Нұржан Үсіпбеков триатлоннан Қазақстан командасының жаңа бас бапкері болып тағайындалды. Бұл туралы «Ұлт ақпарат» федерацияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Үсіпбеков бүгінге дейін бас бапкер міндетін атқарған Андрей Глущенконың орнын басты. Бүған дейін ол жасөспірімдер құрамасында жаттықтырушылық қызметте болған.
Нұржан Бақытұлы Үсіпбеков - триатлоннан спорт шебері, әрі Қазақстан чемпионаттарының жүлдегері. Бапкерлік қызметтегі еңбек өтілі 11 жылды құрайды.
«Андрей Глущенконың жетекшілігімен Қазақстан командасы көптеген жетістіктерге жетті. Дегенмен, Олимпиада қарсаңында бізге әлі де көп жұмыс істеу қажет. Ең басты мақсат – лицензия жеңіп алу. Сондай-ақ, біз қыркүйек айында Нұр-Сұлтанда өтетін Азия чемпионатында жеңіс тұғырынан көрінуді көздеп отырмыз. Бұл бас бапкер ретінде маған үлкен жауапкершілік жүктейді. Осы орайда, біз жақсылықтан үміттіміз. Токиода ұлттық құрамаға жанкүйер болып, Азия чемпионатында жеңіске жетеміз деген сенімдемін. Маған көрсетілген сенім үшін алғысым зор», - дейді Нұржан Үсіпбеков.
«Ұлт ақпарат».