14 қыр, 2020 сағат 15:30

«Томирис» Париждегі кинофестивальде топ жарды

«Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Томирис» кинотуындысы Парижде өткен 26-шы L’Etrange Festival кинофестивалінің толық метражды фильмдер секциясында Nouveau Genre гран-приін жеңіп алды. Қазақстан кинематографиясы үшін мұндай қуанышты жаңалықты фильмнің режиссері Ақан Сатаев бөлісті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Достар, қуанышты жаңалықты бөлісуге асықпыз! «Томирис» кинотуындысы Парижде өткен 26-шы L’Etrange Festival кинофестивалінің толық метражды фильмдер секциясында Nouveau Genre гран-приін жеңіп алды. Фестиваль серіктестерінің бірі, әлемдегі ең ірі француз тіліндегі ақылы телеарна CANAL+ біздің фильмді прайм-таймда көрсетеді» деп жазды Ақан Сатаев Instragram парақшасында. 

Еске сала кетейік, былтыр жарыққа шыққан кинотуынды біздің заманымызға дейінгі VI ғасырда болған оқиғаны суреттейді. 

Фильмде кішкентай қыздан айбынды жауынгерге айналған, жақындарынан айрылып, сатқындардан өшін алған және сақ тайпаларын біріктірген ұлы даланың аты аңызға айналған Томирис патшайымының тағдыры баяндалады. 

Фильм ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен «Қазақфильм» киностудиясында Sataifilm компаниясының қатысуымен түсірілген. Әлия Назарбаева бас продюсер болған фильмге Ақан Сатаев режиссерлік еткен. 

Фильмнің басты рөлдерінде Альмира Тұрсын, Әділ Ахметов, Азамат Сатыбалды, Еркебұлан Дайыров, Берік Айтжанов, Аян Өтепберген, Асылхан Төлепов сынды актерлер ойнады.