06 мам, 2021 сағат 16:45

«Тұмар» сыйлығы жалынды тұлғалар мен тың бастамалардың жасампаз жолына айналды – Аида Балаева


«Тұмар» ұлттық телевизиялық бәйгесі жалынды тұлғалар мен тың бастамалардың жасампаз жолына айналды. Бұл туралы «Тұмар» ұлттық телевизиялық бәйгесі жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Тұмар» ұлттық телевизиялық бәйгесі жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қош келдіңіздер! Биыл 5-ші рет өтіп отырған бұл жоба жүзден жүйрік шыққан жаңа есімдерді жыл сайын жариялап, жалынды тұлғалар мен тың бастамалардың жасампаз жолына айналды. Сөз жоқ, бүгінгі телевизия - тек ақпарат көзі ғана емес, бұл ұлттық идеология мен тәлім-тәрбиенің құралы. Ал енді осынау стратегиялық маңызы зор саланың барын баптап, жоғын жоқтап жүрген - мына өздеріңіз. Ендеше, осындай ауқымды жобаларды батыл қолға алып, оларды биік сапада орындап жүрген сіздерге зор алғысымды білдіргім келеді», - деді министр. 

Сонымен қатар ол биылғы бәйге ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өтіп жатқанын атап өтті. 

«Өздеріңіз куә, осы 30 жылдың ішінде ел дамуы мен ұлттық БАҚ, соның ішінде телевизия саласы үлкен өзгерістерден өтті. Қарқынды дамып, нәтижелі биіктерді бағындырды. Бұл әрине, ең алдымен Тұңғыш Президент – Елбасымыздың ақпарат саласында қалыптастырған оң саясатының нәтижесі, ел басшылығының ұдайы қолдауының арқасы. Өткен 20-шы жыл еліміз үшін үлкен сынақ жылы болды. Әлемдік пандемия басталғанда тілшілер қауымы соның ішінде тележурналистер қауымы өмірін қауіп-қатерге төндіріп, оған қарамастан күн демей, түн демей жұмыс істеп, халыққа шынайы ақпарат жеткізді», - деді Аида Балаева. 

Министр өткен жылы телеаудитория өсімі 22 пайызды құрағанын, отандық телевизиялық өнімге сұраныстың артқанын айтты. 

Әлемдік жетекші медиакомпаниялармен халықаралық ынтымақтастық нығайтылып, қазақстандық өнімдерді шет елдерде ілгерілету жұмысы жандандырылғандығын атап өтті. 

Сонымен қатар Ресей, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан телекомпаниялармен бірлескен телевизиялық өнім шығару бойынша уағдаластыққа қол жеткізілгеніне назар аудартты. 

«Әрине, бұл - осы бір жылда атқарылған көп жұмыстың азғантай бөлігі ғана. Оның бәрін қазір тізіп айту мүмкін емес. Ең бастысы - болашақ бағдарымыз анық, жоспарымыз айқын. Өкінішке қарай, қоғам әлі де әлемдік пандемияның ықпалында. Сондықтан «Тұмар» сыйлығы биыл 2-ші мәрте онлайн форматта өтіп отыр. Был 48 отандық телевизия өкіліне «Тұмар» бәйгесінің сыйлығы табысталады. Оның арасында танымал режиссерлер мен журналистер, кәсіби операторлар мен сценаристер бар. Сөз жоқ, олардың жасаған жұмысы мен жобалары отандық телевизияның бәсекеге қабілетін арттырып, кәсіби деңгейге, жаңа биікке көтереді деп сенеміз», - деді ол.

Аида Балаева сөз соңында барша қазақстандықтарды 7 мамыр – Отан қорғаушы күнімен және 9 мамыр - Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтады. 

«Әрине, отан қорғау ұғымының мағынасы терең. Шүкір бүгінде тыныш заман, берекелі өмір кешудеміз. Деседе, бейбіт заманның да өз сынақтары мен міндеті бар. Осы ортақ мақсат жолында қиындықтарды бірге еңсеріп, жетістіктерге бірге жетейік», - деді министр.