14 мам, 2020 сағат 17:40

Төлебиде су тасқыны: көпірлер бір тәулікте қалпына келтірілді

Төтенше жағдай жарияланған Төлеби ауылындағы Қасқасу елді мекенінде орналасқан 2 көпірді толық су шайып кеткен, бір көпірге зақым келген. Жергілікті маңызы бар тағы бір көпірді су шайған. 4 көпірді толық ретке келтіру жұмыстары тынымсыз жүріп жатыр, - деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Нәтижесінде екі өткел толық ретке келтіріліп, ауылдар арасындағы байланыс ашылды. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимовтің мәлімдеуінше, қайта қалпына келтіру жұмыстары қысқа мерзімде жүзеге асады.

«Орташа жөндеу жұмыстары тынымсыз жүргізіліп жатыр. Қасқасу елдімекеніндегі шайылған құбырларды қалпына келтіру мақсатында тиісті техника жұмылдырылып, материалдар жеткізілді. 4 көпірдің екеуі бір күнде қалпына келтірілді. Тағы бірі реттеліп, жаяу жүргіншілер үшін ашылды. Ертеңге дейін аяқтап, көлік жүру үшін ашамыз. Соңғысына қатысты жұмыстар қаржы мәселесінің шешілуін талап етеді. Сондай-ақ бұл жұмысқа 20 техника және 21 жұмысшы жұмылдырылды», – деді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов.

Сонымен қатар Төлеби ауданының Қасқасу, Кеңесарық, Қосағаш, Екпінді, Біркөлік, Киелітас, Достық ауылдары мен Леңгір қаласының аумағында орналасқан елді мекендерінде жаңбыр суы жиналған.

Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, аталған елді мекендерден өтетін аудандық маңызы бар жолдар мен ауыл көшелерінен бөлек, бірқатар облыстық маңызы бар жолдарға да зақым келген.

Еске сала кетейік, Түркістан облысының Төлеби, Қазығұрт, Бәйдібек аудандарында нөсер жауыннан кейін сел жүріп, үй аулалары мен көпірлерді су алып кеткен еді.