Фото: Sm1.k
Эстонияның Қазақстандағы елшісі Яап Ора Эстония президенті Алар Каристің Қазақстанға жасаған сапарынан кейін отставкаға кетті, деп хабарлайды Ult.kz Dalanews.kz сайтына сілтеме жасап.
Каристің Қазақстанға сапары 17–18 қараша күндері өтті. Президентпен бірге жұбайы Сирье Карис пен делегациясы келген. Сапар барысында ол бизнес-форумға қатысып, нәтижесінде тараптар 11 коммерциялық құжатқа қол қойды.
Алайда бірнеше аптадан кейін Эстония медиасында дау туындады: Карис Қазақстанда сөйлеген сөздерінде бірде-бір русофобиялық пікір айтпағаны және Украинадағы қақтығысты бір рет те еске алмағаны белгілі болды.
Журналистердің айтуынша, «сапар барысында Эстонияның Қазақстандағы елшісі Яап Ора президентке және оның сыртқы саясат жөніндегі кеңесшісі Маргус Кольгаға Украинаға қатысты тұжырымдарды жұмсағырақ жеткізуді ұсынған».
Карис елшінің кеңесін ескеріп, өз сөзін қайта қарап шыққан, украин қақтығысына қатысты жолдарды алып тастап, қазіргі геосаяси жағдайды барынша бейтарап сипаттаған.
Медиада қызу талқылау басталғаннан кейін Эстонияның елшісі отставкаға кету туралы шешім қабылдады.
Эстония СІМ хабарлауынша, «шиеленісті бәсеңдету үшін Эстонияның Қазақстандағы елшісі Яап Ора келесі жылдан бастап қызметтен өз еркімен кетуді ұйғарған».
