10 ақп, 2021 сағат 14:53

Цой «Коронавируспен ауырып шыққан дұрыс» деген ойға пікір білдірді

ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой вакциналаудың маңызы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«65 жастан асқан адамдарды вакцинациялауға қатысты көптеген сұрақ келуде. Министрлік созылмалы ауру, аллергиялық реакция, басқа да қарсы көрсетілімдерді ескере отырып, осы санатты вакцинациялау жоспарына енгізу мәселесін қарастырады»,- деді министр ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте. 

Министр вакциналаудың 400 жылдан астам уақыт бойы адамзаттарды шешек, оба сияқты қауіпті, өлімге әкелетін аурулардан қорғап келгенін айтты.

Соңғы 30 жылда эпидемиялық паротитпен сырқаттанушылықтың 870 еседен артық төмендегені, халық арасында «В» вирустық гепатитімен сырқаттанудың 150 есеге, көкжөтелмен сырқаттанудың 7,3 есеге төмендегені байқалды. 

Қазіргі уақытта полиомиелит, дифтерия, сіреспе, қызамық сияқты инфекциялар ұмытылған.

«Сондай-ақ, халық арасында «коронавирус инфекциясымен ауырып шыққан дұрыс» деген пікір бар, бірақ оның иммундық жүйеге және созылмалы аурулардың өршуіне әсер ететін, «ковидтан кейінгі» асқынулар болатынын, өкпе, бауыр, жүрек сияқты өмірлік маңызды ағзалардың функциясы бұзылатынын еске салғым келеді. Қалпына келу процесі өте қиын. Көп жылдық тәжірибе көрсеткендей, вакцинация – әлемде аурулардың таралуының алдын алудың барынша тиімді құралдарының бірі», - деді Цой.