік, таным тамырымызды неге таяздан іздедік?

Танымдық түйткілдің басты себебі, бізде қазақстандық түркологияның тұжырымдамасын былай қойғанда, бұл ілімнің тұғыры негізделе қаланбапты. Өздерін түркітанушы ретінде танытатындар бар және олардың саны көп, бірақ нағыз түркітанушы жоқтың қасы. Көне түркі жазба ескерткіштерін түпнұсқадан оқып, тілтану тұрғысынан зерттеп, тікелей аударма жасаған А. Құрысжанов, Ғ. Айдаров, А. Аманжолов сияқты тұлғаларымыздың еңбектерінен кейін түркітану ілімі тоқырап қалғандай еді. Өйткені, олар әлемде 18 мыңнан аса көне түркі жазба ескерткіштері мен таңбаларының 5-6 мәтінін ғана, оның өзінде Томсен, Радлов, Малов, Рамстед, Самойлович, Айдаров аударған нұсқаларды ғана малданып, соны жаңғыртумен ғана шектеліп келген екен. Яғни, белгілі мәтіннің оқылуы мен тоқылуына шолу жасап, тиірменнен өткен кебекті (иә, кебекті! Өйткені дәні ғылыми айналымға түсіп кеткен) қайтадан араластырып, өзінше електен өткізгенсіп, баяндап беруді машық етіп алыпты.

Бұл - біздегі түркология ілімінің тарихы басқа ұлт өкілдерінің көзімен жазылған, солардың пікірін пайдаланып қана тәуелді тұжырым жасап келеміз деген сөз. Өзге-өзге, түркітанудың тәуелсіз де іргелі, тұғырлы тұжырымдамасы қазақ қоғамтану ғылымы үшін аса мүдделі ілім саласы болып табылуы тиіс еді. Басқаны былай қойғанда, осы уақытқа дейін неміс, француз, орыс, қытай, монғол, турік, кырғыз (!) ғалымдары түпнұсқадан аударған 300-ге тарта мәтіннің өзі қазақ жұртшылығы үшін беймәлім қалпында болған. Сол аудармаларды көшіріп басып, ғылыми түсініктеме жасап, тым құрығанда «кебегін қалқып» беру де ойымызға оралмапты. Бұған «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының ғылыми жобасы бойынша Қаржаубай Сартқожаұлы қанаттаса жүргізген «Қазақ жазуы тарихы» туралы зерттеу мен «Жазу тарихы мұражайы» оқу-әдістемелік мұрағатын жасақтау барысында көзім анық жетті. Әлмисақтан осы заманға дейін түркі, оның ішінде қазақ елі де пайдаланған 16 түрлі әліпбиде (алфавитте) жазылған, Тұрфаннан, Дунхуаңнан, Ши-аньнан, Енесей аңғарынан, Пенжикенттен табылған мұралар - әфсаналар, драмалық дастандар, жоқтаулар, тәңірлік тәпсірлер, азасөздер мен аманат сөздер Қытайда 30 том етіп жариялану үстінде. Түркі әлемінің тұғыры саналатын қазақ мемлекеті мұндай мұрадан қалай тыс қалады? Әлгі түркітаушыларымыз қайда? Қытайдағы ғылыми сапармен жүрген жеті айдың ішінде және ондағы түркітанушы тарихшы, тілші, әдебиетші ғалымдармен тереңдеп ашық әңгімелескен кезде ойға түйгенім жоғарыдағы 30 том еңбек тек қана ұйғыртану мен монғолтану тұрғысынан түсіндіріледі екен. Түркітану деген сөз астарлап та айтылмайды. Қытайдың маңдайалды түркітанушысы, түркология саласы бойынша Бас сыйлықтың иесі, қазақ тілін мақалдап, тектеп, түбірлеп сөйлейтін Гың-шы мин ғұламаның, текті дегдардың маған күйіне әрі аманат ете отырып:

