Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында баса айтылған «Туған жер» бағдарламасын қолдап, елжанды, жұртын сүйген азаматтардың ұйымдастыруымен Егіндібұлақ ауылында «Туған жерге тағзым» мерекелік жиыны аталып өтті.
Ерке бұлақ жағасында бұла өскен бір кездегі балдырғандар бұл күндері әр саланың тізгінін ұстап отырған атпал азаматтар. Қасиетті қара топырағына аунап, самал желімен жарыса ержеткен түлектерінің қолдауымен ауылға кіреберіс тұсқа орнатылған еңселі белгінің ашылуы – ауыл мерейін өсіріп тастады. Белгінің сызба нұсқасын жасаған ауылдың тумасы, Қазақстан сәулетшілер одағының мүшесі Үсен Жұмагелдин, ал, ауыл атын алтын әріптермен бедерлеген жеке кәсіпкер Бекболат Ыбыраев болатын. Осындай сәулетті туындыны тұрғызуда алыс-жақындағы ауыл азаматтары жұдырықтай жұмыла кірісіп, ауызбірлік танытты. Елдің елдігін айшықтап тұратын ауыл қақпасындай осынау белгіні салтанатты түрде ашқан ақын, ардагер ұстаз, Ақбеттаудың абызы, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Зекебай Солтанбаев пен ел ағасы, қарт ұстаз Рамазан Жұмабеков ауыл тарихынан әңгіме қозғап, өткен күндерден сыр шертті. Мұса мырза мешітінің бас имамы Саян қажы Қожин марқұмдар рухына құран бағыштап, дұға тіледі.
Ауыл тұрғындарының қуанышы еселене түсіп, мерекелік жиын туған жерден жырақта жүріп ауыл атын асқақтатып жүрген өнерпаздардың «Туған елге тағзым» концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты. «Көңілашар» күйімен сахнаға көтерілген қос жүргізушінің өздері де, сөздері де көңіл кірбіңін жазып, жүрек құлпын ашты. Өңірімізге танымал айтыс ақыны Амангелді Егінбай мен 2016 жылғы Павлодар облысының «Наурыз аруы» байқауының «Бас жүлдегері» Карина Төлеу де Егіндібұлақ ауылының дарынды ұл-қыздары. Киелі өлке, құтты мекен Егіндібұлақ ауылы алақандай болғанымен Алатаудай тұлғаларымен шоқтығы бөлек, мерейі асқақ ауыл. Бірлігі берік, ынтымағы жарасып еңбегі мен елдігі өзгеге өнеге болған өресі биік, өрісі кең ауыл. Соның айғағы – тәрбие атты тұмадан тамыры суарылған бәйтерек ауылдың саясында өткен осынау дүбірлі той. Мерекеге орай арнайы баяндама жасаған Сатыбалды Мергенбаев өткенге ой жүгіртті.
Сырттағы ауыл азаматтарының абыройы – туған елдің масаттанар мақтанышы. Ауылым деп еліміздің әр өңірінен ағылған Егіндінің ерке перзенттері барын салды, өнерлерін ортаға салды. Мерекелік концерт шымылдығын арнау жырымен ашқан ақын, ауданымыздың мақтанышы, «Алтын домбыра» иегері Аспанбек Шұғатаев көзкөрген ауыл азаматтарын ұтымды теңеулерімен, астарлы әзілдерімен жырға қосып, жерлестер көңілінен шықты. Барқыт дауысты бағлан әнші Жұмажан Паруов орындаған «Арқаның аруы» әні қызғалдақтай қыздарды әспеттесе, Тарғын Жанбәкіров шырқаған «Біздің елдің жігіттері» әні білекті де жүректі ұлдардың азаматтығын әйгіледі.
Концерт барысында «Өткенге көз жүгіртпей болашақты болжау қиын» демекші, ауыл тарихынан сауалдар қойылып, жауабын дұрыс тапқан адамдарға бағалы сыйлықтар табыс етілді. Бұл – ұйымдастырушылардың көрегенділігін танытты. Солайша жас жеткіншектерге туған жер тарихын тағылыммен танытқан ауыл азаматтары сүйсінтті бізді. Ауыл тұрғындары үшін жасалған тосын сынақтың тағы бірі – концерт барысында ұйымдастырылған Егіндібұлақ ауылына арналған жыр мүшәйрасы болды. Туған жер қадірін арттырған жыр шумақтары лек-легімен ағылды. Жасы да, жасамысы да аядай ғана ауылына жыр арнады.
