Фото:baq.kz
Бүгін Мәжілісте «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заң жобасы қаралды, деп хабарлайды Ult.kz.Қаралып жатқан заң жобасында Түркістан қаласының ұлттық қолөнер шеберлері үшін бюджеттен шығындардың бір бөлігі өтеу қарастырылуда.
Депутат Ұласбек Сәдібекұлы: “Неге өтемақы тек қолөнер саласымен шектеліп отыр? Неге ол басқа өнер саласын қамтымайды? Заң жобасында қарастырылған мемлекеттік қолдауға қанша кәсіпкер ие болады?” - деді.
Депутаттың сұрағына Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов жауап беріп, аймақтың креативті экономикасын дамыту үшін қолөнершілерге субсидия беру маңызды. Вице-министрдің сөзінше Қазақстанда креативті индустрия саласында 42 922 субъекті тіркелген. Оның ішінде 30 пайызы халық қолөнері бағыты бойынша тіркелген, бірақ Түркістан облысында барлық креативті бизнестің 72 пайызын қолөнершілер құрайды.
Одан бөлек депутат Ұласбек Сәдібекұлы Түркістан облысы әкімдігі қаражатты толық өтей ала ма және оның мөлшері қандай, деген мәселеге тоқталып: “Жоғарыда аталған қаражатты жергілікті бюджеттен тауып бере аласыздар ма?”- деп сұрады.
Бұған Түркістан облысының әкімі орынбасары Бейсенбай Дәулетұлы былай деп жауап берді:
“Жалпы Түркістан қаласында қолөнершілер қоғамдық бірлестіктер форматында жұмыс істейді. Ол жерде 125 тен астам жергілікті қолөнершілер тіркелген. Тұрақты күнделікті кәсіп ретінде айналысатын азаматтардың саны 40 тан асады. Заң жобасында көрсетілетін өзгерістерге сәйкес төленетін төлемақы көлемі 10 пайыздан 25 пайызға дейін есептеліп отыр. Бұл біздің алғашқы есебіміз бойынша 80 миллион теңгені құрайды. Бұл қаражатты жергілікті, қала бюджетінен тауып беруге мүмкіндігіміз бар,”- деді Бейсенбай Дәулетұлы.
“Арақ ішуге, сатуға, арақ ішіп ләйліп көшеде жүруге заңның аясында тиым салсақ. Өйткені, Түркістанды білесіз рухани астана деп отырмыз. Бүкіл қазақ осы жерден рух алуы керек. Ол жерде біздің бабаларымыз, әулие, батыр, билеріміз жатыр. Ертең шетелден қонақтар келген кезде біздің азаматтарымыз арақ ішіп алдынан шығатын болса ұят қой. Сондықтан осы заңның аясында “арақсыз қала”, “рухани қала” деп араққа тиым салуға бола ма?”, -деді Ардақ Назаров.
Депутаттың білдірген ұсынысына Түркістан облысы әкімі орынбасары Бейсенбай Дәулетұлы пікір білдіріп, Түркістан облысында “ішімдіксіз ауыл” деген арнайы жоба жарияланғанын айтты. Бұл жобаға қазіргі таңда 30-дан астам ауыл қосылып отыр. Аталған мәселе аясында Түркістан қаласының зиялы қауыммен, ақсақалдармен және қоғамдық белсенділерімен талқылаулар өткізілген. Одан бөлек Түркістан қаласының басты бағыты рухани бағытпен қатар туристік бағытты да қамтып отыр дейді ол.
“Бизнес қауымдастықтың өкілдері тарапынан ол мәселеге де түрлі көзқарас туындап отыр. Аталған мәселе орынды. Алдағы уақытта заң жобасы қабылданып жатқаннан кейін, бұл мәселені де тиісті заң нормалары аясында қарастыру қажет деп санаймыз,”- деді әкім орынбасары.
Сондай-ақ, Ардақ Назаров Түркістанда орналасқан Яссауи кесенесінің жағдайы туралы да пікір білдірді. Оның айтуынша қазіргі таңда кесененің қабырғалары ылғал кесірінен түсіп, құлау қаупі бар. 600 жыл бұрын салынған кесененің кейбір жерлерінде тұз пайда болып, ғимараттың кейпін бұзып отыр.
“Кесененің кейбір жерлерінен, төбесінен сылақ құлаған, бұл мәселенің барлығы бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатыр. Мәселені шешуге мәдениет министрлігі қандай жұмыстар атқарып отыр? Қабылданып отырған заң аясында кесенеге қол сұғушылық немесе сақталуы қамтамасыз етілген бе?”-деп сұрады депутат.
Түркістан түркі әлемінің киелі орны болғандықтан, қоғам белсенділері арасында 2021-2022 жылдан бастап кесенелердің жай-күйіне алаңдаушылық туындады дейді Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов. Оның айтуынша зерттеулер нәтижесінде кесененің конституциясында ылғалдықтың артқаны байқалған. Одан бөлек зерттеу нәтижелері ескерткішке қауіп төнгенін көрсеткен.
“Жүргізілген зерттеу нәтижелерімен бөлісейін: «Кесене аумағына орнатылған жасыл желектер, ағаштар мен газондарды суару ескерткіштің жағдайына әсер етеді. Аталған жұмыстарды тоқтату керек деп есептейміз» -делінген. Осы орында Түркістан облысы әкімдігі суару жұмыстарын тоқтатты. Құжаттамаға сәйкес реставрациялау жұмыстары жалғасады”-деді вице-министр Евгений Кочетов.
“Заңда резерват деген ұғым енгізілуде. Бұл қала ішінде тарихи мұрамен ескерткіштерді сақтаудың арнайы аймағы. Осы норма, механизм қалай жұмыс істейді? Халық, тұрғындар осы аймақты насихаттауда ынталандыру жұмыстары бола ма? Бұл норманы, бұл тәжірибені басқа қалаларда да қолдануға бола ма?”,-деп сұрады Анас Ахатұлы.
Бұған мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов “Резерват” ұғымы заң жобасында жаңа болып отырғанын айтты.
“Резерват аймағы архитектура ескерткіштерін қамтиды. Бұл ескерткіштердің сақталуын қамтамасыз етеді. Осы жұмысты Мәдениет министрлігі қадағалайды,”- деді ол.
Депутат Анас Ахатұлы Түркістандағы бизнес орталықтары мен түрлі орындарда намазхана мен дәретханалардың қаншалықты қамтылғаны мен олардың саны, құрылыс жүргізген кезде осындай талаптар қойыла ма деп, Түркістан облысы әкімінің орынбасарына сауал жолдады.
“Түркістан қаласындағы туризм объектілері мен бизнес орталықтары намазханалармен заманауи дәретханалармен қамтамасыз етілген бе? Қанша пайыз? Егер қамтамасыз етілмесе онда алдағы уақытта ынталандыру тетіктері бола ма?”
Түркістан облысы ресми өкілдерінің жауабына қарағанда қала аумағында 37 мешіт бар. Олардың барлығында тиісті мүмкіндіктер жасалған. Одан бөлек бизнес орталықтары мен туристік орындарда діни рәсімдерді орындауға арналған бөлмелер, намазханалар қарастырылған.
“Кесененің жақын аумағында орналасқан Керуен сарай кешенінің аумағында арнайы намаз оқу бөлмелері жайғастырылған. Алдағы уақытта салынатын нысандарға бұл мәселе ұсыныс ретінде беріліп келеді. Себебі келген туристер Түркістан қаласында діни рәсімдерді өткізгісі келеді. Біз оған мүмкіндігінше барлық жағдайды жасауға тырысамыз,”-деп жауап берді Бейсенбай Дәулетұлы.
Түркістанның жеке елтаңбасы бола ма?
Депутат Ринат Зайтов заңның ішінде "мен түсінбейтін көп нәрселер бар" деп шүйлікті. Оның айтуынша “Түркістан қаласының жеке елтаңбасы болады” деуі. Оның түсінігі бойынша елтаңба біреу ақ болуы керек.
“Әлде Түркістан басқа мемлекет болып бөлінейін деп жатыр ма?”- деді баяндамашыға.
Депуттаттың бұл мәлімдемесіне Ұлттық экономика министрі Нұрлан Серікұлы “бұл жерде синоним сөздер қолданылған болуы мүмкін”- деп жауап берді. Оның айтуынша “Елтаңба деген жоқ, бұл жерде нышан деген бар. Ол қаланың емблемасы” екен.
Айта кетейік “Түркістан облысының ерекше мәртебесі туралы” ҚР заң жобасын бірінші оқылымда қаралып жатқан заңға 93 депутат қатысып, оның дерлік 100 пайызы оң дауыс берді. 92 депутат жақтады, бір депутат қалыс қалды.