«Менің бір қазақ ғалымдарына таң қалатын бір жайым бар. Қазіргі түрік, әзірбайжан, өзбек, түрікмен, ұйғыр, монғол, татар сияқты халықтардың түркі мұралары боп табылатын жазба ескерткіштерінде тікелей қазақ халқының мұрагерлік құқы бар. Қай жағынан алып қарасаң да тарихи дерек те, мәтін де, тілі де соған негіз калайды. Туыстас тұқымдарың оларды меншіктеп алды. Менің осындай пікіріме ұйғыр шәкірттерім қарсы шығып, мақала жазып та жатады. Егерде мына тәуелсіздік тұсында негіздеп, құқықтық тектеріңді дәлелдей алмасаңдар, онда ол мұралардан мүлдем айырылғадарың. Еуропа ғалымдарының пікір-тұжырымдары қалыптасып қалады. Оны өзгерту меншіктеуден де қиынға соғады. Көшпелі қазақ дегеннен құтыла алмайсыңдар. Қазақтардың жариялаған түркология туралы зерттеулерінен тұрақты мағлұмат алып тұрамын. Ондай еңбекті көре алмадым. Жалқаусыңдар ма, паңсыңдар ма, жоқ шынымен сауттарың жетіспей ме?- деген сөзінің мәнін енді түсінгендеймін.

Көрнекті түрколог, кырық жылдан бері түркі тарихын археологиямен, тарихпен, тілмен, әдеби жазба үлгілермен, көркемөнермен, жазу тарихымен байланыстыра зерттеп келе жатқан Қаржаубай Сартқожаұлының «Байырғы түрік жазуының генезисі» атты «Арыс» баспасынан шыққан көлемді монографиясын оқып шыққан соң осы сұрақтар ойыма оралды және түйткілді түйіндердің себебіне көзім жеткендей болды.

Шындығында да бізде түркологияда өзіндік жаңалық ашқан жоқтың қасы екен-ау. Қаржаубайдың кітабынан Алтайдың Ресей қапталынан 260, монғол Алтайынан 20, Орталық Монғолиядан 40-тан астам жазу табылғаны, олардың оқылғаны туралы мағлұмат алғанда, Алтайдың Қытайдағы аңғары мен Қазақстандағы төскейі тұсынан бір жазудың табылмағаны таңғалдырды. Енді табыла қоюы қиын. Өйткені, күнгейі мен төскейін су қоймасы басып қалған. Ол үлкен арман болсын, ал жаңағы жазудың мәтіні неге бізге осы күнге дейін бейтаныс? Осындайда Гың шы-мин дегдардың сөзі есіме түсіп оларға: «Біріңе түсіңде аян беріп, біріңе әулие жол көрсетіп, біріңе «ассисентің» көмектесіп «көсем болған ғұламалар» сендер қайдасыңдар. Жорта жорысаңдар да жолда қалмасаңдаршы?»- дегім келеді.

Міне, Қаржаубайдың зерттеу монографиясын оқи отырып өзіммен-өзім таласып, өзіме-өзім сұрақ қойып, жауабын таба алмаған алғашқы үстірт әсерім осындай ойға жетеледі. Тауыса оқып, қайталай парақтап, тереңіне таман байырқалағанда байқағаным, жоғарыдағы түйткілді жайлардың біреуіне, түркі жазуының шығу тегіне, оның тарихи жолына, қалыптасу кезеңдеріне, пайда болған тарихи шарттарына, түркінің ойлау жүйесінің тұрақтануына, әр қаріптің дыбысталуы мен тұлғалануына, тұрлаулануына, бәдізделуіне қатысты пікірлер «Байырғы түрік жазуының генезисі» атты монографиясында барынша жан-жақты қамтылып, тұжырым дәрежесінде зерттеліпті.

