14 қаз, 2024 сағат 10:58

Қазақ хандығының тарихына қатысты XVII ғасырлық құнды қолжазба табылды

Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы «Архив-2025» бағдарламасы аясында Ресейден табылған тарихи құжаттың көшірмесін жарыққа шығарды, деп хабарлайды Ult.kz ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл XVII ғасырда жазылған парсы тіліндегі «Тарих» қолжазбасы Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» еңбегінің жалғасы ретінде қарастырылады. Құжатта Қазақ хандығы мен оның Шығыс Түркістандағы моғол билеушілерімен қарым-қатынасы туралы мәліметтер қамтылған. 

Шах Махмуд ибн Мирза Фазыл Чурас жазған бұл шежіре Қазақ хандығының тарихын зерттеуде үлкен мәнге ие, әсіресе, оның 30 жылға созылған жазу үрдісі автордың терең білімі мен тәжірибесін көрсетеді.

Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі