Фото:goldenaltay.kz
Қазақстанның кең байтақ өлкесі өзінің алуан түрлі көрікті жерлерімен мақтана алатынын білеміз. Алатау, Алтай мен Тарбағатайдың асуларынан бастап, Үстірттің кең-байтақ даласы өзіне ғашық қылмай қоймайды. Өз еліміздің жауһарларын көзбен көріп, жүрекпен сезініп, көкіректегі "менің елім!" деп кернейтін сезімді шын сезіну үшін саяхат керек. Осы ретте біз еліміздің көрікті жерлерінің бірқатарын ұсынамыз.
Фото:qazaqstan3d.kz
Бурабай
Ақмола облысының солтүстігінде орналасқан қараса көз тойдырар әсем мекен - Бурабай Ұлттық паркі. Көрікті мекен әсем таулары, қарағайлы орманы мен кең, жазық даласымен ғана емес, Бурабай, Шортанды, Үлкен Шабақты, Кіші Шабақты, Қотыркөл көлдерімен де ерекшеленетін өңір. Бурабайдың сәніне сән қосып тұрған "Оқжетпес", "Жеке батыр" сияқты шыңдары да бар.
Сонымен қатар, Бурабай туралы сан түрлі аңыз-әпсаналары келуші туристерді қызықтырып, өзіне тартып тұрады. Сондай аңыздың бірі атақты "Оқжетпес" туралы деуге болады.
Қалмақ қызына Абылай ханның әскерлері "мен аламын" деп таласады. Сонда Абылай жауынгерлерін ренжітіп алмас үшін "Бұйырдым тұтқын қыздың қалауына" дейді. Тұтқын қыз жігіттердің өнерін сынау үшін үш шарт қояды. Біріншісі — Көкшенің ең биік шыңындағы найза ағашқа байланған шәйі орамалды атып түсіруі еді. Қыздан дәмелі хан батырларының барлығы да "шіреніп садақтарын шыңға кезегенімен" ешқайсысы сыннан өте алмайды. Шың содан кейін "Оқжетпес" деп аталыпты мыс.
Фото:qazaqstan3d.kz
Көлсай көлдері
"Көлсай көлдері" Мемлекеттік-Ұлттық табиғи паркінде үш көл бар. Олар - жоғарғы, орта және төменгі Көлсай. Жоғарғы Көлсай теңіз деңгейінен 3000 м-ге жуық, Орта Көлсай (Қайыңды) 2600 м және Төменгі Көлсай 2130 м. биіктікте орналасқан. Көлсай көлдерінің тұмса табиғаты келуші туристерді тәнті етуден шаршамайды. Егер Бурабай елорда тұрғындары мен келуші қонақтарының сүйікті мекені болса, Көлсай Алматыдан бар-жоғы 5 сағаттық жерде орналасқан оңтүстік астана тұрғындары мен қонақтарын күтіп алатын қонақжай мекен. Осы бір Жетісудың жәннатын алуан түрлі өсімдіктер мен аң-құс мекен ететіні тағы бар. Сирек кездесетін жергілікті өсімдіктерге : өрік, Іле барбарисі, долана, ирис Альберта жатады.
Фото:kaz.tengrinews.kz
Шарын шатқалы
Алматы қаласынан 195 км-дей шығысқа қарай орналасқан Шарын шатқалы әлемдегі ең ерекше жерлердің бірі саналады. Қойнауына мыңдаған жылардың сырын бүгіп жатқан Шарын Қазақстанның ғана емес, бүткіл әлем жұртшылығының таңдайын қақтырып отыр. Шарын өзенін 154 шақырым бойлай жатқан шатқалдар солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай 154 км созылып жатыр. Бұл жер бір қарағанда сайын даланы алып жатқан асу-асу біркелкі төбелерден тұратын көрінгенімен, шатқалдардың әрқайсысы өзінше ерекше. Ақтоғай, Көртоғай, Ұзынбұлақ алқабы, Аралық шатқал және Темірлік шатқалдары сияқты өзгешеліктері бар.
Фото:newsroom.kz
Іле Алатауы Ұлттық паркі
Әсем Алатаудың баурайы Іле Алатауы Ұлттық паркі сияқты ғажап табиғатпен де келушілерді қуанта алады. Әсіресе Алматы қаласы мен іргедегі ауыл-аймақтың жиі баратын сүйікті жері деуге болады. Оған 4-Ақсай, Медеу, Талғар және Түрген орман шаруашылығы аумағындағы аласа, орташа және биік тау ландшафтары кіреді. Іле Алатауы Ұлттық паркі арқылы Түрген, Есік, Талғар, Кіші және Үлкен Алматы, Қарғалы, Ақсай, Қаскелең өзендері ағып өтеді. Іле Алатауы бауырына том-том тарихты да басып жатыр деуге болады. Іле Алатауы Ұлттық паркі аумағында Талқыз және Түрген ескі қалашықтарының орны сақталған. Түрген шатқалында ертедегі темір дәуірінің зираттары мен Есік өзенінің бойында сақ қорғандары бар.