«Дәурен көшіп барады» әнін орындаған өңірімізге танымал айтыскер ақын Асығат Тұрғанбек Бәйдібек би айтқандай, тірлік басқа болғанмен тілек бір екенін, бармақ басқа болғанмен, білек бір екенін тағы бір дүркін ұғындырып өтті. Ақын-ұстаз Таңат Ахатов «Кереку-Баян жұлдыздары» термесін орындап, туған жеріміздің құтты құрсағында жаратылған ұлы даналарымызды дәріптеді. Аймақтық, республикалық байқаулардың жеңімпазы Егіндібұлақ ауылынан шыққан Сәдіғазиндердің «Ақ көгершін» отбасылық ансамбілінің белді мүшесі, белгілі актер Медет Сәдіғазин дауылпаз ақын Иса Байзақовтың «Желдірмесін» орындап жиналған жұртты желпінтіп тастады.
Халық әні «Жиырма бесті» орындаған Қанат Әбдіғомар, «Баян гүлдерін» жайқалтқан Нұрқуат Сәдіғазин, «Қазақтай ел қайда?!» деп рухтанған Жанат Әбенов, «Асыл аналарға» құрмет танытқан Қобылан Болат, «Баяным» деп тебіренген Ералы Әбенов, «Құстар әнін» сызылтқан Нұртуған Қадыр, «Сен сыйға тартқан орамал» әнін тамылжытқан Құралай Мұқашева, «Әке-ана» деп перзенттік ілтипатын білдірген Шыңғыс Асығатұлы Егіндібұлақ ауылының абыройын алыста арқалап жүрген өнер майталмандары.
Туған жер – әр адамның түпқазығы. Рухының бесігі. Ауыл – тамыры тереңге жайылған қазақы дәстүріміздің қаймағы бұзылмаған ордасы. Сол алтын орданың қадірі мен қасиетін аспандатқан, асқақтатқан Егіндібұлақ ауылының атымтай азаматтары Елбасы саясатын берік қолдайтындарын ісімен дәлелдеді. Ауыл күнін дүбірлетіп тойлап жатқан егіндібұлақтықтардың қуанышын бөлісуге арнайы келген мәртебелі меймандар мереке мәнін астарлай түсті. Баянауыл ауданына арнайы іс-сапармен келген Қазақстан Республикасының Парламенті мәжілісінің депутаттары Нұрлан Мәжитұлы Әбдіров және Мейрам Құдайбергенұлы Пішембаев және Баянауыл ауданының әкімі Оразгелді Әліғазыұлы Қайыргелдинов сөз алып, ауыл тұрғындарын құттықтады. Ауыл тұрғындарының ауызбірлігі мен іскерлігін көрген қадірлі қонақтар «Туған жерге туыңды тік деген осы болар» – деп аттанысты.
Мерекелік концертті аудандық, облыстық байқаулардың жеңімпазы, үлкен сахналарда өнерлерін көрсетіп, ел ықыласына бөленген ұжым Егіндібұлақ мектебінің жанынан құрылған «Егіндім – әнім» ансамбілі Зекебай Солтанбаевтың «Егіндібұлақ вальсі» әнімен аяқтады.
Дархандығы даласымен өлшенген, асқарлығы дастарханымен өлшенген, асы барда беріп жүріп ел таныған, аты барда желіп жүріп жер таныған егіндібұлақтықтардың кең пейілімен жайылған дастарханды Қыдыр аралап береке үлестіріп жүргендей болды. Түскі астан кейін сәл тыныққан думансүйгіш қауым спорттық жарыстарға кезек берді.
Өнер мен спортты қатар алып жүрген ауыл жастары бір кісідей жұмыла атсалысқан дода қызу әрі тартысты өтті. Алдымен өткен жаяу жарыс, жас желаяқтардың шыдамдылығын сынға салды. Екі жас категориясы бойынша ұлдар және қыздар арасында өткен ұшқырлар жарысында ең үздіктері топ жарды. Жүректі жігіттер арасында өткен биіктігі он метр бағанаға өрмелеу жарысы да өте тартысқа толы болды. Жылдамдық пен ептілікті талап ететін осынау сында нағыз ер жігіттер жасындай жарқылдады. Қазақтың ұлттық спорты арқан тартыста ерлер және әйелдер күш сынасты. Бұнда ерлер қауымы білектілігін танытса, нәзік жандылар қауымы Әлия мен Мәншүктей қайсар қазақ қыздарының жалғасы екенін көрсете алды. Кір тасын көтеру сайысы да жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Осындай дүлділдер додасын шеберлікпен атқарған Әбдіхамит Сұңқарбеков, Мақсұт Түсіпов, Құдайберген Серғазин, Дастан Мергенбаев, Ерден Қалиұлының еңбектері – ауыл тынысының бір бөлігі ғана.
