20 там, 2016 сағат 15:45

Төлендиев төңірегендегі дау: әртісті аяқтан шалу кімге пайдалы?

ЖАМАН БОЛА АЛМАЙДЫ, БОЛҒАНДЫ КӨРЕ АЛМАЙДЫ

немесе

қаралау, аяқтан шалудың кезегі Нұржан Төлендиевке жетіпті

Нұржан Төлендиев – мойындалған талант. Бүтін халықты мойындатып, сахнадан ойып орын ала білу көп өнерпазға бұйыра бермейтін бақ. Халықтың сыны қай кезде де қатал. Халықты жай, болмашы жылтырақпен алдау мүмкін емес.

Нұржан Төлендиев – қазақтың қазіргі заманғы сатира өнеріне, комедия жанрына сілкініс әкеліп, қазақы қалжыңға әдемі леп беріп жасқа да, жасамысқа да танымал болған жан.

Бойына біткен ерекше әртістік қабілеті, шешендігі, байқампаздығы, қарапайымдылығы, еңбекқорлығы жинақтала, шыңдала келе халықтың ұлына айналды.

Заман өзгерісі адамның кәсібіне де өзгеріс әкеледі. Рас, әнші, әртіс, биші, тілші, ақындардың көбісін тойда кездестіретін болғанымыз да рас. Бұл бір жағынан халықтың қалауы. Өздері құрметтейтін өнер адамдарымен етене жақын болғысы келетін қазақы мінез де осыны қажет етеді. Тіпті тойларына шетелдіктерді де мыңдаған, миллиондаған доллармен шақыратындар да бар ғой. Ол енді басқа тақырып.

Өз тақырыбымызға оралсақ, 15.08.2016 күнгі «Замана» газетіне Г.Халыққызы деген автордың  «Тойға жалдаған асабаңыз алған ақшасын ақтады ма?» деген тақырыптағы мақаласы жарық көрді. Нұржан Төлендиевтің жеке басына тиісуге арналған тапсырысты мақала оның қол жеткізген жетістіктерін, халық алдындағы абыройын көре алмайтын бақыраштардың тарапынан жасалған кезекті жол тосу әрекеті дегеннен басқа айтарымыз жоқ. Нұржанның атын қаралау арқылы өздерінің атын шығарғысы келгендердің де пейілі анық көрініп тұр.

Ақын Мұхтар Шахановтың осы тұрғыда:

...Атыңды, даңқыңды шығарғың келсе осы заманда,

Жерден ап, жерге сап атақты тұлғаны жаманда.

Зорлығың ерлікке телініп, зорайып бағаң да,

Бір күнде-ақ белгілі боласың қоғамға... дегені айнымай келіп тұр.

 Сенбі күні «Екі жұлдыз» салтанат сарайында үйлену той өткізген той иесі мен сол тойда бастан-аяқ қатысқан куәгердің де сөйлеген видеосы «Медиада Н.Төлендиевке қарсы жасалған арандатуларды той иелері мен куәгерлер жоққа шығаруда» деген тақырыпта ғаламторға жүктеліпті.

«Жаптым жала, жақтым күйелеріне» елдің көзі нақты айғақты көре сала жетеді. Бұдан кейін енді автор – Г.Халыққызы мен мақаланы жариялардан бұрын істің ақ-қарасын ажыратып алмаған газет редакциясы қандай уәж айтар екен.

Баспасөздің, медианың кейде «бояушы, бояушы десе сақалын бояпты» дегендей, «түймедейді түйедей етіп, болмағанды болдыға» жатқызып жіберетін тұсы бар. Жел сөзді дер кезінде тоқтатпаса, ауа жайыла тез тарап, өзгелерді иландыра түсетіні де рас. Сондықтан Нұржан Төлендиев өзінің азаматтық құқығын қорғай отырып, негізсіз қаралау мақаланы жариялағаны үшін редакциядан және автордан газет бетінде кешірім сұрауды талап етуі керек.

Нұржан Төлендиевтің талантының өлшемі мен өнерпаздық бағасын жалған пиаршылар емес, халық әлдеқашан беріп қойғанын кейбіреулер әлі де білмей жүрген сияқты. Әйтпесе, бұдан бұрын да қаншама тойды жүргізіп жүрген тәжірибесі бар, өз кәсібінде кемелденген Нұржан Төлендиев дәл ондай сорақы сөздерді қолданып, оспадар қалжың айтты дегенге кім сенеді. Олай болатын болса «ел құлағы – елу» баяғыда-ақ оның оғаш қылықтары туралы жария болар еді.

«Жақсының артынан сөз ереді» деген сөз бар халықта. Қаңқу, өсек-аяң, қаралау, аяқтан шалудың кезегі Нұржан Төлендиевке жетіпті. Бірақ мұндай ұсақтық, жалған жала оның сағын сындыра алмайтынына сенімдіміз.

Айдар Наурызбаев

Түркістан қалалық сазды-драма театрының актеры, режиссеры.

«М.Шоқайдың 125-жылдығы», РФ-ның «Адал Еңбегі Үшін» төсбелгілерінің иегері

Ұлт порталы