02 қаз, 2020 сағат 20:27

Цой өз ведомствосындағы жемқорлық бойынша Алик Шпекбаевпен кеңес өткізді

Бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы Алик Шпекбаев пен ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой денсаулық сақтау жүйесіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерін талқылады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алексей Цой ведомствода сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау мен жою бойынша сындарлы ынтымақтастыққа дайын екенін жеткізді. 

«Пандемия бүкіл денсаулық сақтау жүйесінің беріктігіне емтихан болды және біздің жоспарларымызға айтарлықтай түзетулер енгізді. Жылдар бойы қордаланған проблемалар көрініп, жұмысымыздың кейбір бағыттарындағы кемшіліктер ашылды. Тіпті, олардың ішінде болып келген сыбайлас жемқорлық компоненттері бар», - деп атап министр.

Мәлім етілгендей, соңғы 15 жылда Қазақстанда денсаулық сақтауды қаржыландыру кепілдендірілген тегін медициналық көмек пен медициналық сақтандыруды қоса алғанда 8 есеге өсті, яғни 2005 жылғы 191,4 млрд теңгеден 2020 жылы 1,6 трлн теңгеге дейін. 

Ал COVID -19-бен күрес шараларына қосымша 300 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Оның үштен бірінен астамы Денсаулық сақтау министрлігі арқылы бөлінді. Шамамен 60 млрд теңге карантиндік іс-шараларға тартылған денсаулық сақтау қызметкерлеріне үстемеақы төлеуге және қосымша ынталандыруға бағытталған.

«Бұл қаражатты иемденуге немесе жымқыруға жол бермеу маңызды. Әр бөлінген теңге адресаттарға медициналық қызметтер, ЖҚҚ, дәрігерлерге арналған сыйлықақы түрінде жетуі керек. Дәрігерлер өз денсаулығына қауіп төндіріп, пандемияның алғы шебінде тұрады, халыққа көмектеседі. Бұл үшін мен оларға агенттік атынан ерекше алғыс білдіргім келеді. Екінші жағынан, оң күш-жігердің әсері сыбайлас жемқорлықты жояды. Өкінішке орай, бұл құбылыс министрлікті және оның ведомстволық бағынысты ұйымдарын, сондай-ақ жергілікті денсаулық сақтау басқармаларын айналып өткен жоқ», - деді агенттік төрағасы Алик Шпекбаев.

Кеңес барысында осы күнге дейін жинақталған, әсіресе пандемия кезінде айқын көрінген түйіткілдер талқыланды. Олардың кейбірі жүйелі сипатқа ие және ерекше назар аударуды қажет етеді.

Агенттік пен министрлік Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу туралы бірлескен бұйрыққа қол қойды.

Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет осы талдауды Денсаулық сақтау министрлігінің орталық аппаратында өткізуді жоспарлап отыр.

«Талдауға азаматтық қоғамды кеңінен тарту маңызды аспект болып табылады. Спикерлер денсаулық сақтау саласындағы қоғамдық бақылауды дамыту қажеттігіне ерекше назар аударды.

Министрлік «COVID-19 Қазақстанның қоғамдық бақылауы» дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және медициналық көмектің сапасын бақылау бойынша қоғамдық белсенділер қозғалысына жан-жақты қолдау көрсетеді.

Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық кеңесіне «жаңадан дем беріп», сарапшылар қауымдастығының білікті өкілдерінің сындарлы қатысу мүмкіндіктерін кеңейту керек», - деді Денсаулық сақтау министрлігінен. 

Еске салайық, бүгін Денсаулық сақтау министрі А.Цой «Nur Otan» партиясының Мәжілістегі фракциясының кеңейтілген отырысында коронавируспен күреске жұмылдырылған медицина қызметкерлеріне өтемақы төлеу мәселесі бойынша есеп берген болатын.

Онда палата Төрағасы Нұрлан Нығматулин атап өткендей, ағымдағы жылдың 22 қыркүйегіндегі жағдай бойынша, індетке шалдыққан дәрігерлердің жалпы санының 14%-дан астамына ғана, сонымен бірге қайтыс болған медицина қызметкерлерінің отбасыларының 13% жетер-жетпесіне ғана төлем жасалған.