04 мам, 2020 сағат 11:15

Түркістан облысындағы су тасқыны: Бөгеттер салынуда

Мақтаарал ауданында су басу қаупі бар елді мекендер айналасына бөгеттер салынуда. Бүгінде Нұрлы жол ауылының аумағында ұзындығы 2,5, биіктігі 1,5 болатын бөгет соғылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Облыс әкімдігінің мәліметінше, Фирдоуси елді мекенінен Мырзакентке қарай 3 коллектор орналастырылды. Өргебас елді мекенінің аумағында ұзындығы 20 м , биіктігі 1 метр болатын бөгет жасалса, Ырысты елдімекенінде биіктігі 0,5 м , ұзындығы 40 метрлік бөгет соғылды. Сондай-ақ, Жантақсай елдімекенінің маңынан ұзындығы 800 метр болатын бөгет тұрғызылды. 

Ал, көрші Жетісай ауданында Қоғалы ауылының автомобиль жолының бойында ұзындығы 500 метрден асатын бөгет салу арқылы нығайту жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстарға 6000 дана қап пайдаланылған. 

Аталған жұмысқа 649 адам, 15 дана техника жұмылдырылған. Оның ішінде жергілікті әкімдіктен 13 техника, 15 адам, ТЖД 30 адам, Полиция департаментінен 4 адам, 2 техника және 600-ден астам еріктілер бар. 

Естеріңізге сала кетейік, 1 мамырда Сардоба су қоймасы бөгетін су шайып кетуіне байланысты Өзбекстанның Сырдария облысындағы елдімекенді су басты.

Соның салдарынан Мақтаарал ауданында шекара маңындағы бірнеше коллектор суға толып қалған. Мақтааралдағы орталық коллектордан су сыртқа жайылып, Жеңіс, Жаңа тұрмыс ауылдарын су алып кетті.

Сондай-ақ, Түркістан облысындағы елді мекендерді су басу салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды.