Ла 155/4 түзеу мекемесінде 22 жастағы сотталушы босанды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Жазасын өтеп жатқан сотталушы 28 сәуір күні сағат 22:50 де қыз баланы дүниеге әкелді. Қазір бала да ана да Іле аудандық ауруханасында.
Дәрігерлердің айтуынша, олардың денсаулығы жақсы. Қазір кішкентай нәрестесін бауырына алған 1998 жылғы жас ана барлық қызмет көрсеткен дәгірлерге, ЛА 155/4 Түзеу мекемесінің қызметкерлеріне алғысын білдіруде.
«Іле аудандық ауруханасының дәрігері Айжан Шыныбаеваға, Гүлзада Жаһановаға, Амангүл Әшімбетоваға үлкен алғысымды білдіремін. Менің және баламның өміріне алаңдаушылық білдіріп, барынша қолдау көрсетті. Аман-есен босандым, жағдайымыз жақсы. ЛА 155/4 Түзеу мекемесінің басшылығына алғысым шексіз. Менің жағдайымды түсініп, ауруханаға әкелді. Маған қолдау көрсеткен барша жандарға рахмет», - деді 22 жастағы жазасын өтеуші.
ЛА 155/4 Түзеу мекемесінің басшысы Мадияр Қонқановтың айтуынша, ана мен бала түзеу мекемесіне оралған соң жеке бөлмеге орналастырылады. Себебі жазасын өтеушілердің балаларын дүниеге келгеннен 3 жасқа дейін тәрбиелейтін балалар үйі карантинге жабылған.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ЛА 155/4 Түзеу мекемесінде аяғы ауыр сотталушыдан коронавирус анықталғаны хабарланған болатын. Артынша жазасын өтеуші қайталап тапсырған сынама қорытындысы індетке теріс нәтиже беріп, түзеу мекемесінде жарияланған карантин Іле ауданының бас санитарлық дәрігерінің қаулысымен алынып тасталды.