Түркия – әлемдегі туризмі озық дамыған алдыңғы қатарлы елдердің бірі. Қалаларының әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар. Бірі тарихи жерлерімен мақтанса, енді біреулері шетелдіктерді ұлттық тағамдарымен баурайды. Жұмыс барысымен Ыстанбұл, Едирне, Бурса, Биледжик шаһарларына ат басын тіредік. Айя София мешітін тамашалап, 15 ғасырдан астам уақыт бұрын салынған Базилика Цистернасын көрдік. Бұл Ыстамбұлдың тамаша тарихи нысандарының бірі. Айя Софияның оңтүстік-батысында орналасқан қаланың ең үлкен жабық цистернасы. Ол 10-12 метр тереңдікте орналасқан Түркиядағы көне және де жақсы сақталған су қоймаларының бірі. Цистернаның ұзындығы 140, ал ені 70 метр. Гректер 306-337 жылдар аралығындында Рим императоры бірінші Константин билік еткен уақытта Базилик цистернасын сала бастады. Аса ауқымды нысанның құрылысын аяқтау оңайға түскен жоқ. Тек 532 жылы Юстиниан үстемдік құрған уақытта жұмысы аяқталды. Тарихи мекен құрғақшылық жылдары халықты ауыз-сумен қамту үшін салынған. Шамамен 100 мың тонна су қорын сақтауға болатын.
1. Айя София мешіті
2. Базилика цистернасы
Шетелден келушілер көбіне Түркияның Едирне қаласында орналасқан Селимие мешітіне қызығушылық танып жатады. Себебі қасиетті мекен ЮНЕСКОНЫҢ Бүкіләлемдік мұралар қорына енгізілген. 1568-1574 жылдар аралығында салынған. Ислам әлеміндегі архитектуралық жетістіктердің қатарында.
Эдирндегі кезекті ескі мешіт Ескі Джами. Ол 1414 жылы ашылды. Бұл қаладағы ең көне ғимарат. Қасиетті мекен Селимие мешітінің жанында орналасқан. Құрылысты 1403 жылы Йылдырым Баязид ханның ұлы Әміре Сүлейман бастаған. Ол қайтыс болғаннан кейін мешіттің құрылысы 1414 жылы Челеби Мехмет кезінде аяқталды. Мешіттің бүйір есігіндегі жазбаға сәйкес, оның сәулетшісі Кониядан келген қажы Алаэддин, ал шәкірті Ибраһимнің ұлы Омар болған. Ішкі ауданы 2116 м2 құрайды. Оның үстінде тоғыз күмбез бар. Осыған байланысты күмбезді мешіттер тобына кіреді.
Ал, Үш-Шерефели мешіті-Эдирненің ең маңызды мешіттерінің бірі. 1437 жылы құрылыс басталып 1447 жылы аяқталды. Алла үйін тұрғызу шамамен он жылға созылды. Мешіттің төрт мұнарасының бірі спираль тәрізді. Осы себепті қасиетті жерді "Бурмали джами"деп те атайды. Мұнаралардың биіктігі-81 метр. Қабырғалары мен нысанның төбесінен көз жауын алатын түрлі арихтектураларды көруге болады.
Түркияның сауда-экономикалық саласында маңызды рөл атқаратын тағы бір қаласы Бурса. Бұл шаһар бір кездері ел астанасы болған. Ондағы архитектурасымен көздің жауын алатын Ұлы-джами мешітіне туристер жыл сайын ағылады. Нысан Баязит І -дің əмірімен 1396 жылы басталып, 1400 жылы аяқталған. Сол дəуірдегі Осман империясының үлкен мешіттерінің бірі болған.
Сапар барысында Осман империясының негізін алғаш қалаушы тұлғаның бірі Ертұғырыл ғазы Сүлеймен Шаһтың басына барып, тағзым еттік. Ертұғырыл ғазы немесе Ертұғырыл бей, Оғыз тайпасынан тараған Қайы руының XIII ғасырдың ортасында тайпаның көсемі болған. Осман империясының негізін алғаш қалаушы тұлға. Ол 1281 жылы қайтыс болған соң, ұлы Осман ғазы 1299 жылы Осман империясын құрды. Сұлтан Мехмед I-нің бұйрығымен салынған деп есептелетін оның қабірі Анадолының батысында Сөгүтте орналасқан. Оны 1737 жылы Сұлтан Мұстафа III-ші қайтадан қалпына келтірді. Кейіннен Сұлтан Абдулхамид II –ші тағы да жөндеді. Осыдан соң зираттың бір бөлігі ретінде екі субұрқақ салынды. Ертұғұрыл ғазидің қабірінің сыртында оның әйелі Халиме Хатун мен оның ұлы Савджи бей жерленген.
Эдирндегі Араста базары-Түркиядағы ең танымал сауда орындарының бірі. Ол 15 ғасырда салынған. Әлі күнге дейін өзінің тарихи келбетін жоғалтпаған. 1590 жылы Генрих III-нің бұйрығымен салынған базар Селимия Араста деп те аталады. «Араста» базары Селимие мешітіне тікелей табыс алып келетін орын. Қазіргі уақытта Араста жергілікті халықтыңда, туристердің де ең сүйікті орны. Мұнда кілемдер, ыдыс-аяқ және зергерлік бұйымдардан бастап дәстүрлі түрік өнімдерін көруге болады. Ішінде шамамен 130-ға жуық дүкен бар.
Түркия елінде тасын түртсең, тарихтан сыр шертетін тарихи жерлер мен ескерткіштер көп. Олардың барлығы да көне заманның куәгеріндей өткен күннен сыр шертіп тұр.