Табиғи-географиялық құрылымына байланысты Азия құрлығы бес аймаққа бөлінеді: Алдыңғы, Оңтүстік, Оңтүстік-Шығыс, Шығыс және Орталық Азия. Осылардың ішінде Орталық Азия – түрік тілдес этностардың ежелгі Отаны. Еуропа мен Азия құрлығының түйіскен жерінде орналасқан.
Орталық Азия жеріне алғашқы адамдардың бір миллион жылдар бұрын таралғанын археология ғылымы дәлелдеді. Осы аймақта автохтонды, яғни түрік тілдес этностардың бабалары мекендеген. Жергілікті тұрғындар адам баласының басынан өткерген тас, қала, темір, орта ғасыр және жаңа заман сияқты тарихи кезеңдерде жасаған. Орталық Азияда осы тарихи дәуірлерге жататын археологиялық және сәулет ескерткіштері, тамаша жәдігерлер ашылды, олар жан-жақты зерттеліп, түркі тілдес этностардың тарихына жаңалықтар енгізілді.
Археологиялық және жазба деректерге қарағанда, қола, темір дәуірлерінде Орталық Азияны мекендеген этностар ру-ру, тайпа болып, өзі өсіп-өнген отанында жайғасып, оның байлығын кешенді пайдаланған, өздерінің алғашқы қоғамын дамытып, оның жоғарғы сатыларына эволюциялық жолмен ілгерілеп бара берген. «Б.з.б І мыңжылдықта Солтүстік Үндістан, Ауғанстан, Орталық Азияны және Қазақстанның оңтүстігін қамтитын кең байтақ аймақта жинақтап алғанда «сақ» деп аталатын көптеген тайпалар мекендеген. Геродот (б.з.б. V ғ.) сияқты және басқа да ғұламалары оларды Азия скифтері деп атаған» делінеді «Қазақстан тарихы» кітабында.
Келтірілген сілтемеге көңіл аударсаңыз, осынша ұлан-байтақ кеңістікті мекендеген көп санды тайпаларда жалпы «сақ» (скиф) деген ұғым болғанымен, олардың бастарын біріктіріп бір мемлекетке, әйтпесе, бір империяға айналдырарлық ұғым дәрежесіне жетпеген. Әр тайпа өз бетінше өмір сүрген. Олардың ірілері, керек десеңіз, мемлекет пен империя құрған (ғұн және үйсін тайпалары).
Сонау Қара теңіздің солтүстік жағалауынан Ұлы Қытай қорғанына дейінгі ұлан-ғайыр жерді ғұндар (хундар) мекендеген. Олардың батыс жағын мекендеген тайпаларды «ғұндар» деп атаса, шығыс бөлігінде «хұндар» кездескен. «Қытайдың ең алғашқы әйгілі тарихшысы Сы Машиан бұл шындықты жақсы білетін ғұлама. Ол хұн тарихын да осы тұрғыдан қарастырған. Хұн және Хунну атауларын «Империя тайпалары – император халқы» деген сияқты кең мағынада ұғынатын… Осы мың жыл ішінде Хұн мемлекеті бірде үлкейіп, бірде кішірейіп отырды. Кейде бөлініп, ыдырап кетті. Быт-шыты шығып, бастарын алып қашты, шалғай алыстарға кетіп қалды», – дейді Бахаддин Өгел «Ұлы хун империясының тарихы» еңбегінде.
Осындай Ғұн (Хұн) тайпаларының өмірлерінде өзара бірлік бір қалыпта болмай, біресе күшейіп, біресе әлсіреп, бытырап, өзара бүліншілікке ұшыраған тарихи кездерді Орталық Азия автохтондық этностары бастарынан өткеріп жатқан. Өзара саяси, экономикалық және мәдени бірліктің болмауынан Орталық Азия этностары жиі-жиі қиыншылыққа ұшыраған. Сондықтан халық арасынан ел бірлігін сақтауға айрықша көңіл бөлген Афрасиаб патша, Мете, ерте ортағасырдағы Бумын, Білге қаған, Шыңғысхан (Шығыстың ханы) және осылар сияқты тарихи тұлғалар шыққан.
Орталық Азия этностарын бірлестіруші тарихи тұлғалардың атқарған қызметтеріне белгілі шығыстанушы Л.Н. Гумилев жоғары баға береді. «Этот континент (Еуразия – У.Ш.) за исторически обозримый период объединялся три раза. Сначала его объединили тюрки, создавшие каганат, который охватывал земли от Желтого моря до Черного. На смену тюркам пришли из Сибири монголы. Затем, после периода полного распада и дезинтерации, инициативу взяла на себя Россия: с ХV в. русские двигались на восток и вышли к Тихому океану. Новая держава выступила, таким образом «наследницей» Тюркского каганата и Монгольского улуса», – дейді ол
Ғұламаның еңбегінен алынған сілтемені сол күйінде қабылдауға болмайды. Өйткені Л.Н. Гумилев Орталық Азия этностарының бірігушілік тарихи процесін дұрыс көрсете алмаған. Бұл аймақтың рулары мен тайпалары, кейіннен халықтары саяси бірліктің қадірін ертеден білген және оны іске асыру үшін үздіксіз күресіп келген. Оның куәгерлері Афрасиаб, Мөте (Моде), Білге қаған және Шыңғыс хан. Осы аталған тарихи тұлғалар ел бірлігі үшін күрескен және оның жемісін де көрген. Олардың ішінен Л.Н. Гумилев айтқандай, Түрік қағанаты құрылып, Орталық Азияда ұзақ жылдар бойы өмір сүрген. «Түрік қағанаты» болғаны тарихи шындық. Шыңғыс хан құрған империя түріктердің саяси құрамы, оның халқының 90 пайызы түріктер болған. Бұл империяны түрік этностары біріктіргенін естен шығаруға болмайды. Орталық Азияны ең соңғы бірлестіруші Ресей империясы деудің өзі шындыққа жатпайтын пікір. Көпшілікке мәлім, ХV ғ. бастап Ресей Шығыс елдеріне қарсы отарлау саясатын жүргізіп, Тынық мұхитқа дейінгі жерлерді жаулап алып, оның халықтарын отарлады. Басып алған жерлерде жүргізілген отарлау саясаты жергілікті халықты басқаруға, жерлерін бөлшектеуге мүмкіндік берді. 1917 жылға дейін тек Орталық Азия жерінде Ресейдің бірнеше губерниялары пайда болды және Бұхар әмірлігі мен Хиуа хандығы дербес өмір сүрді. Міне, осындай жағдайда қандай бірігушілік болуы мүмкін?! Ресей империясында түрік этностары бірікті деп айту шындыққа жанаспайды. Ресейдің Орталық Азия этностарын бірлестіруге күш салмағаны анық. Керісінше, «бөліп ал да, билей бер» деген тәсілмен оларды отарластыру және халықтар бірлігін бұзуға айрықша күш салғаны баршаға мәлім.
Орталық Азияның автохтондық этностары бірнеше рет бірлесіп, мемлекеттер мен империялар құрған. Солардың бірегейі Түрік қағанаты. Бұл қағанатқа бас қосқан шығыстағы Сары теңізден Қара теңізге дейінгі ұлан – ғайыр жерді мекендеген халықтар бірлестігі Ұлы Түрік империясы деп аталған. Біздің негізгі мақсатымыз осы империя атауындағы «түрік» терминінің этимологиясына қатысты өз пікірімізді білдіру. Өйткені бұл осы күнге дейін шешімін таба алмай келе жатқан мәселенің бірі. «Қазақстан тарихының» І томында: «Әуелде «түрік» термині шонжарлардан немесе әскери ақсүйектерден шыққандарды білдірген, яғни таза әлеуметтік мәні болған деп топшыланады; кейіннен бұл сөздің семантикасы кеңейіп, үстемдік етуші «патшалық» тайпаның және оған бағынышты тайпалардың символы болған; көршілері бұларды да түріктер деп атап кеткен», – делінген.
Сілтемеде берілген «түрік» сөзінің этимологиясы туралы жалпы түсінік осы. Бұл терминнің қандай шонжарлар мен ақсүйектерді айтатыны аталмаған. Осы кездегі түрік тілдес халықтар тарихында ел басқарған тарихи тұлғалардың аттарына қосымша «түрік» сөзі қосылмаған. Сондықтан бұл пікірді негізге алудың қисыны келмейді.
Л.Н. Гумилев барлық өмірін түріктердің тарихын зерттеуге жұмсаған ғұламаның бірегейі. Ол «түрік» сөзіне көңіл бөлген: «языки, ныне называемые тюркскими сложились в глубокой древности, а народ «тюркитов» возник в конце V в. вследствии этнического смешения в условиях лесостепного ландшафта, характерного для Алтая и его предгорий», – дейді ол.
Ғалымның осы айтқан пікірі шындық. Орталық Азияны мекендеген автохтондық этностар осы аймақтың перзенттері екені барша оқырмандарға белгілі. Олар өздерінің даму барысында бір-бірімен жақын кешенді араласып, өзара ортақ тілді, әдет-ғұрыптарды, жалпы заттай және рухани мәдениетті ежелден қалыптастырған. Олар бірлестікке айрықша көңіл бөліп, жергілікті этностарды біріктіруге көмектесетін бір атаумен атап, көп тайпалардан құрылған Орталық Азияның тұрғындары V ғасырда өздерін атайтын «түрік» сөзін қабылдаған. Л.Н.Гумилевтың қорытындысы: «Нет никаких оснований сомневаться в общепринятом положении, что население Алтая в V и VІ вв. было тюркоязычным».
Миллиондаған этностардың ортақ бір атауы – «түрік» терминінің этимологиясы әлі күнге дейін шешілмей келеді. Біршама шығыстанушы ғалымдардың пікірлеріне негізделіп, Л.Н. Гумилев «түрік» терминінің этимологиясы туралы: «следует также отметить, что само слово «тюрк», согласно П.Пелио и А.Н. Кононову, значит «сильный, крепкий», что опять таки подчеркивает происхождение этнонима их политического термина VІ в. А.Н. Кононов пришел к этому выводу в результате глубокого филологического исследования. Термины «тюрк» он разъясняет как собирательное имя, значение которого было понятно на большой территории и которое объединяло многие племена различного расового и этнического происхождения», – дейді «Ритмы Евразии эпохи цивилизаций» атты еңбегінде.
Бұл пікірді Л.Н. Гумилев өзінің бұрынғы жазған, «Древние тюрки» (1993) атты еңбегінде де келтірген болатын. Бірақ Л.Н. Гумилевтің «түрік» сөзінің этимологиясы туралы жазған бұл тұжырымының ғылыми жақтан дәлелсіз екені байқалып тұр. Әлемді мекендеген адамдардың жалпы саны 7 миллиардқа жақын. Олар бірнеше халықтарға, ұлттарға бөлінген. Осынша этникалық құрамалардың ешқайсысы өздерін «әлсізбіз» деп айтпайтыны анық. Олардың ішінен түрік халықтарын «мықты, күшті» – деудің қисыны келмейді. Бұндай екіұшты мәндегі терминді бабаларымыздың өз халқына беруі екіталай. Керек десеңіз, олар өзінің перзенттеріне есім бергенде де, ойланып-толғанып, өздеріне ұнаған есімге тоқталған. Осынша көп санды этностарды біріктіретін «түрік» атауына да бабаларымыз ойланып-толғанып тоқталған болар.
Ертедегі ортағасырда (ХІ ғ.) әйгілі түрік ғұламасы Махмұд Қашқари өзінің «Түрік сөздігі» еңбегінде «түрік» сөзіне және оның этимологиясына тоқталған. «Сахараның ұлы ғалымы, біртуар ойшылы, тіл зергері Махмұт Қашқари «Түрік тілдерінің жинағын» барлық түрік текті ұлыс, тайпаларды аралап жинап, зерттеп, талдап барып жазған. Күллі түрік елдерінің әдебиеті мен тілін салыстырмалы түрде зерделеп, түзіп шыққан алғашқы энциклопедиялық кітап», – делінеді «Түрік сөздігінің» алғысөзінде.
Ғұламаның осы еңбегінде «түрік» сөзіне және оның этимологиясына төмендегіше тоқталған: «Түрік; Тәңірі жарылқаушы Нұқтың ұлының есімі. Бұл Тәңірдің Нұқтың ұлы Түрік бабаларына берілген есімі. Оның әулеті де, «түрік» деп аталады… «Түрік» сөзі Нұқ ұлының есімі болып келгенде, жеке бір кісіні білдіреді, Нұқ әулетінің есімі болып келгенде, «бешеч – бешер» сөз сияқты жалпылық мәнді, көптеген адам тобын білдіреді. Бұл жеке де, жалпы да мағынада да қолданылады. Мәселен: «Рум» сөзі Тәңірі жарылқаушы Ысқақтың ұлы Иусуға және Иусу ұлы Румге есім болғандықтан, рум әулетінің де есімі болып келеді. «Түрік» сөзі де осындай.
Ұлы тәңірі: «Менің бір тайпа қосыным бар, оларды «түрік» деп атадым, оларды күншығысқа орналастырдым. Бір ұлысқа ашуланып, назалансам түріктерді соларға қарсы саламын» депті.
Бұл жай олардың (түріктердің) басқа жұртқа қарағанда үстем екендігін көрсетеді. Сондықтан да Тәңірдің өзі оларға ат берген, жер жүзінің ең биік, ыңғайлы, ең ауасы таза шұрайы өлкелеріне орналастырған да, оларды «өз қосыным» деп санаған. Оның үстіне түріктер көркемдік, сүйкімділік, жарқын жүзділік, әдептілік, жүректілік, үлкендерді, қарияларды құрметтеу, сөзінде тұру, мәрттік, кішіктік және тағы да сондай сансыз көп мақтаулы қасиеттерге ие.
Осы қасиеттер мына жырда да жырланған:
«Қашан көрсін оны түрік,
Айтар оған ел мұңы;
Соған тиер ұлылық,
Содан кейін үзілер!»
Түрк: уақыт мағынасын білдіретін бір сөз. Бүкіл жеміс-жидектің пісіп жетілген, уылжып толысқан маусымның ортасы дегенді білдіреді:
үзімнің піскен уақыты; күн ортасы; жігіт жасына толған жігіт…».
Махмұт Қашқаридің «Түрік сөздігі» кітабындағы «түрік» сөзі туралы жазғанын әдейі түгел келтірдік. Өйткені ғұлама «түрік» сөзінің мағынасы мен этимологиясына терең тоқталған. Оның сілтемеде берілген «түрік» сөз туралы жазғандарына қарағанда, Орталық Азияның автохтондық этностары өзара бірлестік үшін күресіп жатқан кезде, көп санды тайпалардың бастарын біріктіруге қолайлы есім (этникалық атау) қажет болған. Олардың талабына сәйкес келетін Нұқ пайғамбардың ұлының есімі Түрк (Түрік) терминіне тоқталған.
«Нұқ» (Інжілде – Ной) – христиан дінінің пайғамбары, Інжілде топан су туралы аңыздың кейіпкері…Құдай өзіне жаққан тақуа Нұққа қайық жасап, оған өз семьясын, әрбір хайуанат пен жәндік тұқымынан бір ұрғашы, бір еркегін алуға әмір етеді. Осы қайықпен жүзіп олар аман қалады. Күн ашылып, су тартылған соң Нұқ қайықтағы жануарлар мен жәндіктерді жер бетіне босатып жібереді, тіршілік атаулы солардан қайтадан өсіп – өніп, көбейе бастайды» делінген «Қазақ совет энциклопиясында» «Библейская энциклопиясында». «Ной родился по еврейскому тексту в 1056 году от С.М., а по Славянской библии в 1662г» деп жазылған. Міне, осындай мазмұнда Нұқ пайғамбар туралы аңыз әлемге жайылған. Солай болса да, Нұқ тарихта есімі қалған, шынайы жасаған қасиетті адам болғанға ұқсайды. Нұқтың Түрік есімді ұлының болғаны туралы М.Қашқаридан үзінді келтірдік.
V ғасырда Орталық Азияны мекендеген этностардың арасында бірігу процестері жүрген. Біріктіру саясатын басқарған тарихи тұлғалар өзара келісіп, осы «түрік» терминін қабылдаған. Біріншіден, «Түрік» сөз қасиетті Нұқ пайғамбардың ұлының есімі болғандықтан, екіншіден, бытыраңқылықта жасап, өзара қырғи-қабақ болып жүрген Орталық Азия этностарын біріктіріп, құдіретті кемеліне келген Түрік қағанатын құруда бұл термин үлкен мәнге ие болған. Осы тұрғыдан қарағанда Махмұд Қашқаридің «түрік» сөзінің жалпы Орталық Азия этностарына берілгенін ортақ атауы деген тұжырымын қолдаймыз.
Өткен ғасырдағы қазақ халқының ғұламаларының бірегейі Шәкәрім Құдайбердіұлы «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» атты кітабында «түрік» сөзінің этимологиясына айрықша тоқталған. Белгілі шығыстанушы М.Мырзахметов бұл еңбектің ерекшелігіне тоқтала келіп: «Ал Шәкәрім кітабы нақтылығымен, ғылыми негізде жүйеленуімен жалпы түркі елдерінің ата тегін, түп-төркінін қамти отырып, негізінен қазақ халқының шежіресіне баса назар аударғанымен ерекшеленеді», – дейді.
Осындай құнды еңбекті жазуда Ш.Құдайбердіұлы араб, парсы, қытай және орыс тілдеріндегі деректерді жинап, оларды ой елегінен өткізгені анық. Шәкәрім өз еңбегінде «түрік» сөзіне тоқталып, оны Нұқ пайғамбармен байланыстырады: «Осы күнгі барша адам балалары сол Нұқтың үш баласы: «Сам, Хам, Яфастың нәсілі…біздің түрік нәсілі Яфас нәсілінен…». Осылардың ең соңғысы Яфастың сегіз баласы болған. Олардың арасындағы тұңғышы Түрік деген атпен белгілі. Ол Нұқтың немересі. Солай болса, Орталық Азияны мекендеген бір тілдес этностар осы түрік сөзін қабылдап, өздерінің жалпы есімі етіп алған. Ш.Құдайбердіұлының пікірі Махмұд Қашқаридың айтқанымен үндес. Айырмасы, М.Қашқари «түрік» сөзі Нұқ пайғамбардың баласы десе, Ш.Құдайберді оны немересі екенін айтады. Жалпы алғанда, «түрік» сөз Нұқ пайғамбардың ұрпақтары екенінен дау жоқ.
«Түрік» этнонимі алғаш рет қытай жылнамаларында кездеседі және ол 542 жылға жатады. Қытайлықтар түріктерді сюннюлердің (ғұндардың) ұрпақтары деп санаған. Бытырап кеткен Орталық Азия этностарын қайтадан бірлестіру VІ ғасырда – Бумын қаған уақытында басталып, өзінің қол астындағы этностарды түріктер деп атаған. 603 жылы Орталық Азия тұрғындары екіге: Шығыс және Батыс Түрік қағанатына бөлінген. Бұл қағанаттардың шарықтап дамып, Ұлы Түрік қағанаты аталып, шығыста Сары өзеннен Қара теңіз дейінгі жерлерді билеп тұрған кезі –Білге қаған (683-734) уақыты. Ол – Шығыс Түрік қағанатының он жетінші қағаны, Қапаған қағанның баласы. 716 жылы ол қаған болып, Ұлы Түрік қағанатын құрып, оны 50 жылдан астам уақыт басқарады. Білге қаған халқына сүйеніп, сеніп, игілікті бағалай білген және өзінің халқына шексіз сенетіндігін төмендегідей тұжырымдаған: «Ей, Түрік! Жоғарыда аспан құламай, төмендегі жер тесілмей, сенің мемлекетіңді, әдетіңді кім жоя алады?!».
Ежелден түріктер халықтың, елдің қадірін жақсы білген және елін бірлікте сақтау үшін тарихи тұлғалар бар күшін, ақыл-ойын аямаған. «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген қасиетті сезім халқымыздың сүйегіне сіңіп кеткен. Осындай қастерлі ұстанымның арқасында бір тектес Орталық Азия халықтарын біріктіруде «түрік» терминін қабылдаған. Орталық Азияны сонау Қара теңізге дейінгі ұланғайыр жерді мекендеген бір текті этностар өздерін «түрік халқымыз» деп атаған. «Түрік» термині уақытты білдірген жалпы мәнге ие: «Кемеліне келген ел» деген ұғымды білдіреді. Бұл этностардың жалпы атауы болуымен қатар, оның даму дәрежесін де білдірген. Білге қаған басқарған құдіретті түріктер империясы, яғни өсіп-өніп жетілген Түрік елі екенін білдірген.
У.Шәлекенов,
тарих ғылымдарының докторы, профессор,
ҚР Ұлттық Академиясының құрметті мүшесі
"Түркістан" газеті