Бүгін Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі жыл басы – әз-Наурыз мерекесі қарсаңында Қазақстандағы бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарының басшылармен және өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" академияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алқалы жиынға Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, «Қазақпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің Басқарма төрағасы Асқар Омаров, «Хабар агенттігі» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ринат Кертаев, «Balapan» телеарнасының директоры Мақпал Жұмабай, «Қазақ радиолары» ЖШС Бас директоры Ернұр Бурахан, «Елорда Ақпарат» ЖШС директоры Ержан Жүнісов, «Қазақстан» РТРК» АҚ Ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясының директоры Жалғас Сәдібекұлы, «Түркістан» газетінің бас редакторы Қуат Әуесбай, «Қазақстан тарихи» порталының бас редакторы Алтынбек Құмырзақ, «Әдебиет» порталының бас редакторы Нұрлан Қабдай, сондай-ақ танымал БАҚ өкілдері қатысты.
Академия жанындағы Түркі музейінде өткен кездесу барысында Академия басшысы Дархан Қыдырәлі ұйымның атқарып жатқан жұмыстар туралы айтып, биыл қолға алынған жоспардың жүзеге асу барысымен таныстырды.
Сонымен қатар, бірқатар БАҚ басшылары мен өкілдеріне Түркі әлемінің ақпарат саласына қосқан үлесі үшін арнайы марапаттар мен алғыс хаттар табысталды.
Басқосуға қатысушылар байырғы түркілердің Ұлыстың Ұлы күнінде төс соғу дәстүрімен танысып, қолдарына болат балға алып, шойын төсті соғып аталған рәсімді атқаруға қатысты. Осыдан кейін қонақтар Наурыз көжеден дәм татып, дастархан басында еркін пікірлесті.
Жиынға қатысушыларға түркі академиясы шығарған «Тюркский мир. Историко-культурный Атлас» атты бірегей басылым тарту етілді.
Айта кететін мәселе, Халықаралық Түркі академиясы 2020 жылы барлығы 42 аталым бойынша ғылыми еңбектерді әзірлеп жарыққа шығарған. Оның ішінде Абайдың 170 жылдығы аясында 9 еңбек жарыққа шықса, әл-Фарабидің 1150 жылдығы, сонымен қатар Тоныкөк ескерткішінің 1300 жылдығына арналған еңбектер академия тарапынан жарыққа шыққан. Авторлар құрамы да әралуан. Олардың арасында сонау Нидерланд жерінен бастап, бауырлас Түркия, Мажарстан, Әзербайжан, Қырғыз елі бар, тіпті сонау Моңғолияға дейінгі кеңістіктегі білікті ғалымдардың түркітану саласындағы еңбектері түркі академиясынан басылып шығып жатыр. Жарыққа шығып жатқан еңбектердің тілі де әртүрлі.
«Байырғы түркі бабаларымыздан от жағып, төске балға ұрып, Жаңа күнді қарсы алатын дәстүр қалған екен. Осы салтты Халықаралық Түркі академиясы қайта жаңғыртып, жыл сайын мәртебелі меймандарды арнайы шақырып, төске балға соғуды дәстүрге айналдырып келе жатыр», - делінген Халықаралық Түркі академиясының баспасөз қызметі таратқан мәліметте.