16 қаз, 2020 сағат 09:50

Тұман, көктайғақ, бұрқасын: Осы демалыста күн суытады

Синоптиктер 17-19 қазан аралығында ауа райы қандай болатынын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қазгидромет» РМК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Апта соңында республиканың басым бөлігі әлі де кең антициклонның ықпалында болады. Соның әсерінен жылы және жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. 

Тек елдің солтүстік-батыс және солтүстік аймақтарына Обь өзенінің теңізге құйылған жерінен циклон келеді. Бұл циклон жауын-шашын жауғызып, желді күшейтеді. Сондай-ақ ауа температурасы одан әрі көтеріледі. 

Алайда 18 қазанда солтүстік-батыс антициклонының басып кіруінен кейін күн біршама суытады. Әсіресе е лдің солтүстік-батыс және солтүстік аймақтарында ауа температурасы төмендейді. 19 қазанда бұл суық елдің орталығы мен шығысына жетеді. 

Ауа температурасының күрт төмендеуінен түнгі уақытта 0-8 градус аязға дейін, күндіз 5-15 градус жылы болады. Сонымен қатар кей жерлерде жаяу бұрқасын соғып, тұман түседі, жолдарда көктайғақ күтіледі. 

Қазақстанның қалған аумағында күн жылы болады, жауын жаумайды.