31 тамыз күні ұйымдастырылған Tour of Almaty-2019 велододасы аяқталды. Екі күнге жалғасатын жарыс үшінші жыл қатарынан жалғасын тапты. Бірінші кезең «Индустриалды паркте» өтіп, 118 шақырымға созылды. Алғашқы кезең жеңімпазы – CCC Development Team командасының шабандозы Патрик Штох.
Екінші таулы кезеңде шабандоздар 160 шақырым жүрді. Бұл кезең Tour of Almaty жарысының бет-бейнесіне айналды. «Халық Аренадан» бастау алған екінші кезең Шығыс айналма жолы арқылы өтіп, әл-Фараби даңғылына келді. Сосын Мұстафин көшесінің маңындағы айналма жолдан Халилин көшесіндегі күрмеуге жетті. 4,5 айналымнан соң пелотон Тұңғыш Президент саябағынан «Медеу» мұз айдынына қарай финалдық бөлімге ұласты.
Жарыс барысында шабандоздар бірнеше мәрте шабуылдар жасап, қызу бәсекеге түсті. Соның ең маңызды тұсы мәреге 2 шақырым қалғанда орын алды. Astana Pro Team шабандозы Юрий Натаров, Gazprom-RusVelo шабандозы Николай Черкасов, Amore&Vita-Prodir командасының өкілі Данило Челано - үшеуі негізгі топтан суырылып алға шықты. Осы үштік жүлделерді сарапқа салды.
Челано екінші кезеңнің жеңімпазы атанса (3:51:57), Черкасов – екінші келді (+0,01). Ал Натаров үшінші келгенімен (+0,04) бір күн бұрынғы жаппай спринттегі уақытының арқасында жалпы жарыстың жеңімпазы атанды. Отандасымыз Gazprom-RusVelo командасының мықтысы Александр Власовтан 26 секундқа, ал Челанодан 38 секундқа басым түсті.