20 жел, 2020 сағат 20:57

Тұмауға қарсы вакцина COVID-19 індетінің салдарын жеңілдетуі мүмкін – дәрігер маман

Тұмауға қарсы екпе салдырған адам COVID-19 індетінің салдарынан жеңіл өтуі мүмкін.

Мұндай пікірді Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының қоғамдық денсаулықты жақсарту орталығының басшысы Жазира Ембердиева білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат

Тұмауға қарсы вакцинамен қатар ЖРВИ мен тұмаудың алдын алудың басқа да жолдары бар. Ондай шаралардың қатарына бұқара көп жиналатын орындарға бармауды, жабық нысандарда және қоғамдық орындарда бір реттік маскаларды пайдалануды, жөтелгенде немесе түшкіргенде сілекейді шашыратпау үшін ауыз бен мұрынды шытпен жабуды, ауру белгілері бар адамдарға жоламауды, қолды жиі жууды, жылыту маусымы басталғанда нысандарды желдетуді жатқызуға болады.

«Әрбір адам келесі кеңестерді сақтай отырып, иммунитеттің мықтылығын сақтай алады: С витамині немесе итмұрын, шырғанақ, қарақат, лимоны бар өнімдерді көп тұтыну керек. Сонымен қатар дәрігердің кеңесімен иммунитетті көтеретін препараттарды, витаминдер мен биологиялық белсенді қоспаларды қабылдаған жөн. Одан бөлек салауатты өмір салтын сақтанып, әрдайым денені шынықтырып отыру керек. Жаяу көбірек серуендеп, таза ауада жүгіріп, суға жүзген де өте пайдалы. Сондай-ақ белогы бар өнімдерді, жеміс-жидектер мен көкөністерді көбірек тұтынып, газдалған немесе қанты көп сусындарды ішпеуге тырысқан абзал», - дейді ол.

Орталықтың басшысы тұмауға қарсы вакцина COVID-19 індетінің салдарын да жеңілдетуі мүмкін екенін еске салады. 

«Маусымдық тұмауға қарсы вакцина 50 жылдан бері егіліп келеді. Вакцина миллиондаған адамға салынады. Оның қауіпсіздігі уақыт өте келе әбден дәлелденген. Мемлекеттік және ұлттық дәрі-дәрмектерді бақылау органдары жыл сайын жаңа вакцинаны лицензиялау алдында оны мұқият тексеріп отырады. Сондай-ақ, барлық елде тұмауға қарсы иммундаудан кейінгі жағымсыз жайлардың барлығын бақылап, зерттейтін жүйелер бар», - деді дәрігер.

COVID-19 індетіне қарсы вакцинацияға қатысты Жазира Ембердиева мұндай вакцина әлі жасалмағанын, қазіргі кезде көптеген елде ғылыми әзірлемелер мен зерттеулер жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Тәжірибенің өзі көрсеткендей, әлеуметтік арақашықтық, қоғамдық орындарда маска тағу, қолды жиі жуу және антисептикті ылғи пайдалану - коронавирус инфекциясының алдын алудың тиімді және таптырмас шаралары болып қала береді. Сондай-ақ, біз COVID-19 індетін жұқтырған адамдардың 80 пайызы жеңіл көтеруі мүмкін екенін білеміз. COVID-19 тез мутацияға ұшырайтын вирустардан туындағанын білесіз. Бір уақытта әртүрлі штамдар көрінуі мүмкін. Вакцинация сіздің ауырып қалмау ықтималдығыңызды арттыра алады және коронавирус инфекциясының ауыр зардаптарының қаупін азайтады», - деді Жазира Ембердиева.