23 мау, 2020 сағат 11:55

Түркістан облысында ерлікпен қаза тапқан полицейдің қызы әке жолын жалғастырып келеді

Түркістан облысында қылмыскерді құрықтау жолында ерлікпен қаза тапқан полицейдің қызы әке жолын жалғастырып келеді.

Облыстық полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Айгүл Рысбайқызы ер азаматтармен бірге иық тіресе жұмыс атқаруда, деп хабарлайды ҚазАқпарат

Полиция капитаны Рысбай Құдайбергенов 1984 жылдың 9 шілдесінде аса қауіпті қылмыскерді ұстау кезінде қаза тапқан. Артында жары Дариға мен төрт қызы қалды. Үш айдан соң дүниеге Арман атты ұлы келді. Ал, қыздарының бірі Айгүл әке жолын жалғастыруды бала күнінен мақсат еткен.

Ол Қазақ - Ресей универстетінің заң факультетін бітіріп, ішкі істер органдарында 2005 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Кентау қаласында кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлімнің, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының, штаб тобының, Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық полиция басқармасында аға инспекторы қызметтерін абыроймен атқарды. Ол бүгінгі күні Түркістан облыстық полиция департаментінде қызмет етіп, көптеген қылмыстың ашылуына және құқықбұзушылықтың алдын алуға өз үлесін қосып келеді.

«Полиция қызметкерінің қоғам алдындағы жауапкершілігі жоғары. Менің әкем Рысбай Құдайбергенов «Совет милициясының үздігі», «Қылмысты іздестіру қызметінің таңдаулы инспекторы» белгілерін кеудесіне таққан тәртіп сақшысы болған. Ол Кентау қалалық ішкі істер бөлімінде учаскелік инспектор, кейіннен қылмысты іздестіру бөлімі бастығының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарған. Қазіргі таңда Кентау қаласында ол кісінің атына бір көше беріліп, ескерткіш тақта орнатылған. Ел тыныштығы үшін өмірін қиған әкемнің өсиеттері маған қашанда қымбат. Мен әкемді мақтан тұтып, оның атына кір келтірмеуге тырысамын», - дейді Айгүл Рысбайқызы.