видео кадры
Туристер курорттық қонақүйдегі швед үстелінен жинаған 35 келі тағамды өзімен бірге алып кетуге тырысқан, - деп хабарлайды Tengritravel.kz порталы 24TV арнасына сілтеме жасап.
Оқиға Антальяда болған. Туристер швед үстелі деп жайылған дастарханнан тамақ пен сусынды өз бөлмелеріне таси берген. Осылайша, жалпы 35 келі тамақ жинап алған. Қонақүйден кетерде осы тамақтың бәрін өзімен алып кетпек болған, алайда бұған қызметкерлер жол бермеген.
Демалушылар жол сөмкелеріне кепкен көкөніс, бірнеше келі алма, снектер, кәмпит, газдалған сусын, қант, шәй мен өзге де азық-түлікті толтырып қойған. Ең қызығы, кәдімгі сары майды да фольгаға орап алған. Онымен қоса, сабын мен су сабынды да қалдырмапты.
Интернетте қонақүй қызметкерлері демалушылардың сөмкесінен осы заттардың бәрін алып шығарып жатқан видео тарады.
Бейнежазбадан әйел адамның жағдайды түсіндіруге тырысып жатқанын естуге болады. Айтуынша, бұл азық-түліктің бір бөлігін олар алдымен қонақүй қызметкерлеріне тастап кетпек болған. Сондай-ақ, турист "жолда тіскебасар тағам керек қой" деп ақталады.