Әлемдегі басқа халықтармен бірге тіршілік кешіп жатқан 200 миллионға жуық түркі жұрағаты ХІ ғасырдан бастап ХVІІ ғасырға дейін жер шарының үштен екісін билеп тұрды десек қателеспейміз. Сонау ХІ ғасырдан бастап-ақ Шыңғыс хан құрған Ұлы қағанаттан бастап, одан кейінгі оның немерелері ұйымдастырған; Құбылай (Қытайды біріктіріп, империя дәрежесіне жеткізген), Құбағұл (Хулагу) (құрамына көптеген елдер кірген Кіші азия империясы), сонымен қатар, Батыл хан (Бату) негізін салған империялардың өмір - жасы бірнеше ғасырға жетті деуге болады. Еуразия жазығында Батыл хан орнатқан ұлы қағанатты; Алтын Орданы негізінде түркі қыпшақтар орнатқанымен, оның құрамына жаулап алынған көптеген хандықтар мен княздықтар және королдықтар кірген еді. Сол секілді, өзге қағанаттар да солай.
Дегенмен, қазіргі қазақтар, бір кездері өздерінің ата – бабалары құрған осынау Ұлы тарихты түсіне алама?! Неғайбыл? Аңқау, алаңғасар қазақтың алтын тарихын айналадағы еті тірі елдер өздеріне қаратып алған.
Алаш жұрты, өз санасындағы кері кеткен құлдық түйсікті алдағы уақытта алып тастай алса, болашақта түсінер дейміз. Бірақ, кеш болуы да мүмкін. Қазақтың өз мәтелімен айтқанда, «Болары болып, бояуы сіңіп» дегендей.
Жанын шүберекке түйіп, қаны мен құрбандығын шаша жүріп, кезіндегі көшпелі түркі қыпшақтар арыстандай айға шапқан, азулы, бірнеше империяны құра білуі - оңай дүние емес. Мұндай ұлы істерді атқару, ұйымдастыру көптеген халықтардың пешенесіне жазылмаған. Мүмкін, олардың отырықшылығы болар?! Тек, Рим империясы ғана болмаса! Қалай десекте, қазіргі қазақтар осы ұғымды, пайымды түсінсе болғаны!
Түркі жұртының екінші бір елі құрған ұлы қағанат, ол – Осман империясы. Бұлар да өз заманында ат үстінде өскен жұрт. Кәрі құрлықтың тізгінін қолына алып, азияның бірнеше елін өзіне иліктірген халық. Бірақ, жеткен жетістіктері көбіне көшпелі Жалайыр тайпасының арқасында ғана. Византия империясын құлатып, астанасы Константинопольді тартып алудың өзі ұшқырлық пен мықтылықтың белгісі емес пе?! Шыңғыс хан мен оның алтын ұрпақтары (золотые потомки) орнатқан алып қағанаттар, сондай-ақ, Осман империясы, өзге ұлттардың шашылып жатқан княздықтары мен корольдіктерін біріктіріп, олардың мемлекет болуына жол ашып және дамуына әкеп соқты.
Осыларды айта отырып, кезінде Көшім хан құрған және билеген Сібір хандығының да (Ыбыр-Сыбыр өлкесі) кеңдігі жағынан, өз уақытындағы Рим империясының аумағынан әлде қайда үлкен болған.
Көшім де, Шыңғыс хан және оның немересі Батыл хан сияқты көне қыпшақ тілінде сөйлеген түркілердің ұрпақтары. Осылардың барлығы - кезіндегі қыпшақтардың, яғни, қазіргі қазақтардың бойтұмар тарихы. Оларды ұмытуға, не болмаса салғырт қарауға болмайды және кейінгі ұрпақтың сана-сезіміне, оның ата-бабаларының қандай болғандығын терең түсіндіріп, қалыптастыра білуіміз керек!
Түркі қыпшақтар ең бірінші ішкі тай-таластан (қазір де кездеседі) және ауыз бірлігінің жоқтығынан, өздері бір кездері құрған құрлық аралық алпауыт мемлекеттерін құлатып алды.
