30 шіл, 2020 сағат 11:51

Түркістан облысында коронавирустан жазылғандар дәрігерлерге алғыс айтты

Түркістан облысы, Кентау қалалық орталық ауруханасында қауіпті індеттен айыққан науқастар саны артуда. Пандемия басталғалы ауруханаға коронавирус инфекциясын жұқтырған 495 адам жатқызылса, олардың 80 пайызы дертінен айыққан, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының мәліметінше, Кентаудағы инфекциялық орталықта бүгінде 68 науқас ем қабылдауда. Қалада COVID-19 індетімен қатар пневмонияға шалдыққан науқастар да емделіп шығыа жатыр

Осындай диагнозбен 14 шілде күні орталыққа түскен Роза Алиева бүгінде өзін жақсы сезінетінін айтады. Екі жақты өкпенің қабынуы мен пневмония диагнозы қойылған науқас дәрігерлерге ыстық ықыласын білдіруде. 53 жастағы әйел қазіргі уақытта дәрігерлердің қатаң бақылауына алынған. Дертінен толық айыққан сәтте үйіне шығарылатын болады.

«Мен шын ниетіммен аурухананың барлық медицина қызметкерлеріне алғыс айтқым келеді. Өйткені ауруханаға мен өте ауыр халде түстім. Тыныс ала алмастан, бақилық болып кетемін ба деген де ойлар болды. Бірақ мұндағы дәрігерлер мен медбикелер дер кезінде ем көрсетуінің арқасында бетім бері қарап, жазылып шықтым. Қазір өздігімнен тұрып, тыныс алып жатырмын. Ризамын бұл жандарға», - дейді Роза Алиева. 

Ал, Отырар аудандық орталық ауруханасында провизорлы 60 орын бар. Қазіргі уақытта оның 36-сы бос. Келген науқастардың барлығы дәрігерлердің жіті қадағалауында болады. Тиісті емдік шаралар қолданып, барлық дәрілік заттармен толық қамтамасыз етілуде. Науқастардың бірі Қоғалы ауылының тұрғыны Аманқыз Ерданова шілде айының 4 күні ауыр хәлде жедел-жәрдеммен осында жеткізілген. Оған дәрігерлер екі өкпенің төменгі бөліктік пневмониясы диагнозын қойған. Тыныс алу шамасыздығы екінші дәрежелі науқастың қосымша созылмалы вирусты гепатиті де болған. Зейнеткерге қажетті емдеу процессі жасалды. Нәтижесінде 73 жастағы науқас толығымен дертінен сауығып, үйіне шығарылды. Қазіргі таңда әжей үйінде болғанымен, дәрігерлердің бақылауынан тыс қалған емес. Осындай адал еңбектері үшін зейнет жасындағы қария ақ халатты абзал жандарға шынайы алғысын білдірді.

«Инфекциялық ауруханаға түскен кезде жағдайым тым нашар болатын. Ондағы дәрігерлер мені жақсы қабылдап алып, 14 күн ем қабылдап шықтым. Бірақ күннен кейін денсаулығым да, тыныс алуым да жақсара бастады. Осы ақ халатты абзал жандардың арқасында аман қалдым деп айтқым келеді. Дәрі-дәрмек те, ем де берді. Соның арқасында жағжайым жақсы», - дейді зейнеткер.