Бүгін Үкімет отырысында ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин өңірлерде өрт сөндіру техникасын жаңартуды сұрады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Елді мекендерді қорғауды қамтамасыз етудің маңызды құрамдас бөлігі ТЖМ бөлімшелерінің техникалық әзірлігіне байланысты екенін атап өткім келеді. 2018-2020 жылдарға арналған тиісті жол картасын іске асыру жарақтандыру деңгейін 40-тан 52 пайызға дейін жеткізуге мүмкіндік берді», - деді министр.
Оның айтуынша, үш жыл ішінде республикалық және жергілікті бюджет есебінен 645 техника сатып алынды (27,1 млрд теңге).
«Осы мүмкіндікті пайдалана отырып Шымкент, Алматы және Нұр-Сұлтан қалалары, сондай-ақ Қарағанды және Алматы облыстары әкімдерінің қолдауын атап өткім келеді.
Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарының белсенділігі төмендеу, ал Магнистау облысының әкімдігі көрсетілген кезеңде бірде-бір техника сатып алған жоқ», - деді Ю. Ильин.
«Қол жеткізілген көрсеткіштерге қарамастан, жыл сайынғы есептен шығаруға жататын ескі өрт техникасы паркін жаңарту талап етіледі. Осыған байланысты, Қаржы министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, алдағы үш жылғы кезеңге (2021-2023 жылдар) арналған жол картасын әзірлеу жүргізілуде», - деді ведомство басшысы.