25 қыр, 2017 сағат 17:57

Тоқтамыстың қабіріне қатысты тарихи дерек

Тоқтамыс (1380-97/98) Маңғыстаудағы жергілікті билеуші Тойқожа ұғланның ұлы, ол шамамен 1350 жылдары туған [1] деп саналады. Бұл өңір Ақ Орданың ханы Орыстың (1361-1376) қарамағындағы өлкеге жататын. Тарихшылар Ақ Орданың Алтын Ордадан бөлініп, жеке мемлекет болуын [2] осы Орыс ханмен байланыстырады. Ол 1374-75 жылдары Алтын Орданың астанасы Сарайды басып алды [3], ал Ақ Орданың астанасы етіп Сығанақты орнықтырды және оны жоғары деңгейдегі қалаға жеткізді. Орыс хан Жошының 13–ші ұлы Тоқай Темірдің ұрпағы [3, 140]. Оның шежіресін Әбілғазы хан [4] былай деп көрсетеді: Шыңғыс хан – Жошы хан – Тоқай Темір – Өзтемір – Хожа Бадақұл ұғлан – Орыс хан.

Тоқтамыстың да тегі жоғарыдағы Өзтемірден тарайды: «Өзтемір – Сарымша Көнжек ұғлан – Тоққұл қожа ұғлан – Тойқожа ұғлан – Тоқтамыс хан. Оның сегіз ұлы бар еді: Жалелетдин, Жаббарберді, Күйіккерімберді, Іскендір, Әбусағит, Көжек, Қадірберді, Тоққылықожа. Мұның інісінің аты Түлік Темір (Тоқтамыстың /түсінік берген – Б.О./), оның ұлы Шина, оның ұлы Хасан ұғлан, оны ешкілі Хасан дер еді. Оның ұлы Мұхаммед хан, оның ұлы Тастемір, оның ұлы Ғаяталдин хан, оның ұлы Хажыкерей. Оның сегіз ұлы бар еді: Дәулетияр, Нұрдәулет хан, Хайдар хан, Құтлық Заман, Келдеш меңді, Керей хан, Жамғұршы, Өзтемір. Қырымның патшалары Хажыкерей нәсілінен, бірақ жердің қашықтығынан олардың қайсысы қашан патша болғанын айту өте қиын болды» [4, 118-119].

Орыс хан Алтын Ордаға шабуыл қарсаңында қарамағындағы әмір-бектерге әскер жинауды тапсырады. Бұл ой көптеген ұғландарға, бектерге ұнамайды. Солардың ішінде Тоқтамыстың әкесі Тойқожа ұғлан да бар еді. Ол Орыс ханның шапқыншылық жоспарына қарсы шығады. Осы себептен Орыс хан таққұмарлық ойынан туған, қандастарын себепсіз қанды қырғынға ұшырату мүддесіне қарсыларды, оның ішінде Тойқожа ұғлан мен Едігенің әкесі Құттықияны өлтіреді [5]. Дәл осы жағдай Тоқтамыс пен Едігенің бірігіп, Орыс ханға қарсы жорық ұйымдастыруына бастама болған деуге болады.

Тоқтамыс Орыс ханнан қашып, Әмір Темірді паналайды. Темір бұл жағдайды өз мақсатына орайлы пайдалануды қөздейді. Қасындағы қуатты көршісі Алтын Ордаға шабуылды ойға алған Орыс ханның келешектегі өзінің де қарсыласы болатынын сезген еді. Бұл тұрғыда өзгенің қолымен от көсеуді көздеген Әмір Темір Тоқтамысқа әскер беріп, Орыс ханға шабуылдатады. Тоқтамыс Орыс ханнан бірнеше рет жеңілсе де, Темірге қайтып барудан жалықпайды. Әмір Темір де қайтадан әскер беріп, жаңа шабуылға жіберуден бас тартпайды. Ақыры Орыс хан өлгеннен кейін оның екі баласын да өлтіріп, жеңіске жетеді. Алайда Тоқтамыс өзі хан болып алғаннан соң бұрынғы достықты есінен шығарып, Әмір Темірдің өзіне қарсы шығады. Ал Едігемен екеуінің арасындағы достықтың бұзылуына да осы жағдай, яғни, Тоқтамыстың Әмір Темірдің жақсылығына жамандықпен қарымта қайтаруы негіз болған сияқты. Бұған қосымша әрі негізгі себеп те бола алатын бір оқиға бар. Ол Тоқтамыстың кезекті бір шабуылында Әмір Темірге де, Едігеге де қасиетті рух болып саналатын Әзірет Сұлтан Қожа Ахмет Йасауидің мазарына да шабуылдап, құнды жәдігерлерді тонауы [6] саналады. Бұл деректі Е.Массон Әзірет Сұлтан мавзолейіне арналған еңбегінде айтып өткен.

