Түркістан облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған 11 күндік сәбидің жүрегіне ота жасалды. Сайрам ауданындағы ауруханаға ауыр халде жеткізілген шақалақтың дене қызуы көтеріліп, ентігу белгілері болған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, медициналық жедел-жәрдем қызметімен жеткізілген нәресте бірден жансақтау бөліміне жатқызылған. Жүргізілген диагностикалық зерттеулердің нәтижелері нәрестеден туа біткен жүрек ақауы белгілері бар екенін көрсеткен.
Жүрек қалқасының тарылуынан баланың өміріне қауіп төнген. Оған қоса жаңа туған сәбидің пневмония мен коронавирус инфекциясына шалдыққаны анықталған.
Облыстық балалар ауруханасының кардиохирургы Алмат Байсалов жетекшілік еткен білікті дәрігерлер құрамы аса маңызды шешім қабылдап, сәбиге шұғыл түрде ота жасаған.
Екі сағатқа созылған операция сәтті өтіп, кішкентай науқас аман қалған. Отадан кейін бірден қан жүріп, қан қысымы да реттелген.
Дәрігерлердің айтуынша, коронавирус инфекциясының таралуына жол бермес үшін операция жансақтау бөлімінде жүргізілген. Сәби қазір де сол жерде ем қабылдауда. Оған жеке дәрігер мен жеке медбике бекітілген.
Ал, бала өмірін арашалап қалған дәрігерлердің қатарында кардиохируг-дәрігерлер Алмат Байсалов пен Алмаз Әшіров және анестезиолог Ақжол Әбдірайымов, реаниматолог-дәрігерлер Ғабитжан Исмаилов пен Ерлан Рахымов бар.
Сәбидің ата-анасы ақ халатты абзал жандарға алғысын айтты.