Жапония көлік министрлігі сәрсенбі күні Токиодағы такси жүргізушілеріне маска тақпаған жолаушыларды көлігіне мінгізбеуге рұқсат берді, деп хабарлайды KYODO NEWS агенттігі.
Жаңа Коронавирустың тарап кетпеуі үшін бұл дәлелді себеп деп есептелді.
Токионың такси парктері министрліктен ереженің бір бөлігіне өзгеріс енгізуді сұрады. Себебі кейбір мас жолаушылар маска тақпайды әрі даудырлап сөйлеп мазаны алады. Сондай-ақ такси жүргізушілерінің вирусты жұқтыру алу қаупін жоғарылатады.
Министрліктегілердің мәлімдеуінше, ереже жүргізушілер ғана емес, таксиге мінетін өзге жолаушылардың қауіпсіздігі үшін де қабылданды.
Сәрсенбі күні Токиода 122 вирус жұқтыру оқиғасы тіркеліп, астанадағы жалпы инфекцияға шалдыққандар саны 31 624-ке жетті. Бұл Жапонияның 47 префектурасының ішіндегі ең жоғары көрсеткіш.