Бұл шабуыл – Әмір Темірдің Қ.А.Йасауиге арнап жаңа кесене салуынан бұрынғы уақыттағы, түркілердің пірінің ескі мазарына жасалған шабуыл. Уикипедияда «Әмір Темір Әзірет Сұлтанның қазіргі кесенесін салдырғанға дейін Йасы қаласында Қ.А.Йасауидің ескі мазары болған», «Шараф әд-Дин Әли Йездидің хабарларына қарағанда 1388 жылы Ясыны Тоқтамыстың әскерлері талқандап, түрік тайпаларының қасиетті мекеніне айналған Қожа Ахмет Ясауи мазарын тонайды. Әмір Темір Тоқтамысты талқандағаннан кейін жаулап алған олжаның бір бөлігін Қожа Ахмет Ясауи кесенесін салуға жұмсайды» [7] деген деректерді келтіреді. Тоқтамыстың осындай жорықтарынан кейін Әмір Темір мен Едіге бірігіп, Тоқтамысты тәубеге келтіру жорықтарын бас­тайды.

Токтамысс-----
Ең негізгі екі жорығы 1391 және 1395 жылдары өтті. Темірдің соңғы жорығынан кейін Тоқтамыс қашқындық өмірді бастан өткізді. Көп деректер Тоқтамыстың қашқындық сапары Еділдің оң жағалауынан сол жағалауына өтіп, солтүстікке, нақты айтқанда, Сібірге бет алғанынан хабар береді. Ол туралы Ә.Сарай: «Ақсақ Темірдің өзі Тоқтамыстың ізінен қалмады. Бірақ солтүстіктің қалың орманы, көлкіген қарғын сулары, көз байлаған тұманы мен суық түндері кез келді де, мұндайды көрмеген, жылылыққа үйренген ләшкер тосылып қалды. Тоқтамыс із тастап, ұстатпай кетті. Ақсақ Темір Укекті (Саратовты) алып, Илецкге жетті де, қолға іліккен асыл бұйым, қымбат заттарды арбаға тиеп, 26 тамызда ат басын кері бұрды» [5, 447] дейді. Әмір Темір ары қарайғы Тоқтамысты қуу жорығын Едіге мен Шәдібек ханға тапсырған сияқты.

Жоғарыда келтірген Тоқтамыс пен Әмір Темірдің жаулығының себебін Тоқтамыстың өзі де біліп, мойындаған екен: «Отырардағы Бердібектің ақ сарайында отырғанда, нөкерлері Тоқтамыстан елші келгенін хабарлады. Елшілікке келген арғын Қарақожа баһадүр екен. Ол еңкейіп кілемді сүйіп, Тоқтамыстың сәлемін жеткізді: «Маған істеген игі істеріңізге жамандықпен жауап беруім – мені осындай мүшкіл халге жеткізді. Ендігі жалғыз үмітім – сіз кешіре ме деген дәме. Егер ол рахымға қол жеткізсем, сіздің дегеніңізден шықпауға уәде етемін».

Ақсақ Темір елшіге сый-құрмет көрсетіп, мына сапардан қайтып оралысымен Жошы ұлысымен шұғылданып, оны Тоқтамысқа қайтып әперуге уәде етті. Қарақожадан Тоқтамысқа сый-сияпат жіберді (Тамерлан. М., 458-459, 499-500-бб.).

Бірақ уәде орындалмады, бір айға жетпей Ақсақ Темір Отырарда адам айтқысыз азаппен жан тәсілім етті. 1406 жылы Тоқтамыс та қаза тапты. Орыс жылнамалары оны Темір-Құтлықтың мұрагері Шәдібектің қолынан Төмен тарапында қаза тапты деп көрсетеді (Карамзин Н.М., Т. V, 111-б.). Жирмунскийдің айтуынша: «Осында (Тюменде) бір төбе бар, жергілікті мұсылмандар оны Тоқтамыс моласы деп тәу етеді» (Жирмунский В.М., 370-б.)» [5, 451].

