Түркістанда Түркітілдес елдердің халықаралық жастар саммиті аяқталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бүгін түркітілдес елдер жастарының өкілдері Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Түркі елдері жастарының аллеясының» ашылуына қатысты.
21-23 маусым аралығында Түркістан қаласында Түркі елдерінің жастар көшбасшылары мен белсенділерінің «Түркістан-Түркі әлемінің бесігі» атты саммиті өткен болатын.
Саммит аясында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Түркістан университетінде саммитке қатысушы елдердің Жастар ұйымдары арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылып, түркі тарихы мен мәдениетінің өзекті тақырыптарына арналған семинарлар ұйымдастырылды.
Түркістандағы Халықаралық Жастар саммитінің соңғы күні қатысушылар мен қонақтар Арыстан баб кесенесіне, Отырар қалашығына, Ақмешіт үңгіріне және жалпы түркі және қазақ тарихының басқа да орындарына барды.
Еске сала кетейік, саммиттің офлайн және онлайн форматтарындағы іс-шараларына Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Түрікменстан, Венгрия, сондай-ақ Ресей Федерациясының Татарстан және Башқұртстан субъектілерінен 200-ге жуық жастар көшбасшылары мен белсенділері қатысты.
Саммиттің негізгі мақсаты: түркі елдерінің жастарын ортақ тарих, мәдениет, дәстүр мен құндылықтар, сондай-ақ түркі әлемінің болашақ дамуына ортақ көзқарас негізінде топтастыру; «Түркістан-Түркі әлемінің рухани астанасы» идеясын ілгерілету.