Ұлттық сананың тәуелсіз ойлау жүйесін анықтайтын рухани кепілдіктің бірі - сол жұрттың жазуы болып табылды. Бұл реттен алғанда түркі елінің тасқа басылған жазба ескерткіштері кез-келген өркениеттің мысын басатын, мойындататын заттай айғақ. Алайда осы уақытқа дейін түркология ғылымында үш пікір орын алған. Біріншісі: көшпелілер әлемі соңына мәдени мұра қалдыруға қабілетсіз қоғам, сондықтан да олардың жазуды ойлап табуы мүмкін емес. Бұл – Кіші Азиядан барған ирантілдестердің ықпалымен жасалған - деген өктем пікір. Екіншісі: Соғды жазуын негіз етіп алынған-мыс - деген қисынсыз қисын. Үшіншісі: көшпелілер өзіндік ойлау жүйесіне қабілетті, тағы жылқыны қолға үйретіп, темір қортудың амалын тауып, үзеңгіні пайдалану арқылы адамзаттың даму тарихына ұлы өзгеріс әкелген. Еуразия кеңістігін игеру барысында өзіндік жазуды ойлап тапқан - деген пайымды пікір. Осы үш пікірдің өзінен-ақ бүгінгі түркология ілімінің әлі де тәуелсіз ғылыми бағыт ретінде қалыптаспай отырғанын танытады. Бұл - түркі тектес ұлттардың дені тәуелсіздік алып отырған бүгінгі таңда, Гың шы-мин ғұлама айтқандай, ұлттық санамызға сын.

Шынымен де түркі жұрты өз жазуын ойлап табуға дәрменсіз бе еді? Қуаты күшті бір қағанның бұйрығымен мәжбүрлі түрде жүзеге асты ма? Скиф (сақ), ғұн тайпаларының дербес қарпі болғаны туралы жыл қайруымыздан бұрынғы VІІІ ғасырдан бастап миладидің V ғасыры аралағындағы тарихи деректердің барлығына неге еуропалықтарға күдік-күмән тудырады? Сөздің дыбысталуы, таңбалануы, сөйлемге ұласуы, мемлекеттік мәміле жүргізу сатысына көтерілуі, оған мүдделі еткен тарихи алғы шарттары, алғашқы жазу үлгілері, тарихи жазба ескерткіштер мен жазба мұралары, олардың даму жолы, түп төркіні, оның дәуірлік кезеңдері Қ. Сартқожаұлының «Байырғы түркі жазуының шығу генезисі» атты монографиясында жинақтала қарастырылыпты. Түркі жазуына қатысты айтылған әлем түркологтарының пікірі салыстырыла отырып, нақты ғылыми мәселе қояды. Мәселені ғылыми тұрғыдан қоя білу бір басқа да, оны заттай айғақтар арқылы ойын дәйектеп, пікірін дамытып, корытынды жасап, тұжырым жасау – ғылымның түпкі мақсаты. Қ. Сартқожаұлы өзінің зерттеулерінде ой-пікірін тұжырымдық деңгейге көтере білген және әр тұжырымы дәлелді де тиянақты.