Біз бұл деректерден «Тоқ­тамыс Ресей жеріндегі Тюмень қаласының аймағында қаза тапты» деген хабар-ошардың да бір негізі болғандығына көз жеткіземіз. Енді сол орыс жылнамаларына зер салайық: «Тохтамыш окончательно было утратил политическое влияние, однако в последние годы стал склоняться к миру с Тамерланом, к которому даже отправил посольство. Поэтому Едигей после этой громкой победы не оставил Тохтамыша в покое и в течение продолжительного времени с переменным успехом боролся с ним. Тамерлан скончался в 1405 году, а Тохтамыш в 16-м сражении с Едигеем и Чокре был окончательно разгромлен и убит. Под 1406 годом Архангелогородский летописец (входит в Устюжский летописный свод) сообщает (л. 215 об. — 216):

Тое же зимы царь Женибек уби Тактамыша в Сибирскои земли близ Тюмени, а сам седе на Орде.[5] [8].

Тоқтамыстың Сібір жерінде қашып жүргеніне қатысты бір деректі Мәшһүр Жүсіп те келтіреді: «Сонда Нұралының өшігіп іздегені сондай Тоқтамыс қайда қорғалап барса, жанын қоярға жер таптырмапты.

Ол заманда Әмір Темір көреген бар екен, ол да Тоқтамысты қорғалата алмапты. Тоқтамыс сол қашқаннан қашып, Ертіс өтіп кетіпті. Бір қопаға барып қорғалапты. Жалаң аяқ екен, аяғын қамыс тіліп, қанап, сол қанның аққан ізімен бұлжытпай тауып өлтіріп, қопаның жағасына сүйретіп алып шығып көміпті. Бұл күнде сол қопаны Баян қопасы дейді» [9].

Төмен жағында тағы бір моланың болуына қатысты келесі бір қисынды болжам бар. Ол – Нұрадын Тоқтамысты өлтіргеннен соң оның басын кесіп алып, Сібірдегі Шәдібек хан мен Едігенің қолына беруі, содан соң бастың сол жақта жерленуі [10] туралы Б.Қорғанбековтің пікірінің дұрыстығы ақылға қонады.

Бұрынғы жарпиланымнан [11] үзінді келтірейік:
«Бұл әңгіме Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы Қыраш ауылының әкімшілігіне қарайтын, осы ауылдан 12 шақырымдай жердегі Тоқтамыс тауы аталып кеткен жердегі ескі зираттарға байланыс­ты.

«Тау» дегеннен гөрі «төбе» деп атауға лайықты қыр басында тас­тан үйілген ескі қабір белгісі бар. Сондай-ақ оны айнала қоршаған осындай қабір іздері сақталған. Мұны халық Тоқтамыс пен оның қырық (кейде қырық екі) нөкерінің зираты дейді. Бүгінгі жұрт бұл Тоқтамыстың кім екенін анық білмейді. Алайда ел аузындағы әңгімелер мен кейбір зерттеулер оның Алтын Орда ханы Тоқтамыс Түйе-қожа (Тойғожа) Ұғыланұлы екеніне меңзейді. Сондықтан ғалымдар мен зерттеушілер, журналистер оны осы хан Тоқтамыс деген тоқтамға келген. Мәселен, белгілі қаламгер Ж.Әлмаш еңбегінде, филология ғылымдарының кандидаты А.Дүйсенбінің «Түркі аңыздары мен әфсаналары» атты монографиясында, А.Тәшенованың 2011 жылы Тараз қаласында жарық көрген «Жас ғалым» жинағына енген мақаласында, «Жаңақорған тынысы» газетінің байырғы әрі белгілі тілшісі Қ.Ертасов, тағы басқалардың мақалаларында осылай деп көрсетіледі. Біздің қастерлі мұрамыз «Едіге» жырында айтылатын Тоқтамыс туралы деректер де осыған саяды. Жырда Едігеден қашқан Тоқтамыс әуелі Телікөлге барып паналағаны, одан кейін Көкүлдінің көліне қашқаны былай суреттеледі:
Телікөлге барармын,
Телікөлден қорықсам мен,
Көкүлдінің көліне
Баса барып жатармын,
Тілеуімді тілеп тұрғайсың… (Ш.Уәлиханов, Ә.Дибаев нұсқалары бойынша).

