15 мам, 2020 сағат 12:04

Түркістандық полицейлердің қайырымдылық акциясы Келес пен Сайрамда жалғасты

Түркістандық полицейлердің қайырымдылық акциясы Келес пен Сайрам аудандарында жалғасын тапты. Тәртіп сақшылары «Ауызашар» челленджіне үн қосып, көпбалалы және көмекке мұқтаж 11 отбасына ең қажетті деген азық-түлік себетін үлестірді, хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Аталған қайырымдылық шарасы «Nur Otan» партиясының «BIZBIRGEMIZ» республикалық акциясы аясында ұйымдастырылды. Шараны Келес аудандық полиция бөлімінің басшысы полиция полковнигі Болат Қаныбеков пен Ішкі істер бөлімі басшысының орынбасары Саттар Отыншиев, аудандық «Nur Otan» партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ахмет Жұмабаев пен «Сәт» медиахолдингінің тілшісі Мейірхан Берікбай бастап барды. Олар еріктілер ретінде аудан көлеміндегі қаза болған Ауған соғысы ардагерлерінің және аса мұқтаж отбасыларын қасиетті Рамазан айымен құттықтай келе, азық-түліктерді табыстады. Себеттердің ішінде ұн, май, күріш және күнделікті тұтыну тауарлары бар. Игі бастама Абай, Жүзімдік. Ошақты, Біртілек елді мекендерінде де жалғасын тапты. Өз кезегінде қайырымдылық шарасын ұйымдастырушыларға ауыл тұрғындары дән ризашылықтарын білдірді.

«Игі іске ұйытқы болған жандардың баршасына үлкен алғысымызды айтамыз. Ораза айында жасап жатқан қайырымды істері еселеп қайтсын», – дейді ауыл тұрғыны Әйгерім Мамбетова.

Ал, Сайрам ауданының полицейлері тұрмысы төмен отбасыларға қолғабыс етті. Қазіргі карантин кезеңінде тәртіп сақшылары қызмет бабында қайтыс болған ішкі істер органдары қызметкерлерінің отбасыларына және аудандағы тұрмысы төмен отбасыларға, жалпы саны 15 жанұяға қайырымдылық жасады. Қаржылай да көмек көрсетті. Түркістан облысында дәстүрге айналған бұл игі шаралар алдағы уақытта да жалғасады.