15 ақп, 2022 сағат 13:55

Тұқым шаруашылығы егістіктерінің үлес салмағының 15%-дан кем болмау міндеттемесі енгізіледі — Қарашөкеев


ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының 2022 жылғы 8 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын іске асыру шаралары қаралды. Субсидия алушыларға қатысты қандай қарсы міндеттемелерді енгізу көзделіп отырғаны және осы міндеттемелердің орындалу деңгейінің қалай бақыланатыны туралы ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтып берді.  

Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда субсидия алушылар үшін қандай да бір қарсы міндеттемелер қойылмайды, сол себепті субсидияларды пайдалану барысында тиімділігі үшін жауапкершілік төмен болып қалып отыр. Сондықтан субсидия мен жеңілдікті несие алушылар үшін қарсы міндеттемелер алу нормасы енгізілетін болады. Олар алынған қаражаттың мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етуі тиіс. Бұл нақты индикаторлар арқылы бағаланады.

«Мысалы, барлық субсидия алушылар үшін өндіріс көлемін төмендетпеу көзделуде. Мал шаруашылығында – бұл жыл сайын мал басын кемінде 5%-ға ұлғайту, 100 аналықтан кемінде 80 бас төл алу. Алынған төлдің сапасын бақылау үшін ДНҚ-талдау арқылы төлдің әкелік тегін анықтау нормасы енгізілетін болады», — деді министр.

Ал өсімдік шаруашылығы бойынша тұқым шаруашылығы егістіктерінің үлес салмағының егістіктердің 15%-ынан кем болмау міндеттемесі енгізіледі.

Бұдан басқа, инвестициялық субсидиялау кезінде фермерлер нысанның жобаның бизнес-жоспарында көрсетілген мерзімде пайдалануға берілуін, оның жобалық қуатына уақытылы қол жеткізілуін қамтамасыз етуі тиіс.

«Аталған нормалардың барлығы арнайы құрылған жұмыс тобында талқыланып, мақұлданған соң енгізіледі», — деді Е. Қарашөкеев. 

Бұл ретте қарсы міндеттемелердің орындалуын бақылау процесі адамның қатысуынсыз, цифрлық технологиялар негізінде субсидиялаудың жаңа бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесінде автоматтандырылған түрде енгізілетін болады.