15 сәу, 2025 сағат 11:12

Түркістан облысында аудандық білім бөлімі басшылары мен 8 бухгалтер сотталды

Фото: Pexels.com

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің білім беру саласындағы құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жұмыстары нәтижесінде Түркістан облысында жүйелі жемқорлықтың жолы кесілді, деп хабарлайды Ult.kz.

Сарыағаш аудандық соты білім бөлімінің басшылары — Б. Майрихов, Н. Усипбеков, Д. Акатов және сегіз бухгалтерге қатысты үкім шығарды. Олар 550 миллион теңге бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды. Жымқыру нақты жұмыс істемеген адамдарға жалақы аудару арқылы жүзеге асырылған.

  • Д. Акатов пен Б. Майрихов — 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

  • Н. Усипбеков — 2 жылға бас бостандығынан айырылды.

  • Сегіз бухгалтерге — бас бостандығынан айыру, шартты түрде бас бостандығынан айыру және бас бостандығын шектеу жазалары тағайындалды.

Сотталғандар мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік секторда, сондай-ақ қаржы ұйымдарында 5 жылдан 10 жылға дейін белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айырылды. Бұл шешім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Жаңа жүйелер арқылы жемқорлықты азайту

Жымқыру тәуекелдерін төмендету үшін барлық өңірлерде бухгалтерлік бағдарламаларға тәуекелдерді басқару жүйелеріне негізделген бірыңғай техникалық талаптар енгізілді. Бұл жүйелер:

  • Жоғары жалақы мен “өлі жандар” бойынша алаяқтықты тоқтатуға;

  • Жалған деректерді енгізуге тосқауыл қоюға мүмкіндік береді.

“Бұлтты бухгалтерия” жобасы — бухгалтерлік есепті орталықтандырып, мемлекеттік органдардың деректер базаларымен біріктіру арқылы төлемдердің ашықтығын қамтамасыз етеді. Бұл жоба қаржылық бұзушылықтарды, соның ішінде жалған деректерді енгізу тәуекелдерін жоюға бағытталған.

Қатаң бақылау

Әкімдіктер білім беру ұйымдарының бухгалтерлік есеп жүйелерін қазынашылық есептерімен автоматты түрде салыстырып, сәйкессіздіктерді екі рет тексеруде. Сонымен қатар, Ішкі мемлекеттік аудит комитеті төлемдерді камералдық бақылауды жүзеге асырып, күдікті операцияларды талдау үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жолдайды.

Интеграцияланған ақпараттық жүйе

2024 жылдан бастап мұғалімдердің жалақысы, сыйақысы және басқа төлемдері жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) арқылы тексеріледі. Сонымен бірге, банктер төлемдерді ЖСН мен банк шоты деректері арқылы салыстырады. Бұл жүйе жалған мәліметтер арқылы қаржы аударуды толығымен жояды.

Нәтижелер

Қабылданған шаралардың арқасында 2023 жылы білім беру саласындағы жымқыру көлемі 17 миллиард теңгеден асса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 22 миллион теңгеге дейін азайды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.