04 там, 2021 сағат 11:45

Түркияда 163 орман өртінің басым көпшілігі ауыздықталды


Түрік өрт сөндірушілері соңғы аптала елдегі орман өртінің басым бөлігін бақылауға алды, деп хабарлайды Анадолы ақпарат агенттігі.

Бұл туралы сейсенбі күні өткен брифингте Түркияның ауыл және орман шаруашылығы министрі Бекир Пакдемирли мәлім етті. 

«28 шілде мен 3 тамыз аралығында елдің 38 провинциясында болған 163 өрттің 152-сі сөндірілді», - деді ведомство басшысы. 

Министр табиғи апатпен күрес жолында 16 ұшақ, 9 ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараты, 51 тікұшақ, бір ұшқышсыз басқарылатын тікұшақ, 805 автоцистерна, 155 экскаватор және 5200 арнайы қызметкер жұмылдырылғанын мәлім етті. 

Пакдемирли орман өртін сөндіруге тартылған амфибия-ұшақтардың саны 3-тен 6-ға дейін, ал тікұшақ саны – 45-тен 57-ге дейін өскенін қосып өтті. 

Оның айтуынша, өртті сөндіруге барлығы 72 ұшу аппараты тартылды.