15 қыр, 2020 сағат 13:26

Тоқтатылған рейстердің билетін сатып алғандарға 55,2 млн теңге қайтарылды

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті тоқтатылған рейстер бойынша тұтынушыларға 55,2 млн теңгені қайтаруға көмектесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Комитетке барлығы 409 тұтынушы өтініш берген, жалпы сомасы 55,2 млн теңгеге 847 билет сатып алынған. 847 билеттің 280-і халықаралық әуе рейстеріне сатып алынған, қалған билеттер ішкі рейстерге тиесілі. 

Ең танымал халықаралық бағыттар: Франкфурт, Лондон, Дели, Дубай, Анталья, Прага, Ыстанбұл, Тегеран, Токио, Сеул, Бангкок, Лас-Вегас, Краснодар, Мәскеу, Сочи, Санкт-Петербург, Новосибирск, Батуми, Тбилиси, Астрахань, Киев, Екатеринбург, Душанбе, Бішкек. 

Комитеттің мәліметінше, тоқтатылған әуе рейстерінің билетінің құнын қайтару жөнінде өтініш білдіргендердің жартысынан көбіне қаражат қайтарылған. Осы бағытта байланысты жұмыстар жалғасуда, ТҚҚК-ке жүгінген әрбір құқығы бұзылған тұтынушыға жәрдем көрсетеді.

Естеріңізге сала кетейік, Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті «Бек Эйр» АҚ-на қатысты 3-ші талап арыз Алматы қаласы Түрксіб аудандық сотының қарауында жатыр. 212 билет сатып алған 108 азамат жалпы сомасы 7,6 млн теңгесін қайтаруды талап еткен. Алғашқы сот отырысы 11 қыркүйекте өтті. Келесі сот отырысы 29 қыркүйекке белгіленген. 

Сонымен қатар, 18 қыркүйекте Алматы қалалық сотында азаматтық істер бойынша апелляциялық сот алқасында комитеттің бірінші талап арызы бойынша 17 маусымдағы «Бек Эйр» АҚ апеляциялық шағымы жөніндегі соттың шешіміне қатысты бірінші отырысы өтеді.

Сондай ақ, «Бек Эйр» АҚ комитеттің екінші талап арызы бойынша Алматы қаласы Түрксіб аудандық сотының 24 шілдедегі шешіміне қатысты аппеляциялық шағым берді.