Фото:qazaqstan3d.kz
Қатонқарағай
Қатонқарағай Ұлттық паркі Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданына жақын жерде орналасқан. Уикипедия ашық энциклопедиясындағы деректер бойынша оның ауданы 643 мың га, оның 215 мың га-сы орманды алқап, ағаштарының қоры – 24 мың м³, қорықтық аймақ жері 151 мың гектар. Саябақтың пайдаланылатын аумағы – 492 мың га. Солтүстігінде Қызылқарағай және Қатын жотасына ұласа отырып, Ресеймен шектеседі. Шығысында Үкек даласымен (Ресей, Алтай Республикасы) және Қытаймен, оңтүстігінде Темірқаба өзенін бойлай Марқакөл қорығымен шектеседі.
Қатонқарағайдың тұмса табиғаты туралы белгілі жазушы, осы өңірдің тумасы Оралхан Бөкейден асырып жаза алмаспыз. Қатонқарағайдың сұлу табиғаты кез келген адамға шабыт бебері сөзсіз.
Фото: vsegda-pomnim.com
Баянауыл
"Жері кең Баянауыл даңқың асқан, Жер жоқ қой бұл маңайда сенен асқан" демекші, Керекудің жер жұмағы Баянауыл да талай сал-сері, өнер адамы мен ойшыл-ғалымдарды дүниеге әкелген киелі өлке. Павлодар облысына қарасты Баянауыл Ұлттық паркінің аумағы үш орманшылығына бөлінген: Баянауыл орманшылығы — 19 188 га, Жасыбай орманшылығы — 22 904 га, Далба орманшылығы — 8 596 га, Кеңейтілген парк аумағы — 17 764,8 га. Баянауылда Жасыбай, Сабындыкөл, Торайғыр көлдеріне шомылып, демалуға болады. Ал "Найзатас", "Жұмбақтас", "Көгершін", "Атбасы" сияқты жартастар аймаққа тылысым күш пен өзіндік атмосфера сыйлап тұратындай.
Фото:inform.kz
Ырғыз-Торғай қорық аймағы
Жорытқан құлан, көшпендінің рухы, жайсаң дала. Бұл Ырғыз-Торғай қорық аймағы туралы. Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданында орналасқан мелекеттік резерват сайын даланың ақ партшасы - ақбөкенді осы аймаққа өсіріп, баптау үшін құрылған екен. Бүгінде табиғатпен етене астасып, кең даланың тылсым күшін сезіну үшін осы аймаққа жылына 300-дей турист баратын көрінеді.
Фото:inform.kz
Қарқаралы
"Қарқаралы басында жалғыз арша" деген Мәди Бәпиұлының әнін естігендер мүмкін бұл жерді тақыр жер деп ойлар, бірақ Қарқаралы талай сал-серінің әніне арқау болған сұлу жер. "Арқаның алтын тәжі" атанған Қарқаралы бүгінде мемлекеттік ұлттық табиғи паркі болып саналады. Ол Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы таулы-орман ландшафты. Қарқаралы тауларында Қарқаралы, Қопа, Аюшат, Қаракеңгір, Кент тауында Қызылкеніш, Қадыр өзендері, Шайтанкөл, Бассейн, Үлкенкөл, т.б. көлдері бар. Шағын суқоймалары, суға толы гранитті жартас шұңқырлар кездеседі.алуан түрлі өсімдіктер мен ағаштардың, аң-құстың мекеніне айналған жер. Тау сайланыңан аққан бұлақтар сылдырлап ағып, ірілі-ұсақты өзендерге жалғасып жатыр.
Фото:inbusiness.kz
Үстірт
Барған адамның таңдайын қақтырмай, көзіне от жақтырмай қоймайтын ерекше сұлулығымен көздің жауын алатын - Үстірт жазығы тылысым күшке ие алып мекен. Батыста Маңғыстау түбегі мен Қарабұғазкөл шығанағы, шығыста Арал теңізі мен Әмудария атырауы аралығын алып жатқан дөңесті аймақ. Оның бір бөлігі өзіміздің Маңғыстауға кірсе, арғы шеті Өзбекстанға қарайды.
Фото:qazaqstan3d.kz
Ақсу-Жабағылы
Жамбылдың топырағы да аяқ басқан адамды таңқалдырмай қоймайды. Туристердің қызығушылығын оятатын жер мұнда Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығы. Қорық Талас Алатауының (Батыс Тянь-Шань) солтүстік-батыс бөлігін және Өгем жотасын алып жатқан Қазақстандағы тұңғыш қорық деп жазады Уикипедия. Ақсу-Жабағылы Қазақстанның ең көне қорығы, сонымен қатар Орталық Азиядағы ЮНЕСКО биосфера қорығы дәрежесін алған ең алғашқы қорық екен. Теңіз деңгейінен 1000 м-ден 4280 м аралығындағы биіктікте Тянь-Шань тауларында орналасқан көрінеді.