Қабірлі төбенің шығыс жағында жаудан қашқан адам паналауға аса қолайлы, дәл жанына барғанға дейін байқала қоймайтын терең көл бар. Дәл жырда айтылғандай ну қамысты. Қазір ел оны жай ғана «тоған» деп атайды. Олай атайтын жөні бар, өйткені көлге жеті бірдей бұлақ құяды. Бір кезде ол көлдің «Көкүлді» аталғанын айтып отыратын үлкендер бұл елде әлі таусылып болған жоқ. Ал Телікөл – Жаңақорғанға көрші Шиелі ауданы аумағындағы, Бетпақдала шегіндегі көл».

Осы Тоқтамыс атауына қатысты деректерді дәл осы жердің тумасы, жақында ғана марқұм болған көрнекті жазушымыз Д.Досжанов [12] та өз әкесінен естіп, деректі хикая жазып кеткен екен. Хикаяның аты «Әмір Темірмен ұстасып нең бар еді, ханзадам» деп аталады. Онда Тоқтамыс ханға қатысты оқиғалар қысқаша мына түрде баяндалады. 1974 жылы жазушы Қырымдағы Ялтаға демалысқа барған. Бір күні демалыс орнының қызметкерлері сол маңайдағы Керей ханның сарайына, Бақшасарай фонтанына көптеген туристермен бірге жазушыны да сапармен алып барады. Сол сарай тау бөктерінде екен. Онда Тоқтамыстың қызы Ханша Бибінің қорымы [8] да орналасып, оған ескерткіш тақта да қойылыпты. Осыны көргеннен соң Тоқтамысқа қатысты оқиға есіне оралған болуы керек.

Одан бір жыл бұрын, 1973 жылы, ол туған ауылы Қосүйеңкіге барып демалған. Сонда әкесінің аузынан Тоқтамыс бұлағы туралы естіп қалып: – Ол қай Тоқтамыс? – деп сұрақ қойған. Сонда әкесі мына оқиғаны айтады: «Ол жердің тарихы мол, – дейді әкем жанарына мұң ұялатып. Есте жоқ ескі мезгілде мына боз даланы дүбірге толтырып, Тоқтамыс есімді хан ғұмыр кешіпті. Жорықтан қайтып келді ме, әлде жорыққа аттанып барады ма, ол арасы бізге беймәлім. Қасында қырық жігіті бар, тасты тесіп бұрқырап қайнап жатқан әлгі бұлақтың басына келіп еру боп түсіпті. Ол заманда кәрі Қаратаудың күнгей бетінде батыстағы Сырдарияға бет алып жамырап ағатын тау өзендері сарқылмаған. Қолдың саласындай адыр арасы киіздей шалғын, бөріктей шошайған шоқ-шоқ тал болған деседі. Бұл күндегі жылтыраған бұлақ басындағы ұйысқан шамалы тал сол ну жыныс тоғайдың жұқанасы бәлкім. Ой-хо-о-й, дүние шіркін! Сонымен қасында үзеңгілес қырық сарбазы бар Тоқтамыс әлде оқыс бір дүмпуден от басқандай шошынып қашып келе ме… әлде жер түбіндегі ордасына суыт жол алды ма… ол арасы бізге беймәлім… Әлгі шырайы ашық бұрқырап қайнап жатқан бұлақ басына түнепті. Жолдан қажып шаршап келген бейбақтар ер жастанып, тоқым төсеп, шырадай жанған сан миллион жұлдыз астында көсіліп жата-жата кетіседі. Ұйқы ұйығына шым батады.

… Солай шығар. Ұзын сөздің қысқасы шырт ұйқыда жатқан қолдың шеті қыбырлайды. Екі-үш сарбаз іштерінде жансыз екен. Сайланып жатқан жалмауыздар жатқан жерінен мысықша басып түрегеліп, шырт ұйқыда жатқан хан иемнің басын алады… шалажансар біреуі: «Тоқтамыс қолы едік» дейді».

Хикаяның баяндалған оқиғасынан жазушының да, оның әкесінің де Тоқтамыс өліміне қатысты жайттардан хабарсыздығы аңғарылады. Ол солай болуға тиіс те, өйткені ол уақытта тарихи жәдігерлер туралы зерттеулер жоқтың қасы болатын. Д.Досжанов сол әңгімені естіген соң қабір басына барып, бұлақ суынан дәм татып, төңіректі шолып қайтады. Егер жазушы тірі болғанда, хан Тоқтамыстың қабіріне таласушы есер-әңгүдіктердің бассыздықтарын тойтаруға өзі бас болып шығатыны күмәнсіз болар еді.

