Павлодардағы концертте дөрекілік көрсетіп, басы дауға қалған әнші Төреғали Төреәлі Алматы шаһарында өткен республикалық ақындар айтысында халықтан кешірім сұрады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Желіде әншінің көрермендер алдында кешірім сұраған сәті түсірілген видео тарады. Төреғали айтысқа жиналған халықтан "Менен басқа не жаңалық болып жатыр?" деп сұрап, жұртты күлдірді. Ал қонақтар эстрада жұлдызын ду қол шапалақпен қарсы алды.
Әнші концертте шыққан шу оған сабақ болғанын жасырмады.
"Сынап та, сыбап та алып жатырсыздар. Ол мен үшін жігерлендіру болды. Сіздердей қорғайтын ел-жұрт барда, қолдайтын Алла барда менің еңсемді тіктеп ұстап жүрмеуге ешқандай қақым жоқ деп ойлаймын, ағайын. Қазақта бір жақсы сөз бар ғой: "Туған жерінің тасына сүрінген ер-жігіттің аяғы ақсамайды" деген. Бұның бәрі мен үшін үлкен сабақ болды. Бұлттан биік болсам да, ұлттан биік емеспін, ағайын. Кем-кетігім болса еркелігім деп, шалалығым болса балалығым деп қабылдарсыздар", — деді Төреәлі.
Жас әнші жасаған қателігі үшін кешірім сұрады.
"Кешірім сұраймын. Сіздерді қатты жақсы көремін. Оны мен сөзіммен растап, ешқандай ақталмай-ақ, жүректеріңіз сезер деп ойлаймын", — деген ол "Ақиқат" атты жаңа туындысын орындап берді.
Естеріңізге салып өтсек, Төреғали Төреәлі төңірегіндегі дау желтоқсан айының соңында шыққан болатын. Әнші Павлодарда өткен концертінде залдағы көрерменге дөрекі сөйлеп, кейін оны қуып шықты. Эстрада жұлдызының сахнадағы ерсі қылығы әлеуметтік желілерде шу болып, қоғамдық резонанс тудырған еді.