АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин. Гамбург, 7 шілде 2017 жыл.
АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин екеуара алғашқы кездесуде Сирия мен Украинадағы жағдайды, терроризм мен киберқылмысқа қарсы күрес, Солтүстік Корея төңірегіндегі ахуалды талқылаған.
Кездесуге қатысқан АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың айтуларынша, тараптар өзара іс-қимыл, ең әуелі киберқауіпсіздік саласы бойынша екіжақты жұмысшы тобын құру туралы уағдаласқан.
Лавровтың хабарлауынша, кездесуге қатысушылар Шығыс Украинадағы жағдайды аймақтағы жанжалды бейбіт реттеу туралы Минск келісімін орындау қажеттігі тұрғысынан талқылаған.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон кездесу басында Трамптың АҚШ-та өткен жылғы сайлауға ресейліктердің араласуына байланысты америкалықтардың алаңдаушылығын жеткізгені туралы хабарлады. Тиллерсонның айтуынша, Путин Мәскеудің әлгіндей іс-әрекеттерге қатысы жоғын айтқан.
Бұдан өзге Тиллерсон АҚШ пен Ресейдің Солтүстік Кореяның қару бағдарламасына қатысты ахуалды реттеуге көзқарасы әрқилы екенін айтты. Оның сөзінше, Вашингтон Солтүстік Кореямен экономикалық байланысы бар Мәскеуді Пхеньянды тежеуге белсенді қимылдауға көндіру үшін оған қысым жасауын жалғастыра бермек.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Трамп пен Путиннің кездесуінде америкалық зымыраннан қорғаныс жүйесі туралы мәселе қозғалмағаны туралы айтты.
Гамбургтегі «Үлкен жиырмалық» (G20) cаммиті кезінде өткен Трамп пен Путиннің алғашқы кездесуі екі сағаттан астам уақытқа жалғасқан.