Жазушы Д.Досжановтың әкесінің айтқан мәліметі бізге ерте кезде айтылуымен құнды. Сондай-ақ ол кісі орта ғасырларда Қаратаудың күнгей беті өзен-көл, орман-тоғай, бұлақтарға толы болғанын да баяндаған. Яғни, қашқындардың көзге түсуінен сақтайтын өлке болғаны да маңызды. Хикаяда сол 1973 жылы зиратта ескі кесене қалдығы да болғанын мәлімдейді. Бұларға қоса жазушының әкесінің «Тоқтамыс хан, хан ием» дегені де зираттың Тоқтамыс хандыкі екенін, ол көне заманнан осылай айтылып келе жатқанын дәлелдейді. Археологиялық зерттеу жүргізілсе, ханның денесі бассыз болып анықталса да, зираттың Тоқтамыс ханға қатысты екені айғақталар еді.

Жұрт аузындағы Тоқтамыс тауына қатысты аңызда былай делінеді: «Тоқтамыс 40 шақты адамымен аталмыш бұлақтың жағасында демалады. Іштерінде екі-үш сарбазы жансыз болып шығып, Тоқтамыс пен ұйқыда жатқан жолдастарын шетінен бауыздап қырып салады. Ертеңіне азанда сол елдің дихандары осы жағдайдың үстінен түсіп, ішіндегі шалажансар бірінен «Тоқтамыстың қолы едік» дегенді ғана ұғып, бәрін жерлепті. Содан бастап ол жер «Тоқтамыс» деп аталыпты». «Едіге» жырында да Едігенің ұлы Нұрадын (Нұралын) Тоқтамысты қуып барып, оны Көкүлдінің көлінде өлтірген кезде, ханның бір нөкерінің бәйтерек түбінде ұйықтап жатқаны баяндалады. Қадырғали Жалайыри өзінің «Жамиғат тауарихында» Тоқтамыстың қашып жүрген кезінде қарауылға қойған Ятым, Тобал, Қарақожа деген батырларын Нұрадынның қапысын тауып өлтіргенін аса мән бере әңгімелейді. «Хан нөкерлерімен бейқам еді, олар-дағы опат болды» [13] дейді ұлық тарихшы.

Міне, көрдіңіз бе, аңыз бен тарихи деректің, онда да оқиға деталінің мұндай сәйкестігі көп кездесе бермейді. Бұл оқиғаға қатысты аңыздау мен заттық деректердің де сәйкестігі бар. Едіге туралы тағы бір аңыздауда Тоқтамыстың Көкүлді көлінде қарауыл қарайтын мұнара салдырғаны айтылатын. Аталмыш Тоқтамыс тауындағы көлдің де құбыла жағында әлдебір ғимараттың, яки мұнараның қирандысы бар. Осы орайда бұл ескерткішті мемлекет қарауына алып, қазба жұмыстарын жүргізуі керектігі күн тәртібінде әлдеқашан тұр. Осы маңда «Хан қазынасы», «Хан шатыры» деген жерлердің болуы да, мұндағы зираттың хан Тоқтамыстыкі екеніне деген сенімді күшейтеді. Тоқтамыс тауына қатысты тағы бір аңызда, мұнда ханның денесі ғана жатыр, ал басы басқа жақта делінеді. «Едігенің» Шоқан нұсқасында Нұрадынның Тоқтамыстың басын қанжығаға байлап алып кеткені сөз болады. Тарихи деректердің бірінде Тоқтамыстың Сібірде опат болғаны айтылып, қабірі Ұлытауда делінеді, бұл туралы Б.Қорғанбеков [10] дәлелді пікір білдірген. Ақ Орданың астанасы Сығанақ қаласы болып тұрған кезде Тоқтамыстың өзі бұл жерге түрлі мақсатпен талай рет келген. Өміріне қауіп төнген шақта ол мұнда қолдаушы іздеп келуі де ықтимал.

Тоқтамыстың қайтыс болған Қыраш ауылындағы қабірі көне Сығанақтың қасында. Бұл жерге сол заманда Сырдариядан арық тартылып су жеткізілген. Ол арық тартылған тұс та, аймақ та Төменарық аталған. Бұл атау Сібір жеріндегі Төмен аймағының атауымен сәйкес келуі тың ойларға жетелейді. Кім біледі Сібірдегі аймақтың да Төмен аталуы атақты хан Тоқтамыстың қабіріне қатысты туындауы да ықтимал.