Мәселен; Куликова даласындағы (Күлік алқабы) соғыста Алтын Орда билеушісі ер Мамай жеңілген емес. «Өлдің Мамай, қор болдың», – деп те айтпаған. Қайта «Жеңдің Мамай, ерледің Мамай», – деген. Сталин құрған Кеңес Одағының сол кездегі орыс ғалымдары бәрін керісінше жазған. («Сталинияда» кітабынан). Тек, Алтын Орда империясы Темірланнан бірнеше рет соққы жеп, жеңілгеннен соң әлсіреп қалған. Әскер басы Мамай болса Алтын Орданы қайта қолға алып, күш жиып, орыс княздықтарынан келетін тоқтап қалған алым-салықты қалпына келтірмек болған. Алтын Орда әскері бұрынғыдай мол болмағандықтан, шегінген жаудың артынан жібермеген. Соны Қызыл тудың астындағы ғалымдар мен жазушылар "Дмитрий Донской жеңді" деп ойдан құрастырып, кеңестік идеологияға өз үлестерін қосқан. Алтын Орданы құлатқан негізінде Темірлан болатын. Темірлан кім еді?!
Орыс жазушысы С.Дёминнің «Баязит» атты атақты романы бар. Роман түрік сұлтаны Баязиттің атымен аталғанымен, көбіне-көп Темірланның бір ретте жеңілмеген әскері мен оның жеңімпаз жорықтарына арналған. Романды түгелімен оқып шыққан адам, жазушының Темірланды ешбір жерде өзбек, – деп атамағандығын байқайсың. Мүмкін, ол кезде өзбек атауы болмағанда шығар. Тек, Барлас руының азаматы болғандығын айтып отырады. Көп жерінде былай деп жазады; «Он был сыном скотника кочевого народа, когда то пересилившиеся на берег реки Сырдарьи и Кашкандарьи». Жалпы Барлас руы қайдан келген және бұл арада қайдан пайда болған? Шыңғыс ханға байланысты романдар мен орыс және еуропа ғалымдарының ғылыми зерттеу монографияларын оқып, зерттеп қарағанда, Барлас руын Алтай аймағындағы сол замандағы және сол кеңістіктегі ең ірі тайпа Наймандардың құрамынан көресіз. Осы тайпаға жататын кішігірім ғана ру. Хорезм империясын Шыңғыс хан шапқанда, Алтай аумағынан қосылып, қалың әскердің құрамында соғысқа қатысқан. Қара Ертістен көшіп, Байкөлге дейін барған. Бірақ, кейін ол жақтың қатты суығы ұнамады ма әлде жаз жайлаудан, қыс қыстаудан қыспақ көрді ме оңтүстікке қарай ығысып, ол кезде суы мол Сырдария мен Қашқандария өзендерінің жағасына келіп тоқтаған. Қашқандарияға Барлас руының бірнеше атасы ғана келіп қоныс тепкен. Міне, Темірлан осы өзеннің алқабына орналасқан Шахрисябз қыстағында дүниеге келген.
Даланың ер азаматы болғандықтан ат құлағында ойнап өскен. Даладағы қыратты, ойпатты, сайларды соғысқа қалай пайдалануды өте жетік білген. Сонда, Темірлан қай елдің ұланы? Қазіргі өзбек ағайындарымыз өз мемлекетінің аумағында туған қай халықтың баласы дарынды тұлға болса, ол өзбек дейді. Бірақ, Темірлан туралы қателесуге болмас дейміз. Тіпті, сол мемлекетте тұрған басқа этностардың көпшілігін өзбек қылып жаздырып, өздеріне сіңіріп әкетті. Жалпы, өзбек ағайындар қалалық халықтар, отырықшы ел. Ерте заманнан сауда-саттықпен және бақша өнімдерін өсірумен айналысқан тіршілігі мығым жұрт. Әлімұлынан шыққан Жалаңтөс батырда Самарқандты қырық жыл билеген емес пе? Оны да өзбек деп қаншама жыл айтысып-тартысып ақыры түбі қазақ, руы Әлімұлы болғаны анықталған соң жайына қалдырды. Кешегі Кеңес Одағының батыры Сабыр Рахымов секілді. Түптеп келгенде, атақты Темірлан да Найман тайпасының Барлас руынан шыққан азамат. Мұны, еуропалық және америкалық ғалымдар жазып отыр. Тіпті, ғалым және жазушы Хилда Хукхем өзінің Әмір Темір туралы жазған ғылыми еңбектерінде де осылай көрсеткен. Сонда, император Темірланды қай елдің баласы дейміз?! Әрине, Түркі жұртынан шыққан хандар да, сұлтандар да, батырлар да көп болған. Дегенмен де, Темірланды көшпелі елдің азаматы деп түсінуіміз керек және солай да.
Бейсенғазы Ұлықбек,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі