28 мам, 2020 сағат 11:22

Турбизнес блокпостардың алынуын асыға күтіп отыр - министрлік

Турбизнес айрықша күтіп отырған жеңілдік шараларының бірі - блокпостардың алынуы. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рысбеков айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Төтенше жағдай алынып тасталғаннан кейін карантиндік шараларлардың жеңілдетіле бастағанына куә болдық. Көптеген сала, оның ішінде туризм саласы да өз жұмысын біріндеп бастап жатыр. Өңірлер арасында әуе және теміржол қатынастары қайта жандануда. Дегенмен, жұмыс үшін әлі де толық мүмкіндік бермейтін бірқатар кедергі бар екендігімен де келісемін. Турбизнес айрықша күтіп отырған жеңілдік шараларының бірі - блокпостардың алынуы. Бұл проблема таяу уақытта өз шешімін тауып қалады. Ол үшін карантиндік шараларды бәріміз сақтауға тиіспіз», - деді комитет төрағасы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте. 

Оның атап өтуінше, Бас санитарлық дәрігердің №37 қаулысына сәйкес, туристік операторлар мен туристік агенттіктерге еңбек ұжымындағы эпидемияға қарсы режим алгоритмдерін сақтай отырып, жұмыс істеуіне рұқсат берілген. Сондай-ақ жекелеген өңірлерде қонақүй қызметін көрсете беруге болады. 

«1 маусымға қарай шипажайлар, демалыс үйлері мен туристік базалар сынды туризм нысандардың жұмыс алгоритмі бекітілетіні көзделген. Олардың жұмыс ерекшеліктеріне байланысты айрықша шарттар қарастырылады. Бұл - бассейндер, жағажайлар, ойын-сауық аймақтары жұмыстарына арналған талаптар», - деді Дастан Рысбеков.