Бүгін Қазақ тағамтану академиясының президенті, медицина ғылымдарының докторы Төрегелді Шарманов - 90 жаста, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
90 жыл бұрын (1930) медицина ғылымдарының докторы, профессор, Ресей Медицина Ғылым Академиясының және Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ тағамтану академиясының және Профилакториялық медицина академиясының негізін қалаушысы және оның президенті, ДДҰ тағамтану жөніндегі эксперттер комитетінің мүшесі Төрегелді Шарманұлы Шарманов дүниеге келді.
Қарағанды облысының Ұлытау ауданында туған. Қарағанды мемлекеттік медицина институтын және оның аспирантурасын бітірген. 1958-1962 жылдары - Қарағанды облысы Ұлытау ауданында орталық аурухананың бас дәрігері. 1962-1968 жылдары Қазақстан Денсаулық сақтау министрінің Өлкелік патология ғылыми-зерттеу институтында бөлім меңгерушісі. 1968-1971 жылдары Ақтөбе медицина институтының ректоры. 1971-1982 жылдары - Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрі. 1973-1984 және 1988 жылдан КСРО Медицина ҒА-ның Тағам институты Қазақ бөлімшесінің директоры (қазіргі Қазақ тағамтану академиясының президенті). 1985-1988 жылдары - Бүкілодақтық «Тағамтану сұрақтары» атты журналының бас редакторы және Мәскеу қаласындағы Дәрігерлердің біліктілігін жетілдіру институтының тағамтану кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарған.
1995 жылдың мамыр айынан - Қазақстанның Профилакториялық медицина академиясының негізін қалаушысы және оның президенті. 1997 жылдан бастап «Здоровье и болезнь» журналының бас редакторы. Негізгі ғылыми еңбектері тамақтану физиологиясына арналған. Ол тамақтану тәртібінің бұзылу себептерін зерттеп, адам денесінде ақуыз, дәрумен жетіспеу жөнінде тұжырым жасады; мешел ауруының даму механизмін ашты. Оның басшылығымен емшектегі балаларға арналған «Бөбек», «Аруана», «Антихолестерин» тағам қоспалары шығарылды. Оның бастамасымен 1978 жылы Дүниежүзілік денсаулық ұйымы (ДДҰ) мен ЮНИСЕФ-тің Халықаралық Алматы конференциясы өтіп, онда медицина - санатының алғашқы жәрдемнің ұлттық жүйесін ұйымдастырудың ұстанымдары алғаш рет тұжырымдалған Алматы декларациясы қабылданды. Оның жетекшілігімен 60-қа жуық докторлық және 170-тен астам кандидатттық диссертациялар қорғалды. «Қазан революциясы», «Халықтар достығы», «Парасат» ордендерімен марапатталған.
ДДҰ-ның Л.Бернард атындағы сыйлығын (2005) және «Қазақстан Республикасында тағам туралы ғылымның іргелі де қолданбалы аспектілерін дайындау» еңбектер топтамасы үшін Қазақстан Мемлекеттік сыйлығынның иегері және «Ғылым» номинациясындағы «Платина Тарланы» тәуелсіз сыйлығының иегері.
Айта кетейік, елімізде коронавирус инфекциясының таралуына тосқауыл қою мақсатында биыл бірнеше рет сұхбат берген еді. Осы орайда Төрегелді Шарманов қымыздың төрт ерекшелігін айтты.
«Атам қазақтың «Жылқы еті – төсегіңе жатқанша, сиыр еті – бозарып таң атқанша, қойдың еті – келесі күн батқанша» деген қанатты сөз бар. Міне, әр еттің ерекшелігін осыдан-ақ аңғаруға болады», - дейді ол.
Ғалымның айтуынша, науқас адамның асқа тәбеті болмауы мүмкін.
«Ондай жағдайда, құрт қосылған сорпаны өзін-өзі қинаса да, ішуге тура келеді. Ағзаның қорғаныс қабілетін арттыру үшін барынша құнарлы тағам тұтыну қажет. Ол – жылқы еті, ол – қой еті, ол – балық еті, ол – көкөніс. Қымыз бен құрт қосылған сорпаны қайталап айтамын. Әсіресе, қымыз – С дәруменіне өте бай сусын. Ал, жылқы етінің құнары – бекіре балықтың етімен деңгейлес. Дәмі одан да асып түседі. Қойдың еті қорғасын екен деп, одан да қол үзуге болмайды. Мейлінше, сұйық тағамды көбірек ішу керек», - дейді ғалым.
Оның сөзіне қарағанда, қымызды ысытып ішу - дұрыс емес.
Сонымен қатар Қазақ тағамтану академиясының президенті дәл қазіргі уақытта адам денсаулығына қандай тағамдар пайдалы екенін баяндады.
«Сенің өмір сүруіңнің сапасы – ішкен асыңмен өлшенеді. Біз әдетте балалардың амандығын, тоқтығын бірінші орынға қоямыз. Ал қазіргі жағдайда үйдегі кәрілердің қамын бірінші ойлау керек. Себебі балалардың бойында ауруға төтеп берер иммунитет жоғары. Ал үлкен кісілерді бұл індеттен сақтау керек. Моральдық тұрғыда алғанда да үлкен кісілердің амандығын бірінші ойлау керек», - деді ол.
Ғалым қазіргі жағдайда дәрі-дәрмек қымбатқа немесе заңсыз сатып пайдаға кенелгісі келіп жүргендерді жазалауға қатысты пікір білдірген болатын.
«Моральдық тұрғыдан алғанда бұл адам жиіркенетін жағдай. Мұндай қылық біздің халыққа мүлде жат көрініс болатын. Осындай жағдайды жасап отырған адамдарда жүрек жоқ. Мидағы білімді жүрекке түсір дейді. Бұл – қалтасын ойлаған қатігез адамдар. Мұндай оқиғаларды жойып, аластату керек. Бұл адамдарды аяуға болмайды. Адамзат қырылып жатса, дәрілерді тығып, қымбатқа сатуға тырыссаң – адамдығың қайда қалды?» - дейді Төрегелді Шарманов «Antikor Live» жобасында берген сұхбатында.