Қазан айының 24-28 күндері аралығында Алматы шаһарында өтіп жатқан "Бастау" халықаралық кинофестивелі шеңберінде режиссер Елзат Ескендірдің "Өліара" фильмі көрсетілді. Аталмыш туындының тұсау кесері Оңтүстік Кореяда Пусан кинофестивалінде өткен болатын. "Өліара" фильмі Азия киноиндустриясында ғана емес әлемде шоқтығы биік кинобайқауда "Ең үздік қысқаметражды фильм" атанған еді.
Адалдықтың ала жібін аттаған жан қойыннан шыққан сұр жыланмен тең. Бұл бәріне қатысты. Жарға да, жолдасқа да. Қазақтың қадірлі классиктерінің бірі – Оралхан Бөкейдің "Өліара" туындысын көгілдір экранға алып келген Елзат Ескендірді де осы ар, намыс, тектілік мәселері толғандырған болса керек. Толғандырмағанда ше? Құлқының құлы болғандар – қай заманның да қайғысы.
Режиссер өз ойын қысқаметражды көркем фильм арқылы тым ерекше кестелеген. Стилистикалық жағынан бөлек, шиеленісті сәттерді ашып көрсетпей, ойды одан әрі өрбіту мүмкіндігін көрермен еншісіне қалдырған. Содан болса керек, кеудеде қалған сауал көп.
Біріншісі, әйел арсыз қадамға барды ма? Елзат мырзаның айтуынша, іс-әрекеттің орын алуы, шын мәнісінде, маңызды емес. Ең бастысы – ой. Адалдық сана мен жүректе қалмаған болса, ар жағы айтарлықтай әңгіме емес. Бұл жауапты естіген көрермен санасы бір сілкінуге тиіс болатын. Лайым, солай болды деп сенейік. Құйтырқы қылықтар құпия болудан қалған қазіргі заманда адам арсыз ойларға бейім екендігін бейсаналық деңгейде ұғынудан қалған ба? Терең пәлсапалық шешім іздеудің орнына, көпшілікті көрпе қызықтырғаны қалай? Жас режиссердің берген жауабы жүректерге ой салып, залда болғандар (тек олар ғана емес) бұдан былай әр көрген-білгенінен өз жүрегін аққа жақын болуға бағыттап, пиғылының пәктігіне жетелейтін жолда жұмсауға бел буған шығар.
Екінші, фильм соңында көрермен ойында "Ертең не болар екен?" деген сұрақ пайда болады. Бірі өліара мезгіл өтіп, арсыздық ашылып тынар десе... Енді бірі алданған отағасы өз өмірін қиды деседі. Қанша көрермен болса, сонша жауапсыз сұрақ... Қатардағы көрермендердей мен де көкейкесті ойлармен арпалыстым да қалдым. Меніңше, шопан қарт жарының жан тазалығын жоғалтқанын әу бастан-ақ білген. "Дала философын" әйелдің әумесерлігі қызықтырсын ба?! Енді қалған қамшының сабындай қысқа ғұмырын уақыт толқынына тербеле сабырмен сүре бермек...
Фильмде өзгелерінен өткен терең кадр бар. Иә, сол. Айна. Әйел бейнесі. Балта. Адалдықтықтың тамырына балта шапты деп ұқтым. Бір ауыз сөзсіз, бір ғана кадр. Қалай тауып жеткізген. Шедевр!
Бір қызығы, режиссер әдетіне салды: "Бұл сценада ешқандай пәлсапа жоқ". Қиял тұманы әп сәтте сейілді де қалды.
Бұл да тапқырлық болар. Отыз-ақ минут. Отыз мың сұрақ пен ой. Бұдан асқан қандай шеберлік керек?!
Отыз минут демекші, тез бітті, тоймай қалдық. Атмосферасының тұңғиығына әр кадр сайын тереңдеп, батып барасың. Кенет кесілді де қалды. Ес жиып үлгермедік. Аздап аштық сезімі қалды. Жақсы мағынада.
Туындының ішкі қайшылықтар мен сырлы сезімге жетелейтін аурасы арбап алады. Ай дала. Жалғыз үй. Аз сөзділік. Қалыпты өмір. Сыртқы сабырлылық. Ішкі арпалыс. Өліара.Тереңдей бересің...
Жалпы, фильм бастан аяқ ерекше үйлесімді кадрлардан құралған. Олай дейтін себебім, әр кадрды бөлек-бөлек алатын болсақ, визуалды эстетикасынан бөлек, әрқайсысының эмоцияға қанық дәмі бар. Қиялы қарыштаған көрермен, оларды одан әрі өрбітіп, өзіндік жеке пәлсапа пен сюжетке тұндыра алады. Біле білгенге, фильмді тамашалай отырып, қазақ ауылының жұпыны болса да шынайы тірлігінен көркемдік көруге болатынын ұғасыз.
Басында орын алатын монтажды жапсырмасыз бір кадрлы сцена режиссердің ерекше стилистикасынабірден бойлатты. Соңына дейін сол ерекше атмосфераны сезумен болдық.
Кино өнеріндегі қадамын классиканың кірпішінен қалауды жөн көрген режиссер жас болса да, көкірегі терең, айтары мол. Өйткені, әдеби көкжиек кең. Кітаптан туған кино кем болмайтыны жақсы біледі. Оның үстіне, өз әдебиетіміз.
Айтпақшы, Дулыға Ақмолданың айрықша актерлік аурасы экранның ар жағынан-ақ алдыңда тұрғандай баурап алды. Ескі мотоцикл. Былғары күрте. Американдық джинс шалбар. Шылым. Кейіпкер бейнесіне сай бетпақтық, немқұрайлылық. Сұқтанған көзқарас. Осындай образда осыншама үйлесімді болуға бола ма?! Кез келген кейіпкерді келісті келтіретін Дулыға аға – нағыз актер.
Айымгүл Оралқызы
"Массагет" порталы