Мұның басты себебі Қаржаубай Сартқожаұлының өзі зерттеген тақырыпты кемеліне келтіре игеруінде жатыр. Ол түркі тарихын, түркі тілін, түркі жазба ескерткіштерін - археология, археографика, эпиграфика, тарих, тілтану ілімдерімен үйлестіре отырып салыстырулар жасаған. Ол өзінің қырық жылға жуық Монғолия мен қазақ даласында, Енесей мен Байкал аңғарында, Шиань мен Алтайда жүргізген далалық қазба жұмыстарының нәтижесіне сүйеніп жинақталған деректер мен мәтіндерді пайдаланып, түркі жазуының шығу тегін тектеп берген. Әсіресе, соның өзі тауып, мәтіндерін ажыратып, ғылыми айналымға түсірген 40-тан астам түркі жазуын оқу барысындағы зерттеу тәжірбиесі көмекке келген. Сондай-ақ тарих пен тіл, археология мамандықтарын тел игеруінің игі ықпалы осы еңбектен анық байқалады. Түркі тілінің шығу тегін тектейтін ілім салаларының тоғысуы нәтижесінде жүргізілген зерттеу қазақ түркологиясы тарихындағы жаңа бетбұрысты еңбек болып табылатыны еш күмән тудырмайды. Монографияда байырғы түрік тіліне фонологиялық сараптама жасағанда ертеорта ғасырда өмір сүрген түріктердің дүниетаным-философиясын алға тарта зерттеу әдістемесі ретінде ала білген. Еңбекте түркілік түйсік, түркілік ойлау, қабылдау, сезіну, қорыту ерекшелігі қандай болатынын алғаш рет сезіндім. Сол дәуірдегі түркілік дүниетаным (екі негіз) шеңберінде олар жазу емлесін жасап шыққан. Бүгінгі түркі тілдес 38 түркі халықтары барлығы бірдей еуропа дүниетанымымен әліпби емле-ережесін құрап, тіл білімінің грамматикасын жасап қолданып отыр. Ал көне түркілер түркілік түйсік-дүниетанымына сала отырып, тілтану грамматикасын жасағанына тәнті болдым. Мысалы, жекелеген сөздерді айтылымына қарай жуан, жіңішке деп бөліп сөз құрайтын дыбыстарды да солайша жіктей отырып, байырғы түрік тілінің дыбыс үйлесім (сингорманизм) заңдылығын қолдана білген. Бұл құпияны ежелгі түркі зиялылары жақсы сезінген, түсінген. Сондықтан негізгі арқау 10 даусыз дыбыстың әрқайсысын жіңішке, жуан айтылымына сай екі түрлі таңбамен белгілеген. Ол дауыссыз дыбыстар жуан, жіңішке айтылымымен берілетін дауысты дыбыстар арқылы жанданып (жан бітіп) сөз құрайды. Осылайша дыбыс үйлесім (сингорманизм) заңдылығы бүкіл түркі тілінің негізгі ерекшелігі екенін көрсетіп берген. Бұған дейін бұл заңдылық туралы байырғы түркі бітіг (руна) ерекшелігі туралы бұлайша ғылыми сараптама жүргізгенін өз басым білмейді екенмін. Олай болса, бұл тіл ғылымындағы үлкен жаңалық. Әдістемесінің (методикасының) өзі де жаңалық. Философтар ойлана қарап, шұқшия сараптайтын дүние болған.монографияда Орхон жазу мәтін тілі түркі тіл саласының ішіндегі қыпшақ тіл тобына жататынын ғылыми түрде дәлелдеп берген. Онымен қатар Орхон түріктерінің билеуші тайпасы қыпшақтар екенін тарихи мәліметтер арқылы этникалық тегіне дейін айқын көрсеткен. Олай болса, Орхондық Көк Түркілер бүгінгі қазақтың тікелей бабалары болмақ. Бұл тұжырымды Гың шы-мин оқыса разы болып қалар еді. Неге біз осындай жаңалықты көре білмейміз? Неге біз осындай ғалымдарымызды құрметтей алмаймыз? Әрине, тіл мен тарих маманы болмағандықтан да бұдан ары тереңдеп талдауға мүмкіндігіміз шектеулі болды. Алайда монографияның ғылыми маңызы жоғары екендігі жоғарыда осы шолудан да анық аңғарылады ғой деп ойлаймын.

Жоқты жона алмайсың. Алайда барды бар деп дер кезінде айта алмайтын, мүмкін айтқымыз келмейтін бір керенау мінезіміз бар. Түркология ілімі тоқырап қалды десек те Қ. Сарткожаұлының «Байырғы түрік жазуының генезисі» сияқты пайымды зерттеулер оған жан бітіріп отыр. Міне, осындай орайды пайдаланып пікір козғап, ойды ортаға салып, өткенді екшеп, барымызды бағаласақ, бағамдасақ нұр үстіне нұр болар еді. Қ. Сартқожаұлының бұл еңбегі тіл білімі атты алып керуенге салмақты жүк салған туынды деп есептеймін.

Т. Жұртбай

филология ғылымдарының докторы, профессор