04 мам, 2020 сағат 17:10

Түркістан облысының әкімдігі: Жетісайдағы Қоғалы ауылын су басты деген ақпарат жалған

Түркістан облысы Жетісай ауданы Атамекен ауыл округіндегі Қоғалы ауылын тасқын су басты деген ақпарат шындыққа жанаспайды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Түркістан облысының өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Өңірлік коммуникациялар қызметі таратқан ақпараттарға қарағанда, аталған ауылдағы 186 үйде тұратын 1400 тұрғынның басым көпшілігі әйелдер. Олар бала-шағаларын алып, бүгінде өз еріктерімен Жетісай қаласындағы туған-туыстарының үйлеріне орналасқан. 

Десек те, аудан әкімдігі қауіпсіз аймаққа көшемін деушілерге арнап үш мектепті әзірлеп, ауылға 50 орындық автобус та қойып қойған. Бірақ ауылдың ер кісілері көшуден өз еріктерімен бас тартып, елді мекен іргесіндегі дамба көтеру жұмыстарына атсалсысуды жөн көріпті. 

«Жетісай ауданының Өзбекстан Республикасымен шекаралас орналасқан Қоғалы ауылындағы жағдайдың бұған дейін бақылауда болғанын ескертеміз. Аталған елді мекенде аудан әкімдігі мен төтенше жағдайлар қызметінің мамандары су тасқынының алдын алу шараларын жүргізіп, дамбы тұрғызу, құм толы қапшық қалау жұмыстарын атқаруда»,-делінген хабарламада.