Қазіргі кезде Түркияның қандай да бір елді мекендеріне қауіп төндіріп тұрған орман өрті жоқ. Бұл туралы Түркияның Ауыл және орман шаруашылығы министрі Бекир Пакдемирли мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" «Анадолы» ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«Жалпы алғанда, Мұғладағы барлық орман өртімен байланысты жағдай жақсарып келеді», - деп мәлімдеді Пакдемирли оңтүстік-батыстағы Мұғла провинциясында өткен брифингте.
Оның айтуынша, Мұғлада 16 орман өрті болып, жалынмен күреске алты ұшақ, 39 тікұшақ, 630 суару машинасы, 128 экскаватор және салалық қызметтердің 3600 қызметкері жұмылдырылған.
Министр табиғи апат салдарынан өртеніп кеткен аумақтар қалпына келтірілетініне сендірді.
Б.Пакдемирли сондай-ақ өрттен зардап шегіп отырған Грекияға жалын ошақтарын сөндіруге көмектесуге дайын екенін мәлім етті. Министрдің айтуынша, түрік билігі көршілес елге өрт сөндіру ұшақтарын жіберу мәселесін қарастыруда.
«Біз мәселені бағалап отырмыз. Түркиядағы орман өртін сөндіріп, мүмкіндігіміз болса, Грекия еліне қол ұшын созамыз», - деп мәлімдеді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанға жеделхат жолдап, онда Қазақстан бауырлас түрік халқына гуманитарлық көмек көрсетуге дайын екенін атап өткен болатын.
Ал 7 тамыз күні ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Түркияға өрт сөндіретін екі арнайы тікұшақ пен 16 құтқарушыны жіберді.