05 мам, 2020 сағат 14:50

Түркістандық депутаттар апат аймағына 30 тонна қажетті заттар жөнелтті

Түркістан облыстық мәслихатының және барлық аудандық, қалалық мәслихаттардың депутаттары су тасқыны болған аймаққа 30 тонналық гуманитарлық көмек жөнелтті. «Nur Otan» партиясының «Біз біргеміз» республикалық акциясы аясында мақтааралдық тұрғындарға 7 бірдей жүк көлігіне тиелген азық-түлік жолдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Аталған қайырымдылық шарасын ұйымдастыруға Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Қайрат Балабиевтің өзі ұйытқы болған. 

Аталған керуенді шығарып салу шарасына облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев арнайы қатысып, осындай қысылтаяң уақытта мақтааралдықтарға көмек қолын созған азаматтарға алғысын білдірді. Аймақ басшысы сондай-ақ бүгінгі таңда Мақтаарал ауданында тасқын судың бетін қайтару бойынша атқарылып жатқан жұмыстар барысын баяндады. 

«Апат айтып келмейді. Мақтаарал ауданында дәл қазіргі уақытта қауіптің беті қайта бастады. Аталған ауданда мыңға жуық маман жұмыс істеп жатыр. 3,5 мыңнан астам тұрғын эвакуация орындарына жайғастырылған. Оларға біз барлық тиісті көмектерді көрсетуіміз қажет. Осы ретте елдің соның ішінде депутаттардың осындай бастама көтеріп, халыққа болысуы көңіл қуантады. Ең бастысы – халыққа сабыр мен төзімділік қажет. Алдағы уақытта тасқын судан келген шығындар толық есептеліп, жаңа үйлер бой көтеріп, жолдар жөнделіп қалыпты өмір басталатынына сенімдіміз», – деді Өмірзақ Шөкеев. 

Айта кетейік, жалпы соммасы 21 млн теңге болатын керуенінде азық-түлік тауарларынан бөлек, киім-кешек, жеке бас гигиенасына арналған тауарлар бар. Яғни, керуенде 11,7 тонна ұн, 2,9 тонна күріш, 3,6 тонна қант, 2,8 тонна макарон, 1,5 тонна ет, 900 келі жуық сүт өнімдері, 2,8 тонна картоп, 1,7 тонна пияз, 1,3 тонна сәбіз және тағы басқа да азық-түлік өнімдері тиелген. Аталған керуен түсауа Мақтаарал ауданы Атакент кентінде орналасқан арнайы қоймаға келіп жетеді деп күтілуде.