Барша қауымның қызыға әрі жігерлене тамашалаған сайысы палуандардың белдесуі болды. Алдымен бозкілемге жас жеткіншектер көтерілді. Бес салмақ дәрежесі бойынша белдескен жас балғындар таудай талабымен және жігерімен тамсандырды. Салауатты өмір салтын насихаттауда, дені сау ұрпақ тәрбиелеуде аянбай еңбек жасап жатқан ауылдың еңбегі елеулі. Болашақ Қажымұқандар өсіп келе жатқанын көріп біз де бір марқайдық. Мың марқайдық. Бұдан әрі 70 келіге дейінгі ересектер шығып жүректіліктері мен білектіліктерін танытты. Бұл сында бағы мен бабы қатар келген майқайыңдық Ерасыл Сыздықов топ жарды. Екінші және үшінші орындарға Егіндібұлақтың намысын қорғаған Ризабек Әли мен Айтуған Қадыр ие болды. Баяғының батырларындай жігіттің ерік-жігерін танытар бәсеке – түйе палуан күресі. Он саңлақ спортшы топқа түскен жарысқа ауданымыздың 1970 жылғы түйе палуаны Файзолла Мәжитов батасын беріп, сәттілік тіледі. Бұл сында барлық қарсыластарын қоғадай жапырып, хас шеберлігін танытқан қос батыр екібастұздық Ислам Махамбетов пен Ерболат Елубаев жеңіс тұғырына қатар көтеріліп, жүлдені теңдей бөлісті. Қазақ күресінен ұйымдастырылған турнирге Бауыржан Күлжан, Өміртай Шәріпжанов, Жасқайрат Меңдібаев төрешілік етті.
Ердің бағын ашатын астындағы тұлпары екенін бағзыдан білеміз. Құлагерін баптаған Ақан сері жігіттің төресі еді, шіркін! Ауыздығымен құс тістеген, шашасына шаң жұқпаған дүлділдер аламаны десе қызықпайтын жан аз. Ауыл күніне арнайы өткізілген тұлпарлар бәйгесіне де Ақан бабамыздың жолын жалғаған сері жігіттер өңіріміздің әр қиырынан жиналыпты. Ұйымдастырылғаны – 10 шақырымдық құнан бәйге және 25 шақырымдық аламан бәйге. Алдымен өткен құнан бәйгеде құндыкөлдік Теміртай Арыстанбековтың «Қаршығасы» дара шапты. Үстіндегі шабандозы Дінислам Сағынаев жүйрігінің бабын танытты. Мәре сызығын екінші болып кескен қаражарлық Асығат Арысбаевтіың «Құлагері». Шабандоз бала Ермек Сүлейменовке аз ғана бақ бұйырмады. Үшінші болып жеткен күркелілік атбегі Бақытжан Жүнісовтың «Сылдыры». Жас шабандоз Бекзат Әбдінасыр қандай болса да мақтауға лайықты.
Хас жүйріктердің аламан бәйгесі өте тартысты өтті. Жеті айналым бойы бәйгенің алдын бермеген ақшилік Алтынбек Байкиннің «Ботакөзі» оқ бойы озық шықты. Үстіндегі шабандозы Алмас бала жүйрігінің алдына қара салдырмады. Нағыз тұлпарға лайық шабыс көрсеткен «Ботакөз» «BlueStar» компаниясының директоры, ауылдың тумасы Қобылан Қожин тағайындаған жүлдемен қанжығасын майлады. Екінші орыннан көрінген Сүйіндік Ахметжановтың тұлпары «Шырақ» көпшілікті сүйсінтті. Аймауытов ауылының жас шабандозы Сержан Сейітқұлов ақырғы екі айналымда астындағы тұлпарының екінші тынысын ашып жүлдені жұлып алды. Құндыкөл ауылының атбегісі Төлеухан Жақыповтың «Қарақұсы» мәре сызығын үшінші болып кесті. Үстіндегі шабандозы – Ризат Құнанбаев. Аламан бәйгеге 17 жыл ауданымызда бәйгенің алдын бермеген әйгілі «Сойдақтың» иесі, «Ауылымның қонған жері жусан ба екен?! Жусанменен белімді бусам ба екен?! Өтіп кеткен жиырма бесімді, Сойдағыма мініп қусам ба екен?!» – деп жырлаған Болат атамыздың ұлы Әлімжан Күлдин, Ислам Әмірханов, Мәулит Сұңқарбеков, Теміртай Арыстанбеков төрелік етсе, Ералы Әбенов коментаторлық жасады. Барлық жеңімпаздар ауыл азаматтары дайындаған жүлделермен марапатталды. Би кешімен сабақталған мерекелік жиын, әсерлі отшашумен аяқталды.
Береке-бірлігін айғақтаған ауыл азаматтарының осынау бастамасы келешек жас ұрпақ бойына елжандылық қасиетті сіңірді деп ойлаймыз. Әкеміз атын суарған, анамыз келіп су алған ерке бұлақтың жағасы – ұлттық болмысымыз бен рухымыздың ұясы.
Еламан ҚАБДІЛӘШІМ