Тоқтамыс ханның тарихына қатысты алғашқы мәлімет жоғарыда айтылған жазушы Д.Досжанның деректі хикаяты ғана еді. Одан басқа қыруар дереккөздердің зерттеліп табылуына шебер Сайын Назарбекұлының атаусыз, қайда өлгені мәлімсіз батыр бабасының моласын іздеп Ұлытаудағы Тоқтамысты, сондай-ақ Жаңақорғандағы Тоқтамыс ханның қабірін бірінен-кейін бірін иемденіп жүрген аты шулы кесене салғыштығы мәжбүрлегені рас. Тоқтамыс моласы қайда бар деп құлағын түріп жүрген С.Назарбекұлы Жаңақорғандағы қоңыраттың Жәни руының пайдакүнем кісілерімен ауыз жаласып, шамамен 2012 жылдардан бастап Тоқтамыс ханның моласына өз бабасына арнап кесене салуды бастаған. Ол бұл туралы ешқандай дабыра салмай, у-шусыз салып алып, біртіндеп басы бүтін иемденуді ойлаған сияқты. Соған қарағанда ол «Қабір Тоқтамыс ханға тиесілі» деген деректі аңызбен де таныс болғандай сезіледі. Осылайша С.Назарбекұлы «бабасының кесенесін» салып бітірді. Ол кесенеге біз 2015-жылдың 22-қарашасында барып көрдік, фотоға түсірдік.

Сол жердегі «Тоқтамыс» шаруа қожалығының иесі Итаяқов Жалбызбаймен және сол шаруа қожалығының мал дәрігері Бимбетов Нұрланмен жолығып әңгімелестік. Сол әңгіменің бірінде Бимбетов Нұрлан аталмыш қабірде бассыз адам жатқаны туралы деректер ерте кезден айтылатыны туралы мәліметті нақтылап дәйектеді.

Жоғарыда айтылған бұлжытпас дәлел-деректерден басқа «Тоқтамыс тауындағы» қабірде Алтын Орда ханы Тоқтамыс ханның денесі жатқанын мүлтіксіз дәлелдейтін айғақ бар. Хижраның 1006 жылы, григорианша 1598 жылы шайбани Әбілғазы Абдулла хан, бахадур сұлтанның жарлығымен бұйрық-хат жазылған. Онда «Тоқтамыс бұлағы» Сығанақ қаласына тиесілігін нақты көрсеткен. Қазіргі «Қыраш» ауылының аты сол замандағы «Қыраш» өзенінің атына қатысты қойылғаны жарлықтағы мәліметпен айқындалады. Енді сол тарихи құжаттан үзінді келтірейік: «На основании этого мы в настоящее, [уже] указанное, время повелели: «Источник Токтамыш, и источник Хараш, и канал Калта-Джалгийа, и канал Кызыл-Тал, и канал Арсланди, и канал Джулак, и канал Минг-Булаг, за исключением источника Хисарчук, являются мульком жителей Сыгнака, так как упомянутый Хисарчук был обращен в вакф отмеченного милостью [Аллаха] мазара Хазрата Аллама Абу-л-Хасан Зийа ад-Дин-шайха Сыгнаки…» [14]. Мұндағы келтірілген ХVІ ғасырдағы бұлтартпас дерек қабірдің Тоқтамыс ханға тиесілі екендігін айқын дәлелдейді. Өйткені С.Назарбекұлы бабасының ХVІІІ ғасырда, яғни, 1680 жылы туып, 1743 жылы өлгендігін өзі салған кесенеге қашап жазып қойған. Құжаттық деректегі Хараш – Қыраш, Калта-Джалгийа – Келте Шалқия, Джулак – Жөлек тәрізді өзен атаулары қазір де Тоқтамыс бұлағының маңындағы жер атаулары ретінде қолданылып келеді.

Жоғарыда аталған құжаттық дәлелді деректер Тоқтамыс ханның Жаңақорған ауданындағы өзінің астанасы болған көне Сығанақ қаласының жанында мәңгі тыныстап жатқанын айдай айқын дәлелдейді.

Орынбай БЕКЖАН, 
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Түркология ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты