11 мам, 2021 сағат 22:14

Түркістан Астанадан да жылдам дамып барады - Нұрсұлтан Назарбаев


Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан қаласында республикалық және облыстық БАҚ өкілдерімен кездесіп, сұхбат берді. Брифинг барысында Тұңғыш Президент Түркістанның дамуына қатысты өз ой-пікірін жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Нұрсұлтан Назабаевтың айтуынша, жаңарған Түркістан қазір барша қазақстандықтың басты назарында. 

«Шындығында, мұндай қаражат, мұндай көңіл жүздеген жылдық тарихы бар Түркістанға ешқашан бөлінген емес. Бұған дейін Түркістанның 1500 жылдығын атап өткенде «осы Түркістанды бір көтерсек» деп армандап едім. Алайда ол кезде елдің бұған жағдайы бола бермеді. Сол аралықта мемлекет құрылды. Қазақстанды нығайту мен елімізді дүниежүзіне таныту керек деп шапқылап жүрдік. Енді уақыт келді, 2018 жылдың маусым айында Шымкент қаласын миллион тұрғыны бар деп бөліп, мен Жарлықққа қол қойдым. 2018 жылдың аяғына дейін ұйымдастырумен, дайындықпен жүрдік. Бүкіл Қазақстандағы ауқатты жігіттерді жинадым, мемлекетке, әкімдікке тапсырма бердім. Бірінші бағдарлама жасадық. Осылайша Түркістан облысының бөлінгеніне үш жылға да жеткен жоқ, 2019-20 жылдардың ішінде 257 ғимарат салынды. Көріп отырсыздар. Сол кезбен қазіргі кезді салыстыруға бола ма? Жер мен көктей. Қазақстанның 30 жылдағы жеткен жетістігі, еңбегі жер мен көктей», - деді Н.Назарбаев.

Елбасы атап өткендей, Түркістанды көркейту елдің астанасын салумен бірдей керемет дүние. 

«Халқымыз өте тығыз қоныстанған, қаймағы бұзылмаған, дәстүріміз бен мәдениетіміз сақталған елде қаланы орнату біріншіден, ел үшін, екіншіден осы халыққа жұмыс беру үшін, мәдениетін көтеру үшін, дүниежүзіне Қазақстанды паш ететін мәселе болды. 

Оған қарамай Түркістан облыс орталығы болғаннан кейін Шымкенттің өзі өркендеп сала берді. Шымкенттің бюджеті үш жылдың ішінде үш есеге артты. Тұрғын үйлердің құрылысы екі есеге көтерілді. Орта және шағын кәсіпкерлік көтерілді. Шымкент қаласының өзі өсіп, керемет болып бара жатыр. Ал, енді Түркістанға келетін болса, алда әлі көп жұмыс атқарылуы керек. Әрине, бұл оңтүстікте тұратын ағайындар үшін ұмытылмайтын жағдай. Тәуелсіздікті бастаған кезде жанымда жүрген азаматтар оны ешқашан ұмытпайды. Астананы салғандағы істеген ісімізді ешкім ұмытпайды. Түркістанның құрылысы да ұмытылмай, есте қалатын жағдай», - деді Тұңғыш Президент. 

Н.Назарбаев Түркістан түркітілдес елдердің рухани астанасы деп жарияланғанын еске салып өтті. 

«Қазірдің өзінде дүниежүзілік деңгейдегі әуежайды Қазақстанда бірінші рет Түркістанда салдық. Қазір Ыстанбұлдан екі рейс келеді, жақында Ташкент, Ашхабад, Бішкектен келетін болады. Рейстер көбейіп, халықаралық пойыздар қосылады. Сонда келетін туристер саны да көбейеді. Жұмыс қызады, жастарға жұмыс орындары ашылады. Мүмкіндіктер көбейеді. Мұнда тағы туристерге қызмет ететін университет салынды. Түркістанда халықаралық деңгейдегі театр салынды. Міне, осындай ойласақ ойға келмейтін істер болып жатыр. Бұған қуанайық. Осының бәрі Қазақстанның 30 жылдығына жасап жатқан тартуы. Ата-бабаның арманын орындап, тәуелсіз Қазақстанды осылайша көркейтіп жатырмыз. Алла бізді бірліктен айырмасын. Елдің ішінде ауызбіршілік мықты болсын. Қазақ біріккенде - барлығын жеңеді. Былтыр келген адам Түркістанды қазір танымайды. Ай сайын, жыл сайын өзгеріп тұрады. Қала Астанадан да тез дамып, салынып жатыр. 

Ендігі, 2025 жылға дейін бұдан да үлкен, керемет болады. Қазір халқының саны 200 мың болса, 2025 жылы 300 мыңнан асып кетеді деген жоспар бар. Біз елорданы салған кезде 2030 жылы халқының саны бір миллион болады дегенбіз. Қазір 1 млн 200 мың, үш миллион болайын деп тұр. Сондықтан мынадай қарқын болса - жетеді. Халықтың сұранысы қандай, тіпті іргетасы қаланып жатқан тұрғын үйлерді сатып алғысы келеді. Алдағы төрт жылдың ішінде Түркістанда 26 мың пәтер салынады деп жоспарланып отыр»,- деді Нұрсұлтан Назарбаев.