Төлеби ауданындағы селден зардап шеккен аумақтарда болған Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланып, арнайы штаб құрылғанын айттты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Соңғы ақпараттарға сәйкес, таулы аудандағы арық-атыздар мен қыр-сайлардан жиналып аққан жаңбыр суы елді мекендерге жайылған. Салдарынан 6 елді мекендегі 260 тұрғын үйдің ауласына су кіріп, ондағы тұрғындар мектептерде ашылған эвакуациялық орталықтарға көшірілген. Әзірге мамандар 27 үйдің құлау қаупі бар екенін айтады. Тосыннан келген табиғи апат салдарын көрген өңір басшысы жұртты сабырға шақырып, жағдай реттелетінін жеткізді.
«Төлеби ауданында айналасы 40 минуттың ішінде 1 айлық жаңбыр жауған. Бұл соңғы жылдары алғаш рет орын алған табиғи құбылыс. Қауіпсіз аумаққа көшірілгендеріңіз дұрыс болды. Үйлерді полиция қызметкерлері күзетеді. Ол жағын уайымдамаңыздар. Саман үй құласа, өздеріңіз үшін қауіпті. Барлық аудандар осында көмекке келіп жатыр»,- деді Өмірзақ Шөкеев.
Бір түнде табиғи апаттан зардап шеккен төлебиліктерге көршілес Қазығұрт, Сайрам және Ордабасы аудандарынан көмек келіп жетті. Төтенше жағдай қызметкерлері халықты эвакуациялап, оларды қажетті заттармен және ыстық тамақпен қамтамасыз етуде.