30 мау, 2021 сағат 22:12

Токиода COVID-19 жұқтырудың соңғы айдағы рекордтық жағдайы тіркелді


Сәрсенбі күні Токионың астаналық үкіметі 714 жаңа коронавирус жұқтыру оқиғасы туралы мәлімдеді. Бұл көрсеткіш індетке шалдыққандардың күрт өскенін көрсетеді, деп хабарлайды Киодо агенттігі.

Токиода инфекция жұқтырудың жеті күнгі ортақ тәуліктік көрсеткіші 508,4 болып отыр. Бұл үкіметтің шкаласы бойынша төртінші – ең нашар деңгей. Аурудың қайта өршуі премьер-министр Ёсихидэ Суганың Токиода Олимпиадаға бір айдан аз уақыт қалған кезде тағы бір төтенше жағдай енгізуі мүмкін деген қорқыныш тудырды. 

«Біз ахуалы мұқият бақылап отырамыз және уақытында керекті шараларды қолданамыз», - деді Суга сәрсенбі күні COVID-19 бойынша министрлік отырысында.

Денсаулық сақтау министрлігінің сараптамалық топтарының бөлек отырысында Ұлттық жұқпалы аурулар институтының бағалауынша, алғаш рет Үндістанда анықталған коронавирустың Дельта нұсқасы маусымның соңындағы Токиодағы және көрші префектуралардағы жұқтыру оқиғаларының 30 пайызының себебі болған. 

Институт бұл көрсеткіштің 23 шілдеде болатын Олимпиада ойындарының ашылуының алдында 50 пайызға жетуі мүмкін деп ескертті. 

Денсаулық сақтау, еңбек және әлеуметтік қамтамасыз ету министрі Норихиса Тамура астанылық ауруханалардағы төсек орын тапшылығын қалай шешуге болатынын талқылауға шақырды.

Токиода маусым айында коронавирустың 12 979 жаңа оқиғасы тіркелді.

Айта кетсек, Олимпиада ойындары 2020 жылдың 24 шілдесі мен 9 тамызы аралығында өтуі тиіс еді. Алайда пандемия салдарынан уақыты бір жылға шегеріліп, осы жылдың 23 шілдесі мен 8 тамызы аралығында өтетін болды.